Парламенттің қазіргі шақырылымы таратылмайды – Әділет вице-министрі

Парламенттің қазіргі шақырылымы таратылмайды – Әділет вице-министрі

ҚР Парламенті палаталарын құрудың референдум арқылы мақұлданған жаңа ережесі сегізінші шақырылымның Мәжіліс депуттаттарын сайлаудан бастап қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«ҚР Парламент палаталарын құрудың жаңа тәртібін айқындайтын нормалар сегізінші шақырылымның Мәжіліс депуттаттарын сайлаудан бастап қолданылады», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, ол жетінші шақырылым депутаттары әзірге таратылмайтынын түсіндірді.

«БАҚ өкілдері қазір бізге «Конституциялық реформалардан кейін жетінші шақырылым таратыла ма? « деген сияқты сұрақтар қойып жатыр. Қазір жетінші шақырылым жұмыс істеп жатыр. Олар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының аяғына дейін өз қызметін жалғастырады. Қазір жетінші шақырылымды тарату туралы мәселе қойылып отырған жоқ», - деді Алма Мұқанова.

Айта кетейік, 7 маусымда Орталық референдум комиссиясы Конституцияға ұсынылған өзгерістер қабылданғанын мәлімдеген еді.