Сейітқазы Матаевқа «Алма-Ата» атауы не үшін қажет болды?

 Құлдық психологиядан арылудың орнына,  отарлық езгіден қалған құлдығымызды үнемі еске салып тұратын атауға қазақ саясаткерлері неге жармасып қалғанын түсіне алмай дал болдық.

«Алматы» атауын «Алма-Атаға» ауыстыруды көздейтіндердің қарасы жыл өткен сайын көбейіп отыр. Әуелі бұл даудың көрігін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып тұрған кезінде Серік Сейдуманов қыздырған еді. Бұған қазақтілді публика өре түрегеле қарсы тұрып, Серік Сейдумановтың бұл мәселеге қайта айналып соғуына мүмкіндік бермеді. Алайда қазақы болмысқа қарсы шығып, ұлттық құндылықтарымызды отарлық езгідегі атаумен қайта атап, құлдықта болған заманымызды аңсаған шенеуніктің биліктегі ғұмыры осымен аяқталатын шығар деген болжамымыз жоққа шықты. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінде босаған орынға жайғасып, халық қалаулысы атанып кете барды. Былтыр жазда Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ономастика туралы» Заң жобасын Парламент Мәжілісіне тапсырғанда барлық ақпарат құралдары бұған дейін отаршылдықтың таңбасындай жат атаулардың өзгеруіне мұрындық болады деп бөріктерін аспанға атқан еді. Көп өтпей, баспасөз-мәслихатын өткізген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов егер «Ономастика туралы» заң қабылданса, Алматы атауы Алма-Ата атануы мүмкіндігін, тіпті Сейдуманов мырза бұл өзгерту ономастикалық заң қабылданғанға дейін қолға алынуы мүмкін екендігін айтып салған еді. «Алматы қайта Алма-Ата болуы мүмкін. Әкім мен менің көзқарасымыз бойынша Алма-Ата жазылуы да, дыбыс­талуы да жағымды. Конституцияны қазақ және орыс нұсқасын жасағанда ешкімнің пікірімен санаспай, «Алматы» деп жазған болатын, - деген-ді Серік Тұрарұлы. Содан кейін Алматыға кезекті сапармен келген Олжас Сүлейменов те осы пікірге қосылатынын айтқан болатын «ЭкспрессК» газетіне берген «Истинная культура нации зиждется на благородном сочетании Знания и Веры» (№ 128 (17486) от 17.07.2012) атты сұхбатында: «Қазақ ақпарат құралдарында көне қазақ атауы - Алматыны қолданған ләзім. Ол жалпы түркі тілінде «Алмалы» деген мағынаны береді. Яғни, «алмаға бай мекен» деген ұғымды білдіреді. Верный бекінісі салынған елді мекеннің жанындағы ауыл солай аталды. Революциядан кейін қазақ атауы қайтарылды. Алайда, қалада Алматы сөзін ілік септігінде тұрғандай қабылдайтын орыстілді тұрғындардың көбеюіне орай, атау септікті Алма-Ата атауы пайда болды», - деген ол. Енді міне бұған дейін, ұлттық құндылықтардың төрге озуын үнемі қолдап жүретін, Ресейден келіп, аз ғана жылдың ішінде қазақша үйреніп, қазақтілді журналистерге қазақ тілінде жауап беруге жарап қалған, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, ҚазТАГ-тың президенті Сейітқазы Матаев аяқастынан «Алматы» атауын, «Алма-Атаға» ауыс­тыруды қалайтындығын мәлім етті. Матаев мырза келмеске кеткен Кеңестік дәуірдегі отаршылдардың өктем атауын неге жақсы көріп қалды?! Әлде бұның артында саясаттың салқыны жатыр ма? Біз Кедендік одақ пен Еуразиялық одақтың тәуелсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкіндігін жиі айтамыз. Алайда ресми билік өкілдері бұл тек экономикалық одақ екендігін талмай қайталауда. Егер, Сейітқазы Матаев мырза Алматыны Алма-Атаға өзгерту жайлы нұсқауды жоғарыдан алған болса, бұл да жаңағы одақтардың бізге тигізіп отырған салқыны деп түсінбестен басқа амал қалмайды екен. Өзге емес, Журналистер одағы секілді идеологияның қайнап жатқан ортасынан мұндай мәлімдемелердің айтылуы қазақтілді белсенді топтардың тағы да қарсылығына ұшырауда. Фейсбук әлеуметтік желісінде бұған табанды қарсылық көрсетуші жастар «Алматы» атауының сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде орыс тарихшылары мойындағандығын нақты дәйектер арқылы дәлелдеп отыр. Сейітқазы Матаев өз дәлелдерін былай келтіреді: - Қалаға бұрынғы атауын қайтару бұған дейін де сөз болған. Менің бұл жолғы қадамым фактологиялық материалдарға негізделген. Жақында белгілі болғанындай, Алма-Атаны Алматыға ауыстыру жайлы заңдық құжаттың болмаған екені. Мен оны Әділет органдарынан да, қалалық мұрағаттан да таппадым. Бұл ұсыныс қалалық мәслихатта талқыланбаған және депутаттар ол атауды өзгерту туралы дауыс та бермеген. Бұндай шешімдер тек депутаттардың дауыс беруімен шешілуі тиіс, - дейді ол. Осыдан бірнеше жыл бұрын нақтырақ айтсақ, 2004 жылдың 18 қазанында Алматы қалалық, Медеу аудандық соты белгілі журналист Мақсұт Оразайдың «Аргументы и факты. Казахстан» газетіне қарсы жазған шағымын қанағаттандырып, «Алматы» атауын орысша «Алма-Ата» деп жазғандарға қатаң ескерту жасаған еді. Медеу аудандық сотының судьясы Қ.Сырлыбаев сонда «Алма-Ата атауы енді жоқ» деп кесіп айтқан болатын. «Алма-Ата» деген топонимикалық атау 2004 жылдан бері емес, 1993 жылдан жоқ. Өйткені, 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылдың 15-інші қыркүйегіндегі «Қазақстан Республикасының астанасы» туралы Жарлығында Алматы қаласының атауы орыс, қазақ тілдерінде «Алматы» деп жазылсын делінеді. Тарихи деректерді ақтарсақ, «Алма-Ата» атауы 1921 жылдан пайда болған. Сол жылы 5 ақпанда Ташкенттен Түркістан АССР-ының Орталық атқару комитетінің президиум жиналысына жиналған орыстілді партия қызметкерлері Верный атауын бірден «Алма-Ата» деп атау жайлы шешім қабылдайды. Түркістан Орталық атқару комитетінің Президиум жиналысында қабылданған резолюция бойынша, Верный қаласының жаңа атауы - Алма-Ата болып қабылданады. Түркістан орталық атқару комитетінің Облыстық ревком мүшесі А. Лепа: «Верный қаласын қала орналасқан елді мекеннің атауымен «Алма-Ата» деп өзгертіп, Жетісу үшін тарихи атауын қайтару керек», - деген екен. Әрине, большевиктер Ресей импе­риясының күшпен таңған атауы - Верныйды өзгерту арқылы, тарихи атауын қайтаруға күш салғаны көңіл қуантады. Бірақ, ғасырлар бойы аталып келген Алматы емес, Алма-Ата болуы қалай? Осы тарихи жиынға қатысқан қазақ большевиктер Жандосов, Атабаев, Бәрібаев, Асфендияров, Сыдықов т.б. қаланың тарихи атауы - Алматыны қайтару туралы мәселе көтереді. Алайда, Ташкенттен келген орыс большевиктер - Бурнашев, Лепа, Позднышев, Субботин, т.б. ол ұсынысты қабылдамады. Совет одағы кезінде 1941-1993 жылға дейін қазақ тілінде Алматы, орыс тілінде Алма-Ата атауы қатар қолданылып келді. Содан болар, күні бүгінге дейін Алматы сөзінің орысшасы «Алма-Ата» деген жалған түсінік қалыптасып келді. Негізінде бұл екеуі де қазақтың екі түрлі мағына беретін атауы екендігін лингвис­тер дәлелдеуде. Қазақстанда «Алма-Ата» атауын пайдаланатын кейбір орыстілді әріптестеріміз Ресей Ұлттық академиясы мен Ресей Федерациясы Президент әкімшілігінің 1995 жылдың 17 тамызындағы №1495 Өкімімен орыс тілінде «Алма-Ата» деп жазу туралы құжатты көлденең тартып келеді. Алайда, Ресей Федеральдық үкіметі контрагент, яғни қарсы жақ, Қазақстан тарапы оны қалай жазуды талап етсе, солай жазуға болады деген де шешім қабылдаған. Алма-Ата атауының өзіне жақын екенін және қалаға осы атауды қайтарғанын қалайтынын, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева да бірнеше рет қайталаған еді. Қалай дегенмен де, құлдық психологиядан арылудың орнына, өзіміздің төл атауларымызды қайтарып алудың орнына, отарлық езгіден қалған құлдығымызды үнемі еске салып тұратын атауға қазақ саясаткерлері неге жармасып қалғанын түсіне алмай дал болдық.

Есенгүл Кәпқызы

"Түркістан" газеті

www.qazaquni.kz

*Тақырып өзгертілді