Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдады

Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі өтуде, - деп хабарлайды "Қазақ үні".

Бұған дейін хабарланғандай онлайн форматта өтетін іс-шараға еліміздің әр өңірінен 399 делегат қатысуда. 

Айта кетейік, кеше партияның саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда арнаулы қаулымен съезд күнтәртібі бекітілген еді. Күнтәртібіне сәйкес, партияның саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және «Nur Otan» партиясын модернизациялау мәселелері қаралуда.

Жиын барысында Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдады.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс екенін айтты.

«Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл өте ауқымды міндет. Тіпті, болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде.