ЕО ресейлік ұшақтарға әуе кеңістігін жауып, Украинаға қару-жарақ жеткізуге рұқсат берді

ЕО ресейлік ұшақтарға әуе кеңістігін жауып, Украинаға қару-жарақ жеткізуге рұқсат берді

комиссия«Тағы бір тыйым салынды»: Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель ЕО-ның Украинаға қару-жарақ жеткізуді бастау туралы шешімін осылай түсіндірді. Сонымен бірге, Еуропалық Одақ ресейлік ұшақтардың, соның ішінде бизнесмендер мен олигархтардың жеке көліктерінің ұшуына толық тыйым салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен бұдан бұрын Euronews телеарнасына берген сұхбатында: «Еуропалық Одақ тарихта алғаш рет шабуылға ұшыраған елге қару-жарақ пен басқа да жабдықтарды сатып алуды және жеткізуді қаржыландырады», - деген еді. Еурокомиссияның мәліметі бойынша, әңгіме қару-жараққа 450 миллион еуро және тағы 50 миллион еуроны медициналық құрал-жабдықтар сияқты басқа да жабдықтау түрлеріне жұмсау жоспары туралы болып отыр.

«Біз Еуроодақтың әуе кеңістігін Ресейге жауып жатырмыз. Біз Ресейге тиесілі, Ресейде тіркелген, Ресей бақылауындағы барлық ұшақтарға тыйым салып жатырмыз. Олар енді Еуроодақтың әуе кеңістігі арқылы қонып, ұша алмайды», - деді Еурокомиссия төрағасы.

ЕО сондай-ақ ресейлік RT және Sputnik телеарналарының хабар таратуына тыйым салады және бұл олардың еншілес компанияларына да қатысты. Санкциялардың бөлек пакеті Александр Лукашенко үкіметіне қарсы.

Еске салайық, 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донбасс республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдағанын айтқан. Ол Мәскеудің жоспарларында Украина аумақтарын оккупациялау жоқ екенін, мақсат елді демилитаризациялау және деназияландыру екенін атап өтті.

Украина әскери жағдай жариялап, Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасын үзді. Украина президенті жалпы жұмылдыру туралы жарлыққа қол қойды.

Бұған дейін Еуроодақ Украинадағы әскери операцияға байланысты Ресей президенті Владимир Путинді, премьер-министр Михаил Мишустинді, сыртқы істер министрі Сергей Лавровты, РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевті, ішкі істер министрі Владимир Колокольцевті «қара тізімге» енгізген болатын.