СІМ Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарарын біржақты деп санайды

СІМ Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарарын біржақты деп санайды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді. 

«Елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз. Қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық Парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпараттар мен түсіндірулер сұрамағанын атап өтеміз» делінген хабарламада. 

Ведомство мәлімдемесіне сенсек, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін айтқан. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен нақты емес тұстар бар екені туралы бұрын айтылған ұстанымы еленбеген. 

«Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді. Еліміз сондай-ақ халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасы Еуропалық одақтың барлық институттарымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде өзара сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі. Еуропалық Парламенттің аталған қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ҚР Президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді» деді СІМ мәлімдемесінде. 

Еске сала кетейік, кеше Францияның Страсбург қаласында Еуропа Парламентінің биылғы алғашқы пленарлық отырысы өтіп, онда Қазақстандағы қаңтар оқиғалары талқыланды. Жиыннан кейін арнайы қарар қабылданды.