Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы қызметінен кетті
2022 ж. 17 қаңтар
1210
1
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында палата сайтында жарияланған президиум төрағасының арнайы үндеуінен белгілі болды.
«Құрметті әріптестер!
Бүгіннен бастап мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы ретіндегі өкілетімді доғаруды ұйғардым.
Съез делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды», - делінген үндеуде.
Сондай-ақ, ол осы уақыт аралығында бірлесіп жұмыс істеген ұжымға, «Атамекен» сапында еңбек етіп жүрген қатардағы сарапшыларға да, аудандық деңгейдегі филиал басшыларына алғыс білдірген.
Тимур Құлыбаев «Атамекен» палатасының алдағы жұмысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында нұсқаған бастамалары басым бағытқа айналатынын айтқан.
«Мемлекет басшысы өз сөзінде «Атамекен» мен бизнес-қоғамдастық үшін басым бағыттарды белгіледі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу, импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және т. б. бойынша кешенді шараларды іске асыру қажет.
Мемлекет басшысының осы тапсырмаларының барлығы ҰКП-ның сөзсіз басымдығында болады», - дейді экс-төраға.
«Атамекен» ұжымының басым мақсаты - әрдайым бизнестің құқығын қорғау болғанын айтқан Тимур Құлыбаев өзі басшылық еткен кезеңде палатаның Жоғарғы сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органымен жұмысы жолға қойылды деп есептейтінін жеткізген.
«Бүкіл өңірлерде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істеп тұр. 8 жыл ішінде палатаға 41 мың өтініш келіп түсті, олардың 40%-ы оң шешімін тапты.
«Атамекен» палатасының бастамасымен бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Заңнамалық түзетулердің 8 пакеті қабылданды. Экономикалық қылмыстарды криминалсыздандыру жүргізілді.
Экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 5 есе қысқарды. Қылмыстық кодекстен «жалған кәсіпкерлік» бабы алынып тасталды. Рұқсаттар, хабарламалар мен лицензиялар саны 4 есе қысқарды. Бақылау-қадағалау жүйесіне реформа жүргізіліп, 17 мың немесе талаптардың 58%-ы алынып тасталды», - деп еске алды Тимур Құлыбаев.
Үндеуде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы 2024 жылға толық цирфландырылатыны айтылған.
«Біз «Бастау» жобасын шағын несиелеумен байланыстырып іске қостық. Мыңдаған жұмыссыздар, әсіресе, ауылдарда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Қазірдің өзінде 180 мыңнан астам адам оқып шықты. 60 мыңнан астам жоба іске қосылып, 70 мың жұмыс орны ашылды.
Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Ол пәнді 250 мыңнан астам жасөспірім оқып жатыр. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың аз ғана бөлігі. Бірақ алда жаңа үлкен міндеттер мен сын-қатерлер тұр», - делінген үндеуде.