Азат Перуашев: Ауыл әкімдерін сайлау - жүйелік революция
2021 ж. 31 желтоқсан
1659
0
"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ауыл әкімдерін сайлау бойынша өзекті сұрақтарға жауап берді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Өтіп бара жатқан жыл бірқатар маңызды саяси реформаларға толы болды. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені либерализациялау, демократизациялау бойынша шараларды рет-ретімен жүзеге асырып келе жатқанын атап өту керек. Биыл өткен Парламент сайлуы да соған дәлел. Бұған дейін альтернативті партиялардың дауыс жинауына екіұдай көзқарас болса, биылғы жылы дауыстарды есептеу, сайлау компаниясының өзі әлдеқайда тартысты өтті. "Ақ жол" партиясы Мәжілістегі 12 мандатқа ие болды. Сондықтан, бұл тәжірибе ашықтыққа негізделгенін көріп отырмыз, - деді Азат Перуашев.
Депутат, сондай-ақ, Мемлекет басшысының партиялар үшін Парламентке өтудің қажетті жеткізіліктік пайызын 7-ден 5-ке дейін төменду, ауыл әкімдерін сайлау секілді бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
- Алғаш рет өткен ауыл әкімдерін сайлау - кішігірім болса да, жүйелік революция деп айтуға болады. Ауыл әкімдерін сайлау бұған барынша тыныш өтті. Алайда, кандидаттарды ұсыну барысында бірқатар қарсылықтарға тап болғанымызды ашық айту керек. Президент тапсырмасы бойынша ауыл әкімдерін сайлау туралы заң енгізілген кезде, бізге заң жобасын әзірлеуші Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі жоқ кандидаттарға қатысты шектеулер алынып тасталынатынын Парламент мінберінен айтты. Дегенмен, "Ақ жол" партиясынан ауыл әкімдері сайлауына 138 кандидат ұсынылған болатын. Бұл негізінен кәсіпкерлер, жүздеген, тіпті, мыңдаған адамы бар ұжымды басқарып, бюджетпен қалай жұмыс істеуді білетін, қоғаммен кері байланысты ұйымдастыра алатын адамдар. Бірақ, мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі болмағасын 81 үміткер сайлауға түсе алмады. Біз ОСК-ға бұл туралы арыз жазып, қызық жауап алдық. ОСК бұл Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығына сәйкес жүзеге асырылған деп жауап берді. Яғни, бұйрық заңнан да жоғары болып шықты. Алайда, өзге партиялардан мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі болмаған кандидаттар сайлауда өтіп жатты. Яғни, бұл біздің партияға қатысты ғана қолдан жасаған кедергі болған сияқты, - деді Мәжіліс депутаты.
Азат Тұрлыбекұлы "Ақ жол" партиясы "Сайлау және саяси партиялар туралы заңға" 60 жуық түзетулер ұсынғанын айтты. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары мандаттарын бөлуде жастар, әйелдер мен мүмкіндіктері шектеулі жандарға қатысты квота енгізу мәселесі де бар.
- Биылғы жылы Европарламентте сайлауда әйелдерге қатысты квота енгізу ұсынысы айтылғанда, Европаламенттің әйел депутаттары өре түрегелді. Олар бұны сексизм және дискриминация деп санап, әйелдерді көркі үшін емес, біліктілігіне қарап сайлау керектігін айтқан болатын. Ал, жалпы "Ақ жол" партиясында квотаға қатысты ешқандай проблема жоқ. Мысалы, 2012, 2016 жылдардағы шақырылымдарда бізде әйелдер саны тізімде ғана емес, депутаттардың арасында да 40 пайызды құраған болатын. Ешқандай квотасыз. Және біз әйелдер мен жастар болу керек деген критерийлер қоймадық, біздің басты талап үміткерлердің біліктілігінде болды. Сондықтан, біз ең алдымен үміткерлердің білім-біліктілігіне назар аударуымыз керек, - деді Азат Перуашев.
Мәжіліс депутаты ауыл әкімдеріне үміткерлер сол ауылдың тұрғыны болуы да маңызды екенін алға тартты. Оның сөзінше, бүгінде халық тарапынан осы мәселеге көптеген сындар айтылып жатыр.
- Көптеген әкімдер сол ауылда тұрмайды. Олар қалаларда тұрады. Дүйсенбіде келіп, жұма күні түстен кейін қайтып кетеді. Ал, сол әкімдердің өзі сайланған ауылында тұруы маңызды. Ол сол жерлік халықпен бірге тұрып, бір суды ішіп, бір интернетті бірге қолданып, сол елді-мекеннің ішкі проблемасын бес саусақтай білуі қажет, - деген "Ақ жол" партиясының төрағасы сайлауға видеобақылау орнату тақырыбын да көтерді.
- Сайлау процессін видеобақылауға алу туралы түзетуді ұсынғанбыз. Оған ғаламторда ашық қолжетімділік болса тіпті жақсы. Кез-келген адамға сайлаудың қалай жүріп жатқанын, дауыс беру мен бюллетень санаудың процессін онлайн бақылауға мүмкіндік бергеніміз жөн. Сайлау бақылаушылары видеоға түсіру құзіретіне ие болғаны абзал. Мысалы, соңғы сайлау барысында сайлау учаскелері дезинфекциялануға жабылып жатты. Әрине, пандемия кезінде бұл дұрыс шығар. Дегенмен, осы уақыт аралығында сайлау жәшіктері бақылаусыз қалып жатты. Видеобақылау алдымен ашықтықтың кепілі. Орталық сайлау комиссиясы бұл адамдардың жеке мәліметтерінің жариялануына алып келеді деп жауап берді бізге. Алайда, біз бұл норма сайлау барысында дауыстарды дұрыс санамау, бұрмалау фактілері секілді заңбұзушылықтардың алдын алуға түрткі болады деп есептейміз. Кімнің қалай дауыс бергенін, әрине, ешкім аша алмайды. Бұл жерде бір адам бірнеше учаскіде дауыс берсе немесе қолына бір бума бюллетень ұстаса, ондай фактілерді әшкерелеуге видеобақылау мүмкіндік береді. Әрбір учаскедегі бейнебақылаулар Орталық сайлау комиссиясының бір сервисінде сақталып, керек кезде, сайлау учаскелерінде дау туындаған жағдайда, дауыстарды қайта санау қажеттілігі туындағанда сол бейнебақылау арқылы анықтап, әділетті шешім қабылдауға болады. Заң бойынша, сайлау комиссиясы дауыстарды санаған кезде әрбір бюллетеньді бақылаушыларға көрсетіп, ондағы сайлаушының дауысы кімге берілгенін анықтар, сосын санау қажет. Сайлау комиссиясы әрбір бюллетеньді ашқанда видеокамерға көрсету керек. Осы бейнебақылау арқасында қажет жағдайда бюллетеньдерді қайта санауға болады. Қазіргі уақытта "Сайлау және саяси партиялар туралы заң" Мәжіліске жұмысқа қайта түсті, бұл бағытта нақты жұмыстар атқарып, өз ұсыныстарымызды қайтадан енгіземіз және де оларды тәжірибеміздегі нақты фактілермен дәлелдеп, қорғауға дайынбыз, - деді депутат.
Еске сала кетейік, биыл өткен ауыл әкімдерін сайлауда "Ақ жол" партиясы атынан 13 үміткер ауыл әкімі атанған болатын.