Тоқаев Лавровпен кездесті
2021 ж. 13 қазан
1791
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының алтыншы кеңесіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады.
Кездесу аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, атап айтқанда сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды.
Сонымен қатар өңірлік күн тәртібі, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бағытындағы халықаралық күшті жұмылдыру мәселелері сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапынан осы елге көрсетіліп отырған гуманитарлық көмек шаралары туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы қауіпсіздік, жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті қолдау мәселелерін шешудің ұжымдық тәсілдерін пысықтау үшін Кеңестің жұмысын ілгерілетудегі Ресейдің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.