МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?!. - 2
2021 ж. 02 қазан
3244
2
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СҰРАҚҚА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРУ КЕРЕК! - Нығматулин
Бұдан 20 жыл бұрынғы тілдің жайын жазған мақаламыз әлі күнге күшінде екен?!.
Кеше Мәжілісте тағы бір мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын министрге куә болдық. Ол Экология, геология және табиғи ресурстардың су жаңа министрі Серікғали Аманғалиұлы Брекешов.
Каспий теңізін ластанудан қорғауға қатысты заң жобасын талқылауда алдын ала жазылған депутаттар бірінен соң бірі министрге сұрақтарын қойып жатты. Басым бөлігі сұрақты қазақша қойды. Ал министр болса, алғашқы қазақша сұраққа “Рұқсат болса орыс тілінде жауап берейін” деп алды да, кейінгілерден рұқсат та сұрамай Ресей тілінде судыратып жауап беріп тұра берді мінбеде. Парламентте, Қазақ Парламенті мінбесінде емес, Ресей Думасында тұрғандай мемлекеттік тілді таптап, орысша зуылдата берді…
Жазылған сұрақ қоюшылардың ішінде бұл министрдің есіне мемлекеттік тілді салатын біреу бар ма екен, болмаса төтеннен өзіміз кірісейік деп зорға шыдап отырғанбыз. Мемлекеттік тілде сұрақ қойған депутаттардың ешқайсысы да өзге тілде жауап беріп жатқан министрге қарсылық танытпай жатқанда, Жанарбек Әшімжанов жарады. Ол сұрақ қойған соң алдын ала министрге: “Сізден өтініш, мемлекеттік тілде қойылған сұраққа мемлекеттік тілде жауап берсеңіз?”-дегенде ғана иығымыздан ауыр жүк түскендей болды.
Негізі “өтініш” демей, “талап етемін” деу керек еді депутат. Халық сайлаған депутаттың тағайындалған министрден халық тілегін талап етуге хақысы бар. Талап болғасын оны орындауға тырысады, ал өтінішті өзі біледі. Өзі де солай болды…
Біздің министріміз қазақ тілінде жауап бере алмайтынын қазақ тілінде қиналып тұрып айтты: “Мемлекеттік тілде өзімнің ойымды жеткізуге… Ол қазақ тілін білмегендік емес, мен өзімнің ойымды жеткізуге орыс тілінде жауап беруге рұқсат етіңіз”-деді су жаңа министр мойынына су кетіп.
Баяғыдан бері сабыр сақтап шыдап отырған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мінбедегі министрге бұрыла қадалып: “Сіз енді бірінші рет келіп тұрсыз бізге. Депутаттың қойған сұрағы күрделі мәселе. Сіз парламентке келіп отырсыз! Бұл мемлекеттік тіл! Қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап берілуі керек. Шетелде оқыдыңыз. Ағылшынша тілдерді білесіз. Туған елде жүргенде, білдей министрлік жұмыста жүргенде қазақ тілінде сөйлеу керек! Келістік пе?- деді министр. Сөйтіп, талай министрді тәубасына келтірген Мәжіліс төрағасы жаңа министрдіің де уәдесін алды.
Өткенде жазғанымдай, биыл 3 ақпанда «Мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын уақыт жетті» атты «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялайтын жалпы отырыста Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те депутаттардың қазақша сұрақтарына орысша жауап беріп жатқанда, депутат Берік Дүйсембиев ескерту жасап, мен сол кездегі депутаттық сауалыма қосып сынап, ақжолдықтардың аттанымен зорға тоқтатқан едік...
Біздің Үкімет мүшелері Парламентке келе жатқанда қай елдің Парламентіне келе жатқандарын біле ме екен?
Жазда Парламент Мәжілісінде өткен денсаулық саласын цифрландыру жайлы жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ж.Бүркітбаевқа сұрақ қойғанда айтып едім: “Мемлекеттік тілде жауап беруіңізді талап етемін. Өйткені, осында жасалған оншақты баяндаманың ешқайсысы да қазақша болған жоқ. Сіздердің министрліктің аты – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі. Келе жатқанда адреске қараған шығарсыздар, келіп отырған Парламент – Қазақстан Республикасының Парламенті. ”-деп.
Осы бізде үкіметке, министрліктерге қазақ тілін білмейтін қазақтарды таңдап алатын секілді. Шеттерінен шетел тілінде сөйлейді, өздерінің ана тілінде сөйлеуге сауаттары жетпейді.
Менің осыдан тура 20 жыл бұрынғы оқиғаға байланысты он жыл бұрын жазылған
“МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..”-деген мақалам бар. “Қазақ үні” сайтындағы “Ең көп оқылғандар” айдарында тұр - 351 мыңнан астам адам оқып, 300-дей пікір жазылған.
Онда былай жазылған: “Он бес жылда аю да қазақша үйреніп алар еді...”-деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Әлеуметтік лингвистика» ғылымының заңы бойынша тілді
үйренсем деген кез келген, тіпті нағыз топас адам, өзі сол ортада өмір сүрмесе де, 3 жылдың ішінде үйреніп алуға шамасы жетеді.Бұл ғылыми дәлелденген заңдылық.»-дейді саясаттанушы Дос Көшім.
Ал сонда 2001 жылы өзіміздің өз ана тілі мен мемлекеттік тілін білмейтін және білгісі келмей :«Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!» деп анау-мынау емес, парламенттің алдында мәлімдейтін министр Ерлан
Ыдырысовтарды қайтеміз? Онда олар екі есе “топас” болғаны ма? Осындай „топас” министрлерге, біздің парламент: „қазақ тіліне миың жетпесе, қалай қазақ министрі боласың, орныңды босат!?” деп айта алған жоқ. Өйткені, парламентте де өз ана тілі мен мемлекеттік тілін білмейтін топастар мен мемлекеттік тілі туралы заң қабылданып кетуіне қарсы Тасбайлар аз емес… Мысал керек пе, жетеді...”-деген едім.
Сол “мемлекеттік тілге миым жетпейді” деген Ыдырысов содан бері екі рет министр болды. Екінші рет Ұлыбританияда елші қазір. Мемлекетінің мемлекеттік тілін ешкім сұрамайтын жерде…
Сол мақаламызды одан әрі оқиық, қызық мәлімет бар екен:
“Былтыр, 2010 жылы Қазақстан Үкіметі 2020 жылы ғана, яғни Тіл туралы заң қабылданғанына 31 жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жылдай толған соң ғана қазақ тілінде сөйлейміз деп мәлімдеді!.. Ал ең топас адамның өзіне тіл үйренуге 3 жыл жетеді екен… Сонда біз он есе топаспыз ба?.. Сондықтан да мен былтыр үкімет осы мәлімдемені жасағанда: „Қожанасыр есегін де 30 жылдан соң сөйлетемін деп еді, біз сол Қожекеңнің кейіпкерінен де кейін болыппыз ғой… Бұл ЕҚЫҰ-ға төраға, 50 елге еніп келе жатқан елдің азаматтарын қорлау емес пе?”- деп жаздым… Ал жалпы әлемде мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді білмеуге құқы бар мемлекет бола ма?!. Біз байғұстардан басқа...”-деп жазыппын… Осыдан он жыл бұрын!,.
Сол 2001 жылғы мемлекеттік тілдің жағдайын жазған мақала әлі сол күйі күшінде екен! Ешнәрсе өзгермепті!
Ал қазір 2020 жылдан да асып кетті - 2021 жыл! Тәуелсіздікке 30 жыл! Қазақ үкіметі енді қашан қазақша сөйлемек?!.
Әлде, ана тілінде сөйлеуге сауаттары жетпейтін кілең топастарды байқау арқылы жинап алу жалғаса бере ме?
Мысалы, бір үміттенерлігі министр Брекешов кезіндегі “мемлекеттік тілге миым жетпейді” деген министр Ыдырысов секілді “қазақша сөйлемеймін” деп тұрған жоқ. Неге қазақша жауап бере алмайтынын қазақша қиналса да түсіндіріп тұр. Дауысының бояуы да қазақы. Тек бұрын-соңды бұл азаматтан министр болғанша, парламентке келгенше ешкім қазақ тілінде сөйлеуді талап етпеген. Өйткені, Мемлекеттік тіл туралы заң жоқ бізде.
Айтпақшы, бұл министр парламенттің жалпы отырысына бірінші рет қатысқанмен, бұның алдында Мәжілістің экология комитетіне келді ғой…. Министр болып тағайындаларда депутаттардың келісімін алуға. Сонда экология комитетінде оған бір ауыз қазақша сұрақ қойды ма екен біздің әріптестеріміз…
Бұл жоғарыда осыдан он жыл бұрын жазылған мақаламда келтіргендей, “Өйткені, парламентте де өз ана тілі мен мемлекеттік тілін білмейтін, мемлекеттік тілі туралы заң қабылданып кетуіне қарсылар аз емес” болып тұр ғой әлі күнге өкінішке орай…
Бірақ депутаттар министрді тағайындарда қазақша талап еткенмен, үкімет бізде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң жоқтығын алға тартып, Конституцияның 7-бабы, 2-тармағына сүйенеді.
Сондықтан да мен өткен аптада әдеттегідей кезекті рет бір вице-министр орыс тілінде сөйлегенде: “МЕН ПАРЛАМЕНТТЕ ТҮРІКШЕ СӨЙЛЕСЕМ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?”-деп жазғаным.
Қазір үкіметтің қазақша сөйлемегеніне “өздерің тағайындауға келісім бердіңдер” деп парламентті кінәлап жатқандар да бар. Олардың сөздерінің де жаны бар. Тіпті олардың ішінде 2019 жылы Ұлттық кеңестің бірінші отырысында мен
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың алдында Конституцияның 7-бабы, 2-тармағын алып тастап, мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігі туралы баяндамамда айтқанымда маған қарсы “қазақ тілінің қамқоршысы болып қапты” деп қарсы шыққандар да жүр… Енді өздерінің есебіне тура келгесін қазақ тіліне “қамқор бола қалыпты”.
Ал Мемлекеттік тіл туралы заң Тұжырымдамасы жобасы Премьер-Министр А.Маминнің тартпасында жатқанына бір жылдан асып кетті… Жоғалып кеткен бұл заң жобасына іздеу салып “Ақ жол” фракциясы Үкімет басшысына екі рет депутаттық сауал жолдады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы : “Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде ғана жүргізілуі тиіс!”-деп нақты тапсырма берді.
Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев 2020 жылы жазда: “Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында - анахронизмге айналуға тиіс”-деп атап айтты.
Сонда Елбасы мен Президенттің тапсырмалары қайда қалды?!,
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек», деп атап көрсетті.
Қазақ тілі Ұлтаралық қатынас тілі болмақ түгілі өзіміздің үкімет пен парламенттің тіліне айнала алмай жатқан жоқ па екі президент тапсырса да?!.
Бірақ, Тәуелсіздік алған он бес одақтас елдердің ішінде 30 жылдан бері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай келе жатқан жалғыз елден не сұрайсың?
Талай жазғанымыздай, «Ақ жол» партиясы фракциясы 2012 жылдан бері көтеріп келе жатқан, былтыр «Қазақ үні» ұлттық порталында Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хаттағы бір айда 126 мың адам талап етіп, қол қойған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай жағдай осылай күннен-күнге қиындай береді!?.
Енді 50 жыл өтсе де, көрген күніміз осы болады.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты