Бұрынғы Премьер-Министр Серік Ахметов бостандыққа шықты
2021 ж. 20 қыркүйек
1637
0
ҚР Қылмыстық атқару жүйесi комитетiнің баспасөз қызметі Қазақстанның бұрынғы Премьер-Министрі Серік Ахметовтің пробация есебінен шығарылғанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жылғы 1 қыркүйекте С. Н.Ахметов сотталу мерзімін өтеуіне байланысты жазаның негізгі түрі бойынша пробация есебінен шығарылды. Қазіргі уақытта белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу түріндегі қосымша жаза бойынша Қазыбек би ауданының пробация қызметінде есепте тұр», - деді комитеттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 2015 жылы желтоқсан айында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы Премьер-Министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты іс бойынша үкімі шығарды.
Аталмыш іс бойынша 7 түрлі эпизодқа сәйкес барлығы 21 адам айыпталған болатын. Сот талқылауы 2015 жылғы 10 тамызда басталып, төрт айға созылды. Сот тергеуі мен сот жарыссөздері 2015 жылғы 9 желтоқсанда аяқталды.
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық соты 2016 жылдың 14 наурызда жемқорлық қылмыстық іске қатысты сотты болған 11 адамның жазасын жеңілдетті. Соның ішінде Серік Ахметовтің жазасы 10 жылдан 8 жылға дейін азайтылды.