ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға өтініш беретінін айтты
2021 ж. 27 тамыз
2139
0
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға өтініш беруге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Нұрлан Ермекбаев жарылыс салдарын толығымен жойғаннан кейін отставкаға өтініш беретіндігін ашық айтты.
«Қазіргі уақытта басты мақсатым - апаттың салдарын тез арада жою. Ал сіздерді отставка мәселесі қызықтыратын болса, онда мен осы хабарды естігеннен кейін бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставкаға өтініш беремін, отсавкаға жіберуін сұраймын. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді», - деп жауап берді Нұрлан Ермекбаев.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта министрдің де, ведомствоның да алдында тұрған басты міндет апат салдарын жою екендігіне баса назар аудартты. Естеріңізге сала кетсек, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өртенпі, артынан жойықын жарылыс болды.
Қазіргі уақытта 10-нан астам жарылыстың болғаны белгілі. Сонымен қатар 4 әскери қызметші қаза тапқан. 3 әскери мен төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше маманымен де байланыс болмай отыр.