Тоқаев: Ауыл әкімдерінің сайлауы - саяси жаңғырудың жаңа кезеңі
2021 ж. 23 шілде
2620
0
25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында жазды.
«25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», - деп жазды Тоқаев.
«25 шілде күні ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ұсынған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы дауыс беру науқаны саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді, сондай-ақ, жүргізіліп жатқан реформалардың дәйектілігін және тиімділігін көрсетеді. Сайлау науқаны барысында азаматтарымыз жоғары белсенділік танытып, тұрғындардың мемлекет ісі мен қоғам өміріне етене араласатынын және еліміздің қазіргі дамуы мен келешегіне зор жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Мұны Президент «азаматтық патриотизмнің шын мәніндегі шынайы көрінісі» деп атап өтті», деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.
Жергілікті атқарушы органдардың басшылары саналатын әкімдер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – отандастарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін шешуде негізгі рөл атқаруы тиіс.
«Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдар мен аудандық маңызы бар қалалардың тұрғындарын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады. Мемлекет басшысы сайланған кандидаттардың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдіреді», деп жазды Берік Уәли.
Еске салсақ, 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.