Тоқаев қызметінен қуған шенеунікті министрлік байқамай қайтадан «тағайындап» жіберді
2021 ж. 12 мамыр
2198
0
Қазақстан Президенті қызметінен босатқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бұрынғы төрағасын басқа жұмысқа «тағайындау» жаңсақтықтан болғаны айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Автомобиль жолдары комитетінің бұрынғы төрағасын тағайындау туралы жаңалыққа қатысты айтсақ, жаңсақтық болды. Кешірім өтінеміз. Сайранбек Бармақов "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындалған жоқ. Бұл орын бос», - деді ИИДМ баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, Сайранбек Бармақов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы қызметінен айырылды. Бармақов "бақылауды әлсіреткені үшін" қызметінен босатылды. Оны Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли 20 сәуірде хабарлады.
Ал 23 сәуірде қазақстандық БАҚ өкілдері Сайранбек Бармақов "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындалғанын хабарлаған болатын. Басылымдар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram-арнасындағы ресми хабарламаға сілтеме жасаған.