«Жерімізді талан-таражға салуға «Ақ жол» партиясы жол бермейді!..»

12
1329

ҚҰРБАН ҚЫЛАР ҚАСИЕТ

 

Қадым жері үшін қасық қанын аямаған ұлағатты ұл, қасиетті қыздарымыз ұлтымыздың тарихында аз емес. Неге десеңіз, қадым жер мәселесінің артында – қазақтың рухы мен намысының мәселесі тұр. Алысты айтпағанның өзінде, кешегі кеңестің кеңкелес саясатынан зардап шеккен қазақ тарихының шынайы шырақшысы Ермұхан Бекмаханов:“Кенесары көтерілісінің басты қозғау күші – халқымыздың ар-намысын отаршылдар табанына таптатпау, ерікті ел болу идеясын алға шығару еді. Осы идеяны ашып көрсеткенім үшін “халық жауы” атанып, жазықсыздан 25 жылға сотталып кете бардым…” – деп, ашына жазды.

Адам баласының басынан өткерген ірілі-ұсақты соғыс-сойқандарының дені – жер мәселесі, жерге таласу. Жерсіз мемлекет – мемлекет емес. Ал, жер және жерасты байлықтары кез келген мемлекеттің негізі болуымен қатар, жердің атын иемденген халықтың меншігі.

Сондықтан, салиқалы саясаткер Әміржан Қосановтың: «Қалың қазақтың несiбесi – Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасын алып жатқан, құшағына бес Франция сыйып кететiн Жері! Жердi қазаққа о баста Жаратқан Иемiз өзi берiп қойған, ал сол ешкiмде жоқ байлықты бөлудi өзiмiз жүзеге асыра алмай, бiр шенеунiктiң ғана айтқанымен жүрiп, тағы да несiбемiзден айырылып жатсақ, обалымыз жоқ!» – дегені өте орынды.

Қазақтың бар байлығы, ең соңғы тірегі, ең соңғы үміті мен сенімі, ұлттық һәм тарихи бітім қайнарының тамыры – ата бабасының байтақ жері. Отбасын құрып, отау тігу үшін ұлтарақтай жер, ең алдымен, қазаққа керек. Тәуелсіздік таңы атса да, өз елі, туған жерінде өгейсіген қазақ көп қиналды, ұзақ шыдады.

Бірақ, шікірейген шенеунік отпен ойнап, қазақтың жанды жерін, жаралы жүрегін қайта-қайта тырнай берді. Қайсыбір жылы “Қытайға 1 млн гектар жер берiледi!” екен деген сөздің соңы даулы дүрмекке ұласып, халық жаппай көтерiлгенде, амалсыздықтан райынан қайтқан бишігештер, өкінішке қарай, өткеннен өнеге, кешегі қатеден сабақ алмапты.

Қазақ шаруасына 49 жылға жалға берілетін жердің тәртібіне шүкіршілік етіп отырғанымызда, мал азығы үшін соя мен рапс өсіруге Қытай бізден 1 млн гектар жер беруді жалға сұраған болатын. Онсыз да еліміздің жерасты қазына-байлығына бар қаржысы мен күш-жігерін аяусыз жұмсаған жемсауы жерқұдық қара қытайдың Қазақ Елінде ұзаққа созылып, бәлкім, мәңгіге ұласатын саяси стратегиялық мүдделерді күйттегені шындық еді.

Қалай атсақ та, қашан айтсақ та: жердің иесі – халық. Сол себепті, халықтың жерін жалға беру мен сату дегенді ұмытып, тәжірибеден мүлдем алып тастау керек. Жер, жерасты байлығын бөтен жұрт, шетелдік компаниялар мен біріккен кәсіпорындарға жалға немесе басқаруға беруді жедел түрде әрі түбегейлі тоқтатпасақ, зардабы шексіз болуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе шетелдік компаниялардың басқаруына берілген кен орындары мен кәсіпорындардың жалпы көлемі 15-20 пайыздан асса, ұлтқа қауіп төнетіндігін дәлелдеген.

Экономиканың тұтқасын шетелдік компаниялардың басқаруына беру дегеніміз – өз басына да, елі мен жеріне де ие бола алмаудың көрінісі, яғни, тәуелсіздікті баянсыз етуге жасалынған қадам.

Қарымды қалемгер, жалынды журналист Дәурен Қуат ащы шындықтың шымылдығын ашып, былайша анықтап беріп еді: «…Далиып жатқан даламыздан қорек тауып жеуге қауқарсыз ел болсақ, құрсағымыз шұрқырағанда құмырсқаның дәнін көтеруге құлшынысымыз жетпесе, жерді жалға байлап тастап шалқалап жатқанымыз жөн-ақ қой. Былай да қазақ жерсіз. Жер алпауыттары қазақта Ромин Мадинов, Сергей Кулагин, Сергей Терещенко дейтін кісілер. Оларды ойдай әспеттеп «латифундистер» дейміз.

…Біздің қарынбайлар қазақ егін ексін, малөнімдерін өңдейтін зауыт салсын, ауылшаруашылығына жаңа технологиялар енсін деп жүрген жоқ. Қарқ-қарқ күліп, танауды тарқ-тарқ тартып: ет жеп қымыз ішкенге, құмар ойнап, құлқын толтырғанға мәз. Ал, тоғайлы, нулы-сулы жердің тежеусіз қожасына айналған шешендер (Маловодное ауылында болған оқиғаны еске түсіріңіз) мұздай қаруланып алып иелігіне аңдаусыз аяқ басқан қазақты да, қазақтың малын да қаңғыбас ит құрлы көрместен атып тастайды. Алматы сияқты халқы мол қалаға таяу маңдағы көкөністі, дақылды жерлер кәріс пен ұйғырдікі. Атырау, Қызылорда жағындағы құмды жерлерге өзбектер қызанақ пен қарбыз егуде. Солтүстіктегі шығымды жерлердің дені орыс диаспорасының меншігінде.

Соя дейтін ғажап өсімдік туралы естуіңіз бар ма? Соя қара топырақты, құнарлы жерде өседі. Соядан май алынады. Соядан… ет жасалады. Қазекең қаужаңдап жегенді жақсы көретін кәдімгі ет! Сол сояның «сырын» қытай мамандары сығырая зерттеп жүргенін ақпарт көздерінен оқып қалатынбыз. Алматының төрінде есінеп қана отырған Ахметжан Есімов Ауылшаруашылығы министрі болып тұрған кезінде сояны тамырынан сорғалатқан күйі қытайлардың қолына ұстата салды. Міне, азамат! Азаматымыздың Атымтай Жомарттығының «нәтижесінде» соя салып тоя тамақ іше бастаған Алматы облысының дихандары нәпақасынан қағылып, қазір көздерінен сорасы ағып жылап отыр…»

Қазақ ауылдарына жеткiлiктi қаржы-қаражат нақты бөлінсе, ешбір қазақ жатқа жалтақтап, елге еміренбейді. Қадым заманнан бері ата-бабамызға ешкім сырттан келіп малын бағып, егінін салып берген жоқ. «Екі қолға – бір күрек» дейтін қажырлы жұртымыз қай заманда да қызу еңбектің көркін қыздыра білген.

«Қазақ – жалқау» дейтұғын кешегі кеңестің сасық саясатынан құлан-таза айырылу керек. Еңбек жасағанда, қиындыққа қарсы тұрғанда – қазағым ешкімнен кенде емес. Төрт түліктің тіршілігін терең түсінген аталарымыз диқаншылық кәсіпте де алдына шаң салмайды. Қазақтың кіндік қаны тамған туған топырағын жатқа жалға беру– қазақты кемсiту ғана емес, әдейі қорлау, деп түсінуіміз керек.

Мұндай мыңсиқыр мәселенің тереңінде Қытайдың қаупі қылтияды. Аждаһа елдің араны туралы қаншама өткір сөз, кесімді кеспір айтылса да, жайбасарлыққа салынып, жете мән бермедiк, елеңдеп-ес жимадық.

Қытайдың стратегиялық жоспары, кем дегенде, 100 жылды қамтып, жетіп-жығылады. Қазір мұнайымен мұңайған сыңай танытып, мүләймсіп келген қытай қалайда, алдымен, қазақпен құдаласып алып, сосын, сауда, құрылыс, өндiрiске жалданып, соңғы жылдары ірі банктер мен қабырғалы кәсіпорындардың құралтайшылықтарына қол сала бастады. Бұл басынушылықтың тура аты – «үнсіз, қансыз экспансиялау» деп аталады.

Қытайға берешегіміздің миллиардтаған сомаларға жетуі – экспансияның белбеуін тартып, тынысымызды тарылта түседі. Орыс басшысы В.Путиннің Ресейдің қиыр шығысында жұмыс істеп жатқан қытай шаруаларын «шоқындыру керек!»деп, дабыл қағуы тегін емес.

Ертеңіне елеңдеп, елінің қамын күйттейтін іргелі мемлекет – қалайда шетте жүрген 5 млн қандас-қазақтарды туған топырағына жеткізуі керек. Бұл – талқылауға жатпайтын ең өзекті мәселе. Әйтпесе, онсыз да шұрқ-тесік топырағымызға жаңадан АЭС салып, ата-бабамыздың қасиетті жерін ядролық отын қалдықтарын көметін көр-қорымға айналдыруға ұмтылған дұшпандарымыз алған бетінен оңайлықпен қайтпайды. Адамзаттың тарихы дәйектеп дәлелдегендей, жаулаушыда – жүрек болмайды, отаршыда – ортақ мүдде жоқ, зорлықшыл – зәрезеп келеді…

…Күні кеше құрылған Өңiрлiк даму министрлiгiне қарасты Жер ресурстары жөнiндегi комитеттің Мәжіліс мінберінде:«Тұрғын үй салу үшiн 10 сотық жердi тегiн берудi тоқтату қажет» деп мәлімдеуі – Ата заңымыз – Конституцияға қарама-қайшы ғана емес, қабылданғанына биыл 10 жыл толған Жер кодексiн жоққа шығару. Әдетте, қабылданған заңдары нақты орындалып, жұмыс істемейтін елде саяси тұрақтылықтың тұғыры әлсіз келеді.

Бүгінгі таңда Қазақ елінде жер телімін алу үшiн кезекте тұрған 900 мың адамның қарасы – тұтас бiр елге пара-пар. Жер кодексi күшіне енген 10 жылдың ішінде үкiмет әрбiр азаматқа 10 сотық жер телiмiн беру мiндетiн орындай алмады.

Себебі неде? Себебі, жауапсыздық пен жемқорлықта!

Жер ресурстары жөнiндегi комитеттің басшысы былай деді: «Тұйықтан шығу үшiн және жағымсыз салдарды болдырмау үшiн заң жобасына (Жер кодексiне) Астана, Алматы және өзге де облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер телiмдерiн тегiн берудi тоқтатуды енгiзудi ұсындық. Бұл мәселе президент әкiмшiлiгiмен келiсiлдi, Үкiмет қолдады.»

«Тегiн жер телiмдерiн берудi тоқтатуды ұсындық» – деген сөздің соңында, яғни, жер телiмдерiн сатудың емеуріні тұр. Қазақтың Қазақ Елінен басқа барар жер, басар тауы жоқ. Қалтасы тесік қалың қазақты ата-бабсының 10 сотығынан айыру – миллиондардың соңғы үміт, ақырғы арманын сөндіріп тастау.

Ертеңге елеңі жоқ, үміті үзіліп, сенімі семген адам – ең қауіпті адам. Бұл – бәлки, Бақайлардың басы немесе Шаңырақтардың соңы… Кесіп айту қиын…

Сонда қазақтың өзіне бермейтін қазақтың жерін кімдер иемденеді? Әрине, алдымен, жемқорлар. Осы күнге дейін ең құнарлы, ең шұрайлы, орман-көлдi, сулы-нулы аумақтарды пышақ үстінен қылдай бөлiп, жекелеп алған аттың төбелiндей тобыр-билеушiлер мен қылмыскер-қалталылардың әрбірі мыңдаған, жүздеген мың гектар жерлерге заңсыз иемденіп, шексiз баю көзiне айналдырып алған.

Ауылдың қамын қорғауға тиіс уәзіріміз Асылжан Мамытбеков: «Қазақ қызық, бес бас асырайды да – мың гектар жерге иелік етеді. Мысалы, Еурпода бір ірі қара – бір гектар жерге ғана жайылады. Біз де сөйтуіміз керек. Жерді дұрыс пайдаланудың жолы осы» – деп, төтесінін тесіп, тоқ етер түйінін бір-ақ сарқыды…

Абай айтқан: «Баяғы жартас – бір жартас!» Өзгерген ештеңе жоқ. Өзегінде жоқ қанша өзеурегенімен – өңменінде бардың өзгергісі жоқ. Жемқорлықтың қарқынмен үдеп, латифундистердің қарынмайлары қалыңдап барады…

Тек, «Ақжолдық» Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев былай деп атына сай батылдық көрсетті: «10 сотық жер телімімен мыңдаған отбасылардың үміттері мен тағдырлары сабақтасып жатыр. Ата-бабаларымыздан мұраға қалған байтақ жерімізді талан-таражға салуға «Ақжол» партиясы жол бермейді!..»

Жер – қазақтікі! Қазақ туған жерінде өрісін кеңейтсін, ұрпағын өргізсін! Ерінбей еңбек қылсын, талмай талапқа ұмтылсын! Жалғанның да, заңның да жарасымы осы…

Жер дауы – қазақтың қанымен сіңген қайсар қасиеті. Бәлки, сабырлы қазақ айқай салып, атой жасауға асықпас; мүмкін, жеріндей кеңдігіне сай көптеген қиыншылықтарға шыдап та бағар, бірақ, мәселе жерге тірелгенде, ашынған қазақтың адуын қайтарар күш жоқ. Өйткені, жердің дауы – кез келген қазақ құрбандыққа басын тігетін қасиет-қарекет. Кім-кім де осыны ұмытпасын!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

 

12 ПІКІРЛЕР

  1. Не деген сұмдық,осыншама жеріміз бола тұрып өзімізге он сотық жер бұйырмаған.Жердің бетін соншама жаулап,қазақты тонағандарға сол жер астынан 2 метрді бұйырытпау керек.

  2. Дербісалдыұлы Қанай Датқаның (1658-1738) Нарбұқа жырауға (1662-1743) айтқаны.

    – Арызым жоқ Құдайға,
    Қарызым жоқ Құдайға!
    Өкінішім біреу-ақ:
    «Өткен Бабалар кімдер?» – деп,
    Өткелімнің тұсына кеп,
    Келер ұрпақ сұрай ма?!?
    Ай Нарбұха, Нарбұха!
    «Қанай датқа кім?» – десе,
    «Кіші Жүздің басын құрап,
    Ту ұстатқан Адайға!
    Тоқсан Баулы Қоңыратқа
    Ұл берді» – деп айт, Борайға!
    Дулат думанды ұнатқан!
    «Түбің Арғын Ағалық!» – деп,
    Төле Биді – «Төбе!»- деп,
    Басын жинаған Алтайға!
    Ай Нарбұха, бәрін ұмытсаңда,
    Мынаны ұмытпа!!!:
    «Орыс қоңсылыққа бар,
    Бірақ қолын созбасын!».
    Алты Алашқа өсиетім:
    «Күнін салмасын Қытайға!!!» – деп Нарбұқа жыраумен бақұлдасып, «Хош-хайыр Атажұрт Арқа! Разымын!» – деп қоштасқан екен.

  3. Бір қадым жерлері жоқ ұйғыр халқын көріп жүрміз, “көпке топырақ шашпайың” әрине бірақ көбісі ылғи да қазаққа қарсы екені белгілі… сол үшін Қажымұқан ағамыз айтқандай ата бабамыз қорғап келген кең байтақ жерімізді ешкімге де ештеңеге де бермейміз!!! Не болса да, соғысқа да дайынбыз!!!

  4. Уакыт отер кетер – сузбесине ким унилер
    Не алсан соны кайтаып отеп берер
    Аман болсак келешекте кун корер
    [Отимин отер кезек] урпагымыздын басына келер/
    Сонда мына когамдагы кайраткерлер
    Истеген исине Казак калай тусинер
    180 банктин есепин ашкан банкирлер
    Несиеге алган долларды калай отеп берер
    Сактаулы кунды кагаздар иесин табар
    49 жыл отсе*кул бол деген
    Казакка мандат болар
    Бар казна байлыгы басына сор
    Кайран казак боласынба осылай кор
    Биликтеги шенеуши демеушилер
    Казакты тирдей олтирп суйрер.

  5. ат олтир бай мен дауди казах емести курт сонда байынгда бастыгынгда тобасына келер ойланар кыскасы революция не азамат согысы казахтар

  6. Ата-бабамыз аманаттап кеткен жерден 10 соттық та ала алмай талай қазақ сандалып жүр қазақша білмейтін шенеуніктерді жағалап… Бабаларымыз білді ме екен санаулы ғана ақ жағалылардың олардың аманатын быт-шыт қылатынын…

  7. Бугин жалга берсе,ертен сатудан тайынбайды оз бас пайдасы ушин. Казахстаннын байлыгымен жери казах халкыныки емес, билектегилердин ата-бабаларынан калган сиякты ойларына келгенин истеп жатыр. Буган бар куш-жигеримизди салып карсы туруымыз керек. Карапайым халыкка жеткизуимиз керек, кобисиси бул жагдайдан бейхабар.

  8. «10 сотық жер телімімен мыңдаған отбасылардың үміттері мен тағдырлары сабақтасып жатыр. Ата-бабаларымыздан мұраға қалған байтақ жерімізді талан-таражға салуға «Ақжол» партиясы жол бермейді!..»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз