Саяси партиялардың тіркеуден өту шегі белгілі болды
2021 ж. 14 сәуір
1490
2
Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасында саяси партиялардың Мәжіліс сайлауына тіркеуден өту шегін 5 пайызға түсіру көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров осындай мәлімет айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясының ашылуында берген тапсырмасы бойынша заң жобасында саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде тіркеуден өту шегін 7-ден 5 пайызға түсіру көзделген. Сондай-ақ, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу қарастырылған», - деді ведомство өкілі.
Әлішер Әбдіқадыровтың сөзінше, бұл нормалар тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға заңнамалық тұрғыда ынталандырып, елдегі саяси бәскелестікті дамытуға, сайлаудың барлық деңгейінде халықтың барша кандидатқа қарсылығын білдіру құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл заң жобасы азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асыруға, жергілікті мемлекеттік органдардың халықтың мұтаждығы мен проблемаларына құлақ асуын күшейтуге және «еститін мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік деп топшылаймыз, - деді Әлішер Әбдіқадіров.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжілісте сайлау туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер таныстырылып жатыр. Заң жобасы бойынша, әкімдер сайлауын алғашқы екі жылда ОСК қаржыландырады.