Халықтан бөлек жазушы – ӨТІРІК ЖАЗУШЫ

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

  Референдум өткізу жөніндегі жиыннан қорқатын, үркетін, жалтақтайтын ештеңе жоқ. Десек те, осының өзінде аталмыш жиынға азаматтарды жібер­меуге түрлі әрекеттер жасалыпты. Бұл қалай болғаны сонда? «Менің денсау­лығым жарамай тұр» деп те жергілікті әкімшіліктен рұқсат сұрап, дәрігерге қаралуымыз керек пе сонда? Иә, мемлекеттің, қоғамның тыныш­ты­ғы керек. Бірақ ол тыныштық халық­тың, ұлттың мүддесіне айырбасталмауы керек! «Толеранттық» деген жексұ­рын сөз – жоғары жақтың халыққа «үн­де­ме» деген сөзін білдіретін сияқты. Үйіңді қиратып, бұзып тастаса да үн­деме! Ақшаңды жинап алып, қашып кетіп, сен далада қалсаң да үндеме! Сотқа жүгінгеніңмен, түк шықпайды. Сондықтан бәріне үндемей қарап отыра беруіміз керек. Қазіргі «үндемес» жағдайымыз бая­ғы репрессия заманынан да асып кеткен жоқ па?! Мен үшін халқымның аман­дығы, өз жерінде өзі қожайын болуы, өз байлығы өзіне бұйыруы – бәрінен қым­бат. Жаңаөзенде халықты қырып жат­қанда да үндемей отырғандар болды. «Атқан кім, атқызған кім?» деп, БАҚ арқылы сұрау салғанымда, кейбіреулер соны батырлыққа балапты. Жоқ, бұл батырлық емес! Мен осы елдің азаматы ретінде ғана мәселенің мәніне сұрау салдым. Сұрау салуға қақым бар емес пе? Қазір Канадада тұрып жатқан биші қыз Әлпиеваның күйеуі: «Мен Қазақ­стандағы барлық жағдайға түсіністікпен қарауға тырысамын. Бірақ бір ғана нәр­сені түсіне алмаймын: Қазақстанда құ­ры­лыс компаниялары үй салып берем деп, халықтан ақша жинап алып, уәдесін орындамай, қашып кетеді екен. Не үй, не ақшасыз қалған халық әділетті талап етіп, көшеге наразылық шеруіне шықса, полицейлері оларды ұстап әкетіп, қамап тастайтын көрінеді. Бұл қалай сонда?!» – депті бір сұхбатында. Осының өзі көп жайтты аңғартса керек. Бар-жоғы он мил­лион қазағы бар елміз. Жан-жақтан төніп тұрған қауіп жеткілікті. Батыс ай­мақ­тарда сепаратизм, ел ішінде – трайбализм өршіп тұр дегендей, қоғамда іріткі салушылар жетеді. Сондықтан ел бірлігін сақтай отырып, референдумда көтерілген төрт тақырыпты қолдауға шақырамын. Елге тиесілі жер байлық­тары мен кәсіпорындарды халықтың меншігіне қайтарған Уго Чавес көшбас­шыға айналды. Біздегі сатылып кеткен ел байлықтары халыққа қайтарылуға тиіс. Ол үшін халық болып талап қою­ымыз керек. Референдум өткізу туралы бастаманы қолдаймын, мен халықпен бірге­мін. Ал халықтан бөлек жүрген жазушыны өтірік жазушы дер едім.

Daт жобасы