Халықтан бөлек жазушы – ӨТІРІК ЖАЗУШЫ
2013 ж. 20 наурыз
1705
1
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Референдум өткізу жөніндегі жиыннан қорқатын, үркетін, жалтақтайтын ештеңе жоқ. Десек те, осының өзінде аталмыш жиынға азаматтарды жібермеуге түрлі әрекеттер жасалыпты. Бұл қалай болғаны сонда? «Менің денсаулығым жарамай тұр» деп те жергілікті әкімшіліктен рұқсат сұрап, дәрігерге қаралуымыз керек пе сонда? Иә, мемлекеттің, қоғамның тыныштығы керек. Бірақ ол тыныштық халықтың, ұлттың мүддесіне айырбасталмауы керек! «Толеранттық» деген жексұрын сөз – жоғары жақтың халыққа «үндеме» деген сөзін білдіретін сияқты. Үйіңді қиратып, бұзып тастаса да үндеме! Ақшаңды жинап алып, қашып кетіп, сен далада қалсаң да үндеме! Сотқа жүгінгеніңмен, түк шықпайды. Сондықтан бәріне үндемей қарап отыра беруіміз керек. Қазіргі «үндемес» жағдайымыз баяғы репрессия заманынан да асып кеткен жоқ па?! Мен үшін халқымның амандығы, өз жерінде өзі қожайын болуы, өз байлығы өзіне бұйыруы – бәрінен қымбат. Жаңаөзенде халықты қырып жатқанда да үндемей отырғандар болды. «Атқан кім, атқызған кім?» деп, БАҚ арқылы сұрау салғанымда, кейбіреулер соны батырлыққа балапты. Жоқ, бұл батырлық емес! Мен осы елдің азаматы ретінде ғана мәселенің мәніне сұрау салдым. Сұрау салуға қақым бар емес пе? Қазір Канадада тұрып жатқан биші қыз Әлпиеваның күйеуі: «Мен Қазақстандағы барлық жағдайға түсіністікпен қарауға тырысамын. Бірақ бір ғана нәрсені түсіне алмаймын: Қазақстанда құрылыс компаниялары үй салып берем деп, халықтан ақша жинап алып, уәдесін орындамай, қашып кетеді екен. Не үй, не ақшасыз қалған халық әділетті талап етіп, көшеге наразылық шеруіне шықса, полицейлері оларды ұстап әкетіп, қамап тастайтын көрінеді. Бұл қалай сонда?!» – депті бір сұхбатында. Осының өзі көп жайтты аңғартса керек. Бар-жоғы он миллион қазағы бар елміз. Жан-жақтан төніп тұрған қауіп жеткілікті. Батыс аймақтарда сепаратизм, ел ішінде – трайбализм өршіп тұр дегендей, қоғамда іріткі салушылар жетеді. Сондықтан ел бірлігін сақтай отырып, референдумда көтерілген төрт тақырыпты қолдауға шақырамын. Елге тиесілі жер байлықтары мен кәсіпорындарды халықтың меншігіне қайтарған Уго Чавес көшбасшыға айналды. Біздегі сатылып кеткен ел байлықтары халыққа қайтарылуға тиіс. Ол үшін халық болып талап қоюымыз керек. Референдум өткізу туралы бастаманы қолдаймын, мен халықпен біргемін. Ал халықтан бөлек жүрген жазушыны өтірік жазушы дер едім.Daт жобасы