"Назарбаевтың ізбасары туралы үндеу" жалған болып шықты...

"Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовті жаңа саяси жетекші ретінде қолдауды өтініп Қазақстан президентіне жазылған зиялылардың ашық хаты" жалған болып шықты.
150 адам қол қойған хат бірнеше ақпарат құралдарының электронды поштасына наурыздың 14-і күні түскен.
Хат басылымдардың электрондық поштасына darhan72@list.ru адресінен жіберілген. Ал "қол қойғандар" тізімінде ақын Мұхтар Шаханов, жазушылар Қабдеш Жұмаділов пен Дулат Исабеков, экономист Оразалы Сәбден, ақын Темірхан Медетбек пен Мұзафар Әлімбаев әнші Нұрғали Нүсіпжанов пен Жұбаныш Жексенұлы сияқты азаматтардың аттары жазылған. «ТАҢДАУДЫ ОСЫ БАСТАН ЖАСАП ҚОЮДЫ ӨТІНЕМІЗ»  Президент Назарбаевтың атына жазылған хатта: «Тәуелсіздігіміздің баянды болуын аңсаған халықтың үмітін ақтайтын тұлғалар шеттеу көріп, есесіне кертартпа күштерді арқа тұтқан шенділер Ақорданы маңайлап алды, олардың билікті басып алуға белсене кірісіп кеткен сыңайы байқалады. Ел болашағын бұлыңғыр етіп тұрған осы жағдайда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті жан-жақты қолдау қазіргі өтпелі кезең тұсындағы қауіп-қатердің қара бұлтын сейілтетіні айқын. Себебі мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен Иманғали Тасмағамбетов өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың бәрін тиянақты, әрі мүлтіксіз атқарып келеді» деп жазылған. Хат: «Тарихтың сын сағаты туған осы бір өткелде жол жалғастырар азаматын іздеген халық ықыласының лебін Иманғали Тасмағамбетов пен қазіргі көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев сезінуі қажет-ақ. Әрине Қазақстан билігінің қашан ауысатынын әзірше ешкім айта алмайды. Десек те біз Қазақстанның қазіргі көшбасшысынан тәуелсіз елдігімізді мәңгілікке баянды ететін таңдауды осы бастан жасап қоюын өтінеміз және сын сағат туа қалған жағдайда барша халықты қазақ елінің болашағы үшін Иманғали Тасмағамбетовке қолдау білдіріп, азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз» деп аяқталады. «СОТҚА БЕРЕМ» Азаттық тілшісі осы хат жайлы «тізімде бар» адамдарға хабарласқанда олар ондай хаттан хабарлары жоқ екенін айтты. - Біреулер ұйымдастырып отыр ғой деймін сырттан. Бірінші рет естіп отырмын. Мен ешқандай хатқа қол қойған жоқпын. Бұл - біреудің ісі, кім екенін табу керек. Тапса, сотқа беруге болады оны, - дейді «тізімге енген» Мұхтар Шаханов. Ақын Темірхан Медетбек те бұл хат туралы ештеңе білмейтінін айтты. - Бірінші рет естіп отырмын. Ол не хат? Ештеңе білмеймін. Бұл – арандату, - деді ақын.
Бұл - біреудің ісі, кім екенін табу керек. Тапса, сотқа беруге болады оны.
«Қол қойғандар тізіміндегі» Асылы Осман да хат туралы бірінші рет естігенін айтты.- Хатты кім жазған? Не туралы жазылған? Ондай нәрсеге ешқашан, еш уақытта қол қойған емеспін. Кім оны ұйымдастырып жатқан? Мен ұйымдастырушыларды сотқа беремін, - деді ол. Forbes басылымының жазуынша, «тізімге енген» журналист Жұмабек Кенжалин, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам, «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов те хатқа қол қоймағандарын айтқан. Ал тізімге аты жазылған «Рух пен тіл» ұйымының төрағасы Жанболат Мамай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына: "Бұл хатқа бір адамдар менің атымнан қол қойып жіберген. Хатты оқыған жоқпын, қол қоймадым және қазір Алматыда емеспін. Бұл - нағыз арандатушылық" деген жазба қалдырды. Қазір Қазақстан президенті Израильде. Ақорда сайтының жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің президенті Шимон Переспен жұмыс бабында кездескен. Ал сәл ертерек наурыздың 13-і күні Нұрсұлтан Назарбаевтың қысқа мерзімдік демалысқа шыққаны хабарланған еді.
Руслан МЕДЕЛБЕК
Азаттық радиосы
*Тақырып өзгертілді