Әкімді сынасаң, сотқа бере ме?

  Шындық әрдайым кешігіп жүреді. «Тура биде туған жоқ» деген бабаларымыз ақиқаттың ақ туын құлатпай, ұрпағына аманат етсе керек. Елдің сөзін сөйлер, жұрттың қамын жер азамат әрдайым халықтың мұң-мұқтажын айтып, хал-ахуалының жақсаруына барынша қызмет етеді. Қазақ қоғамында ондай азаматтар аз емес. Дегенмен де, мансабын ар-намысынан жоғары қойып, жағымпазданып жүргендер де бар. Соның арқасында жақсы қызмет, жылы орынға жайғасып отыр. Тұлпарлар емес, есектер озған заманда Құлагерді құлатар Батыраштар жанымыздан табылуда. Біз дамыған, күшті елміз дейміз. Осы «ертегіге» сенсек арғы­мақпыз, сенбесек ақымақ­пыз. Иә, біз қазанат мінген қазақ ек. Кеңес Одағында «москвич» мініп мәз болдық. Одан соң Еуропаның «ескісіне» қуандық. Енді міне, қайтадан «жигулидің» жаңа түрі қаптады. Кедендік одақ – Кеңес одағы емес деп түсіндіріп бағуда билік. Бұның бәрі үлкен саясат. Алайда ауылдың сол саясаттың құр­баны болуына бейжай қа­рап отыруымыз керек пе?! Астанадағылар ауыл­да­ғы­лар­дың тағдырын креслосынан қоз­ғалмай отырып-ақ шешуді дағ­дыға айналдырып бара жатыр. Облыс әкімі Ерлан Арынның өзі қорексіз қалып, мал өлді дегенге сенбей отырғанда, бұл өңірдегі өзге шенеуніктердің қандай көзқараста екендігі айтпаса да жәйт. Бұл теледидардан жаңалық көріп отырған кез-келген көрермен ойына келер ой. Өткенде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Болат Аманбаевтың шаруалардың жанайқайын жеткізгеніне разы болыстық. Демек, билік шынайы жағдайдан бейхабар немесе көре тұра көрмеген сыңай танытуда. Қаңтарда берілуге тиіс арзан кебек ақпанда ғана ауылға жетті. Пав­лодардың Екібастұз, Ақсу қала­ларына қарасты қыстақтар, Лебяжі, Май ауданындағы малшы­лардың малы жем-шөптің азды­ғынан құр сүл­дері қалған. Мал тек аштан өл­мейді, ауру келуі де ықтимал деп басқа себеп іздейтіндер де жоқ емес. «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен. Мал азығының аздығына қиналып отырғанда, қалың қар түсіп, жағдай одан сайын ушықты. Кеңес одағы кезінде құмырсқадай қаптап жүретін К-700 тракторлары табылмай, қар үй бойымен бірдей болды. Жекешелендіру саясатының «жемісін» әлі көріп келеміз. Техника қалмаған ауылда, бірен-саран Т-40, МТЗ тракторлары болмаса. Оның өзі жүруінен, тұруы көп. «Балапан» бағдарламасымен балабақшалар ашылуда. Жаңадан емес, тозығы жеткен ғима­рат­тар сатып алынып, жөн­делуде. Ескі үйдің аты жаңа болғанымен, іргесі мүжілген. Қыстың 40 градустық аязында қалыпты температураны сақтау қиын. Балабақша басшылары туындаған мәселелерді барынша жасырып қалуға тырысып бағуда. Бірақ бірнеше ай бойы еңбекақысыз жүріп, отбасын асырау мүмкін бе?! Май ауданында мемлекеттік жоспарға сәйкес 4 балбақша ашылуы керек болыпты. Бірақ жергілікті билік халықтың «сұранысын» ескеріп, 6 балабақша ашамыз деп шешкен екен. Алайда бұл жаңа жұмыс орнын аштық деген есеп үшін жасалған шаруаға ұқсайды. Олай болмағанда Кеңтүбектегі балабақша бірнеше рет сот шешімімен жабылып қалар ма еді? Балабақша басшылығы да бірнеше рет ауысты. Қызметкерлер де еңбекақының мезгілінде қолдарына тимей жүргеніне наразы екендіктерін ашық айтып жүр. Сонымен қатар Кеңтүбекке жазғы су құбыры да жүргізілді. Шамамен ауыл көшелерінің 70 пайызын қамтыды. Құбырдан бұрын матор алынып, 1 жылдай ауыл әкімдігінің кіреберісінде тұрды (қазір де сол орнында). Биыл жазда тұрғындар көкөніс егіп, тұрмыс ауыртпалығы жеңілдер деген едік. Алайда әр үйге су жеткізіледі деген сөз іске аспады. Су соратын насоста ақау бар болып шықты. Бұл насос істен шықса, қосымша насос болмағандықтан, елдің ауласындағы жеміс-жидегі күйіп кетеді. Полиэтилен құбырлар жердің бетінде жатыр, жай жатқан жоқ жарылып жатыр. Бұл құбырларды қосуға аудандағы коммуналдық кә­сіпорынның қауқары жет­пейді екен. Арнайы құрыл­ғылары болмаған соң, су құбыр­ларын жүргізуге тендер жария­ланған болатын. Мердігер серіктестіктің 3 адамы, ауыл әкімдігінің қоғамдық жұмысқа тартылған 10 адамы осы шаруаны атқарды. Айына 17-18 мыңға жуық айлық алатын азаматтар шыжыған күннің ыстығына қарамастан, күрекпен жер қазды, ауыл үшін деп аянбай еңбек етті. Сонда қолына алғаны 17 мың теңге. Негізі бұл істі толығымен тендерді жеңген мердігер серіктестік жүргізуі тиіс емес пе?! Бұл да бір әділетсіздіктің көрінісі. Қарапайым халықтың құ­қығын кім қорғайды? Жоғары да айтылған мәселелер жасырын емес. Бәрі білетін жайт. Ешқандай тірегі жоқ, жұ­пыны күйде отырған жұрттың жанайқайын еститін құлақ қалмаған ба? Билікке шындықты жеткізу қиын емес, бірақ мойындату өте ауыр. Кім өз кінәсін оп-оңай мойындай қояды?! Жала деп, қажет болса, сотқа береді. Мәселен, 2012 жылдың ақпанында Кеңтүбектің көзі ашық, көкірегі ояу, азаматтық ұстанымы бар 20-ға жуық тұрғыны ауылдың хал-ахуалын баяндап, аудан әкімі Нығман Пішенбаевқа хат жазды. Хатта Кеңтүбек ауылының жағдайы, ауыл әкімінің әрекетсіздігі баян­далып, ауылға жаны ашитын, халықпен тіл табыса алатын басшы қажет екендігі айтылды. Ауыл әкімі Ақтан Оразалинның жұмысына көңілдері толмай­тындықтарын мәлімдеп, айтқан уәждеріне құлақ асуды сұрады. Алайда бұл хатқа аудан әкімі Нығман Пішенбаев емес, орын­басары Айтуған Шайхымов (қазір облыс орталығында жұмыс істейді) жауап берді. Кадр мәселесін қарастырамыз деп қысқа қайырыпты. Сағыздай соза берсек, жұрт шаршайтын шығар, ақыры тынышталар десе керек. Хатқа қол қойған азаматтардың ішінде Кеңтүбек ауылынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Қабыкен Ботабаев (сайлаушылардың 70 пайыз дауысымен жеңіске жетті) та бар. Бұл мәселені жауапсыз қалдырмауға тырысып, әрекет етті. Аудан әкімінің қабылдауында болып, бұл бір адамның емес, жүздеген адамның көкейіндегі сауал екендігін түсіндіріп бақты. Өтініш берілген соң, 8 айдан кейін ауыл әкімі Ақтан Оразалин науқастанып қалды. Аудан әкіміне тұрғындар тарапынан жазылған хаттың әсерінен жүйкесі сыр беріпті. Дәрігер берген анықтамасы да бар екен. Бұны ол 16 адамды сотқа беріп, ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін көпшілік алдында кешірім сұрауын міндеттеуді өтінген. Өз пайдасына 1 миллион теңге моральдық шығын өтеуді талап ететіндігін арызында көрсеткен. Сотқа адвокат жалдап, ауыл тұрғындарымен соттасуы көп жайды аңғартады. Оның үстіне ауыл әкімін қолдап, ауылға әкім де, депутат та болған Қайыржан Ахметов Ақсу қаласынан, зейнеткер Бекен Бакауов облыс орталығынан, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрайымы Балжан Бейсекеева келді. Халықты емес, әкімді қолдауларына не себеп екені өздеріне ғана аян. Алайда, сот отырысына куәгерлер қатыспады. Сотта ауыл әкімі көптеген кемшіліктерді мойындады, ауыз су мәселесі, мәдениет үйінің 3 жылдай уақыт бойы сот шешімімен жабық тұрса да іс-шаралардың заңсыз өткізілуі (Аудан әкімі Н.Пішенбаевтың биылғы 7 ақпандағы жылдық есеп беру кездесуі де мәдениет үйінде болды) де айтылды. Әсіресе, ауыл әкімінің халықпен тіл табыса алмауы, көптің пікірімен санаспауы сыналды. Жұмыссыздық мәселесі, ауылда қаңғыбас иттердің көбеюі, көгалдандыру ісі, ауыл тазалығы да назардан тыс қылмады. Ең қиыны, ауылда дәрігер жоқ, қыстың қақаған аязында аудан орталығындағы емханаға жету үшін 4 шақырымдай жол жүру керек. Жасы 70-тен асқан қарт емханаға жеткенше, ауру үстіне ауру қосып алмай ма? Жас сәбиін құшақтаған аналарды кім көлікпен тасымалдап жүр дейсіз?! Сот отырысында судья Ерлан Идировтың «ауыз су бекетінің (КБМ – кешенді блок-модуль) құрылғысы істен шығып, КБМ жұмысын тоқтатса, ел суды қайдан алады? – деген сұрағына ауыл әкімі А.Оразалин: «халық су ішпейді» деп жауап берді. Қазір Кеңтүбекте ешбір құдық ауыл әкімдігінің қарамағына алынбаған, тіпті иесіз тұрған тұщы суы бар құдық жоқ. Ертіс өзені алыс. Көбісі көрші ауылдан көлікпен тасиды, қалғандары лай суды тұндырып тұтынады. КБМ-ге жыл са­йын миллиондаған қаржы жұмсалады, сүзгісі ауыстырылып тұрғанына қарамастан, жиі істен шығады. Тиімсіздігін әрі шығыны көп екендігін біле тұра КБМ пайдаланылуда. «Бұл мәселені түбегейлі шешетін – аудандық топтық су құбыры» деген сөз Н.Пішенбаевқа дейін әкім болған Е.Айткеновтың кезінде айтыла бастады. Алайда содан бері 5-6 жыл өтті, Н.Пішенбаев ауданды басқарғалы да 3 жыл болды, әлі өзгеріс жоқ. Көктөбедегі су мұнарасы оқ тигендей тесіліп, жаз шығысымен айналасын шалшық су басады. Ауыл тұрғындарын ауыл әкімі А.Оразалин сотқа бергенін айттым, ақыры сот отырысында өзі талап арызынан бас тартты. Ең бастысы, сот отырысында шынайы жағдай баяндалып, көптеген мәселелерді ауыл әкімінің өзі мойындады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», ауыл әкімін аудан әкімінің тағайындауы тиімсіздігін көрсетті. Ауыл әкімінің жұмысына қоғамдық бақылау жасау жергілікті әкімдердің ашу-ызасын тудырып, сотқа дейін барды. А.Оразилин Кеңтүбекке әкім болып келгелі ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Билік – халыққа қызмет етуі керек болса, жұрттың наразылығын тудырар әрекет жасамауы қажет, әрекетсіздіктің де пайдасы жоқ. Қазір шындықты айтатындар жоқтың қасы, шамалары келгенше, жағымпазданады. Қара бастарының қамы үшін қалың елге берген уәдесін де ұмытып кететіндер бар. Ауыл әкімінің айналасында, аудан әкімінің жанында да ондай адамдар аз емес. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Жуас, момын елдің қамын ойлар азаматтардың әрекетін қолдау, үн қосу әрқайсымыздың парызымыз. Әкім халықты басқаруы керек, бірақ жұрттың ашу-ызасын тудырмауы тиіс. Өкінішке орай, ауылдағы жұрт өз болашағына алаңдаулы. Ашық айтуға қорқады, осы күнімізге зар болып қаламыз ба деп үрейленеді. Алдағы сайлауға үміт артады, сол үміт ақталса игі. Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ Кеңтүбек ауылы Май ауданы Павлодар облысы