ОЛИГАРХТАР ӨЗІНЕ КЕРЕГІН ҮКІМЕТ АРҚЫЛЫ ШЕШЕДІ

 
Азамат ӘБІЛДАЕВ, Мәжіліс депутаты: –  Депутат болғаныңызға бір жылдан асты. Осы аралықта Парламент қабырғасында қандай мәселелерге белсене араластыңыз және көтерген мәселелеріңіз қаншалықты шешімін тапты? – Парламентке келгенде бірінші көтерген және заң жобасын алып, түзетулер енгізген мәселелерімнің бірі – жетім балалардың баспанасы туралы болды. Заң жобаларына байланысты бірқатар ұсыныстарым қабылданды. Салық туралы заң жобасы қаралғанда, оған 70 пайыздай өзгерістер енгіздік. Әсіресе кәсіпкерлікке қатысты салық жүйесін сүзгіден өткіздік. Бірақ жұмыс топтарында «ақжолдықтардың» дауысы кем түсіп, ұсыныстарымыздың бірқатарын енгізе алмадық. Қалай болғанда да заң салық төлеушілердің мүддесіне шешілуі керек еді. Салық төлеушілер біздің қисық-қыңыр заңымыздан зардап шекпеуі керек. Қабылдауыма келген қарияның салыққа қатысты айтқан мәселесі мені қатты ойландырды. Ол кісі көлігінің салығын Астана қаласындағы мекенжайы бойынша Есіл ауданына төлеп келген екен. Тұрғылықты жері қаланың басқа ауданына ауысса да, ол салығын бұрынғы ауданға төлеп жүре берген. Уақыт өте келе Салық комитетінің қызметкерлері келіп, салықты төлемегені үшін айыппұл, оған қоса үстеме құн төлеуі қажеттігін жеткізген. Ағамыз төлемдерінің қағаздарын көрсетіп, дәлелдесе де салық инспекторлары басқа ауданға төлеп жатқандығын айтып көнбеген. «Сонда бұл салықтың бәрі бір аудан, бір қала, арты аяғы бір мемлекетке түсіп жатыр емес пе? Қай жақтан төлесем де әйтеуір төленсе болды емес пе?» деп қынжылады ақсақал. – Бұл жерде салық төлеуші де, салық инспекторы да кінәлі емес. Мәселе заңымыздың осалдығында болып тұр ғой?   – Әрине, заңның бәрі мінсіз деп айта алмаймын. Сонда әр ауданның Салық комитетіндегі қызметкерлер айыппұл, үстеме құн тағайындауды өздері шешетін болып тұр. Мұндай келеңсіздікті қараған кезде біз өткізіп алған болып тұрмыз. Сол себепті халықтан салық мекемесіне байланыс­ты көп шағым келіп түседі. Бұл жерде салық мекемесі электронды пошта арқылы салық төлеушіге хабарландыру жібереді. Сіз ол хабарламаны алсаңыз да, алмасаңыз да, оған жауап жіберуіңіз керек. Олай болмаған жағдайда, айыппұл, үстеме  құн төлейсіз. Салықты тек қана қаладағы адамдар ғана емес, ауылдағы адамдар да төлейді. Ал ауылдардың барлығына интернет жетіп жатқан жоқ. Германия сияқты дамыған елдерде электронды поштамен қоса, жай поштамен де хат жіберіледі. Оған жауап алмаған жағдайда ғана айыппұл салынады. Ал бізде интернетке қол жетімді, жетімсіздігін ескермей, «электронды түрде хабарлама жібердік» деп қойып отыра береді. Сондықтан ауылдардағы салық төлеушілер аудан орталығындағы балалары, туған-туыстарының мекенжайын көрсетіп, оларға интернет орнатып қойып барып жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Ал сол мекенжайға салық инспекторлары келіп тексеріс жасап, «салық төлеуші заңды мекенжайында отырған жоқ» деп тағы да айыппұл салып кетеді. Соның кесірінен фирманың есеп-шотына шектеу қойылып, жабылып қалады. Бұл есеп-шотты фирманың құжаттары дұрыс болған жағдайда бір аптаның ішінде қайта ашуға болады. Олай болмаған жағдайда кәсіпкер есеп-шотын ашу үшін біраз әбігерге салынады. Ал бұл фирманың шетелдік серіктестері болуы мүмкін. Осы аралықта екі жақ келісім-шарт бойынша ақша аударымын жасауы қажет. Міне, қарап тұрсаңыз осындай болмашы  кемшіліктердің кесірінен бизнес зардап шегеді. – Салық төлеуші өзінің заңды жұмыс атқарғандығын дәлелдеген жағдайда салық инспекторы қандай да бір жауапкершілікке тартыла ма?  – Қазіргі заң бойынша мұндай жағдайда салық мекемесі қызметкерлері ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Мен осы мәселені де қозғадым.  Кәсіпкерлікке залал келтіретін кемшіліктерге қатысты көптеген ұсыныстар жасадық, бірақ оның 20-30 пайызын ғана заңға енгізе алдық. Бізді, «ақжолдықтарды», олигархтарды қорғаштайды, солардың құқын күйттейді деп жиі айтып жатады. Бірде мен әріптестеріме: «олигархтарға бір нәрсе керек болса, олар үкіметтің басшысына шығып, сол жақтан өздеріне қажетті дүниені жаздырып алады. Ал сол заң жобасы бізге келіп түскен кезде, қалай дауыс бергенімізді өзіміз де байқамай қаламыз» деген едім. Кейбір олигархтардың мекемелерінің қақпасынан салық инспекторлары түгілі, әкімдер кіре алмайды. Орта бизнесті қалыптастыру үшін біз кәсіпкерлердің  мәсе­лелерін шешуге тырысудамыз. Кәсіпкерлік – тек «ақжолдықтардың» ғана емес,  Қазақстанның мәсе­лесі. Ертеңгі күні мұнайы­мыз да, шикізатымыз да бітеді. Сондықтан қазір кәсіп­кер­лікке барынша жағдай жасап, кәсіпорындарға жұмыс істетіп, өнімдерімізді шетелге экспорт­тауымызға күш салуға тиіспіз. Сонда ғана бізге шетелден валюта келіп, эконикамызға қан жүгіреді. – Парламентте Ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша комитеттің мүшесісіз. Жалпы, сіздің ойыңызша осы ауыл шаруашылығын қалай дамытуға болады?     – Мен өзім ауылда өстім, ауыл шаруашылығын жақсы білемін. Асыл тұқымды мал шаруашылығым бар. «Түрікпен» деген агрофирманы басқардым. Сол фирмада қойдың санын 12 мың, жылқының басын 500-ден асырғанмын. Ал шетелден 5 мың долларға сиыр әкелуге басынан қарсы болғанның бірімін. Қазір министрдің айтуы бойынша, елімізде 37 миллион мал бар екен. Оның үстіне шетелден сиыр әкеліп көбейткелі жатырмыз. Бізде мал саны артқан сайын мал дәрігерлерінің тапшылығы да байқала түсуде. Қазір бізге 20 мың ветеринар жетіспейді. Енді сол жетіспейтін кадрларды шетелден алдырмақшымыз. Сонда тағы да бес жылдың ішінде малдың басы өсетін болса, бізге 40 мың осындай маман қажет болады. Еліміздегі Ауылшаруашылығы институттарынан жылына бар-жоғы 500-600 маман шығады екен. Сонда бұл олқылықтың орнын қашан толтырамыз? Қазіргі табылып жақтан көптеген аурулар бізде болмаған және бізде оларға қарсы вакцина да жоқ. Егер қазір біз 5 мың долларға мал сатып алып отырсақ, ертеңгі күні 2500 мың долларға вакцина сатып алып отыруға мәжбүр боламыз. – Сонда сіз шет елден мал әкелуге қарсысыз ба? Пікіріңізді таратып айтыңызшы. – Шетелден малдарымызды асылдандырамыз деп әкеліп жатыр. Мұндайда әр облыста үкіметтің қаржысына малды асылдандыратын заводтар салынуы керек. Шетелден әкелінген мал сол жерде 2-3 жыл карантинде тұруға тиіс. Сол жерде ұрықтандырылып, өзіміздің табиғатқа бейімделуі қажет. Содан кейін одан шыққан репродукцияны шаруа қожалықтарына сатуға болады. Еуропалықтардың малды асылдандыруды қолға алып жатқандарына көп болса 200 жыл болған шығар. Ал біздің ата-бабаларымыз оны ғасырлар бойы жасап келген. Олардан асқан  селекционер болмаған. Қазақтардың Еділбай қойының салмағы 170 келіге дейін барған. Қазір де солай. Менің шаруа қожалығымда осындай қойлар бар. Қазір шетелден әкелінген сиырдың салмағы көп деп шуылдап жатыр. Ол түк те емес. Алматының түбінде «Алатауский» деген сиырдың түрі (породасы) бар. Кезінде «Чемпион» сиырлары 47 литр сүтке дейін берген. Ал қазіргі әкеп жатқандары 20-25 литр ғана береді. Біз де шетелдіктер сияқты сиырларды өріске жаймай, ауыздарына бәрін тықпаласақ, ол сондай ет берер еді. Бірақ біздің сиырлар жайылып жүріп-ақ сол өнімді беріп келеді. Ал шетелден алып келген сиырларды жайылымға шығарып жіберсе, көтерем болып өліп қалады.  Ет өнімін экспорттау жағынан біздің елдің мүмкіндігі өте жоғары. Ең экологиялық таза ет – жайылымдағы малдың еті. Яғни мал төрт мезгіл жайылымға шыққанда 5 мың шөп түрін жейді екен. Қазір «ҚазАгро» «АПК – 2020» бағдарламасын қабылдап жатыр. Бұл бағдарламаның кемшілігі сол, сиыр малын жайылымдарға айдауға келмейтінін ескермеген. Басқа төрт түлік малды жайылымдарға айдап өсіру өте тиімді. Бірақ, сиырды жайылымнан жайылымға айдап асырайтын болса, бәрі қырылып қалады. Ал бұл бағдарламаны жасағанда субсидияны да, басқа жеңілдіктерді де сиырларға қатысты жасап қойған. – Осындай кемшіліктерді болдырмауға Ауыл­ша­руа­шылығы мәселелері бойынша комитеттің атынан қан­шалықты ықпал етіп  жүрсіздер? – Біз қазір комитеттің атынан жайылым туралы заң жобасын дайындап жатырмыз. Біздің бірқатар облыстарда, әсіресе оңтүстік, Алматы облыстарында ауылдар бір-біріне өте жақын орналасқан. Ауылдағы адамдар мал саны артса, қайда жаярын білмей отыр. Мысалы, менің ауылымда бір әйел 300-дей қой, 100 шақты сиыр асырап отыр. Ол малын ауылдың шетіндегі шағын жерге жайып келеді. Ал ол жерді демалдырмаса, жер деградацияға ұшырайды. Ауылдың сыртында, шалғай жерде бұрынғы  мал жайылымдары бос тұр. Заңның жоқтығынан ол сол жерге малын жая алмай отыр. Ал Кеңес кезінде ауылдың ішінде 1-2 бас мал ұстауға рұқсат етілген. Қалғанының бәрін шопандар ұстаған. Жерді құртып алмау және мал шаруашылығын дамыту үшін біз осы жайылым туралы заңды қайта қозғап жатырмыз. Қазір жерді иемденіп алып не өзі жұмыс істемей, не өзгеге жұмыс істеттірмей отырғандар көп. Негізінде жер мемлекеттің құзырында болуы керек. Жекеменшікке берілген жерлер шаруашылыққа пайдаланылмаса үкіметтің құзырына қайтарылуы қажет. Менің де жерлерім бар. Бірақ осы заңды қабылдайтын болса, мен сол жерлерімді өткізуге дайынмын. Себебі бұл заңның аясында ауыл шаруашылығына қатысты біраз шаруалар реттеледі. – Ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі туралы не айта аласыз? – «ҚазАгроның» ауыл шаруашылығын қаржыландыру бағдарламалары жақсы жүзеге асып жатқан сияқты. Мен аймақтарды аралағанда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып жұмыс істеп жатқандарды көрдім.  Негізінде ауыл шаруашылығын дамыту  үшін  «Ауыл шаруашылығы банкі» құрылуы керек. Қазір «ҚазАгро» Үкіметтен 0,1 пайызбен алған ақшасын 9 пайызға дейін көтеріп, несиеге беріп жатыр. Бұл пайыздар «ҚазАгро» және оның жанынан құрылған «ҚазАгро финанс» сияқты мекемелердің жұмыс істеу барысынан құрылып отыр. Сондықтан меніңше тікелей ауыл шаруашылығымен айналысатын банк құрылуы керек. Банк құру да оңай емес. Бірақ біздегі көптеген банктердің аймақтарда филиалдары бар. Осы банктерге сол ақшаны беріп, 3-4 пайыздан асырмауын талап етуіміз қажет. Сонда банктегі қызметкерлер, менеджерлер несиені нақты есептеп, берген несиенің қайтып келуіне жұмыс істер еді. Бірақ несиені дұрыс пайдалана алмай жатқандары да бар. Малдардың қырылып жатқаны да сол кәсіпкерлдердің өздеріне байланысты. Бізде солтүстіктің 40 градус аязына құс зауытын салып, оңтүстікке келіп егін егетіндер де бар. Сондықтан ауыл шаруашылығына қатысты ғалым, академиктермен ақылдасуымыз артық етпейді. Сонымен қатар бұл іске жергілікті әкімдерді  жұмылдыру керек. – Зейнетақыны 50 мыңға көтеру мәселесін қозға­дыңыз. Бұл ұсынысыңыз жүзеге асуы мүмкін бе?  – Осыдан жарты жыл бұрын біраз депутаттар аудан, ауылдарды аралап, халықпен кездестік. Депутаттар сөйлеп жатыр, ал жиналған жұрт шаршағандары соншалық сұрақ та қоймайды, ұсыныс та жасамайды. Содан мен «Сонда сіздердің барлықтарыңыз жақсы тұрасыздар ма? Сіздер бізді телеарналардан ғана көресіздер, біздің қолымыздан көп нәрсе келмейді, бірақ сіздердің мәселелеріңізге қатысты заңды реттеп, шешімін табуға ықпал ете аламыз» дедім. Содан барып, сұрақ пен ұсыныстар көп түсті. Қарап отырсаң, өте күрделі мәселелер. Ауылды жерде бәрі зейнетақыға қарап отыр. Бірақ зейнетақы аз. Бұл әділетсіздік қалай туып отыр? Кезінде ауылда жұмыс істегендер таңғы бесте кетіп, түн ортасында келетін. Демалыс күні деген болмаған. Соған орай айлықтары қомақты болған. Бірақ рубль теңгеге ауысқан кезде олардың жалақылары төмен есептеліп, зейнетақылары да ең төменгі көрсеткішпен тағайындалған. Осы мәселені үлкен кісілеріміз жылап тұрып жеткізген еді. Оны бәріміз біліп жүрміз, бірақ мәселені ешкім көтермей келеді. Келгеннен кейін Статистика агенттігінен зейнетақы алатындардың мәліметін алдырдым. Сонда ең төменгі зейнетақы алатындардың саны  43 204 адам екен. Олардың алатын 27-28 мың мен 50 мың аралығындағы 20-25 мыңды есептегенімде бюджеттен жылына 74 млн. доллар ғана ақша кетеді екен. Бұл біздің мемлекет үшін түк емес. Сол үшін мен осы мәселені көтердім. Биыл елімізде 200 млрд. ақша игерілмей қалды. Бұл деген біздің жасап жатқан бағдарламалар жүзеге аспады, халыққа дұрыс жетпеді деген сөз. Сондықтан бюджетті осындай мәселелерге есептеп шығарғанымыз жөн. –  Әңгімеңізге рахмет!  Сұхбаттасқан – Шынар ШӘКЕН
Халық сөзі