Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған 2021 жылдың алғашқы күнінде бір-бірін Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президенті коронавирус пандемиясына қарамастан екі ел арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Былтыр өзара сауда көлемі 2,6 миллиард долларды құраған. Мемлекет басшысы сауда-саттықты арттыруға және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға күш салуды ұсынды. Түркия Президенті мұндай ұсынысты қабыл алып, соның нәтижесінде бірлесе отырып сауда көлемін үш есеге ұлғайтуға болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары Түркияның халықаралық аренада ықпалы артқанын, оған Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтатуға қатысқаны да куә болатынын атап өтті. Режеп Тайип Ердоған көп жылдық қақтығысқа Түркияның араласуына қатысты берілген бағаға ризашылығын білдірді.

Түркия Президенті короновирус пандемиясына қарсы екі елдің іс-қимылын жоғары бағалап, Қазақстан басшылығының батыл әрекетінің арқасында мемлекеттегі эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынғанын жеткізді.

Режеп Тайип Ердоған биыл қаңтардың 10-ы күн өтетін Парламент сайлауына сәттілік тілеп, дауыс беру барысын Түркияның өкілдері бақылайтынын айтты. Әңгімелесу соңында тараптар осы жылы Түркия Президентінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.