Ауыр жыл болғанымен ауқымды іс атқарылды – Берік Уәли
2020 ж. 29 желтоқсан
1237
0
Санаулы күннен кейін 2020 жыл да аяқталады. Осыған орай Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жыл бойы атқарған жұмысы жайында "Хабар-24" телеарнасына сұқбат берді.
Сұқбат барысында елімізде дағдарысқа қарсы қабылдаған шешімдер кеңірек баяндалған.
"Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында модульдік жұқпалы ауруханалар салынып, миллиондаған адамға қаржылай және гуманитарлық көмек көрсетілгені айтылады. Ал 700 мыңнан астам компания мен кəсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалғаны да атап өтіледі. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Осы ретте 2020 жылы 492,5 мың педагогтің жалақысы 25 процентке өсті", - деді Мемлекет басшының баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ Прзидент тапсырмасымен 1 қаңтардан бастап еңбекақы тағы 25 процентке ұлғайтылады. Жалпы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында билік өкілдерінің халықпен кездесулері артып, азаматтарды қабылдау да оңтайлана түскен.
Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы:
- Мемлекет басшысы өз жұмысында халықтың денсаулығын қорғау, экономиканың тұрақтылығы мен даму қарқынын сақтау, білім беру салаларын басты назарда ұстады. Соған сəйкес, маңызды шешімдер жедел қабылданып, оны жүзеге асыруды Үкімет пен əкімдерге жүктеп, нəтижесін жіті қадағалап отырды. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар салынды. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді.
Халықаралық ынтымақтастыққа келсек, 35-тен астам мемлекет басшыларымен, түрлі ұйым өкілдерімен кездесулер өтті. Жыл басында бірқатар елге ресми сапармен барып, кейін 30-дан астам мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Еуразиялық экономикалық одақ елдері басшыларының кеңесінде интеграциялық бірлестіктің 2025 жылға дейін стратегиялық жоспарына ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, кейбір бөлімдерін мұқият тексеру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, Президент өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін үндеу жариялап, бұл істі соңына дейін жүргізуді тапсырды.
Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы:
- ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қуғын-сүргін, ашаршылық зобалаңы ел тарихында қасіретті кезең болғаны баршаға белгілі. Ғалымдарымыз қазақ даласында 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісінің болғанын айтады. Халқымыз бастан кешкен бұл тауқыметті жылдар "Ақтаңдақтар кезеңі" деп аталып кетті. Сондықтан тарихи əділдікті қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекет басшысы биылғы 30 мамырда үндеу жариялады. Президент сол үндеуінде "Жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау баршамыздың перзенттік борышымыз" деп атап өтіп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бүгінге дейін жүргізілген жұмыстарды соңына дейін жеткізуді тапсырды.