Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

0
409

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Премьер-Министр Асқар Мамин еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы мен әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жайында есеп берді.

Бұл туралы «Қазақ үні» Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет басшысы республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бақылауда екенін, күнделікті жаңадан індетке шалдыққандардың саны 0,4 пайызға өсіп отырғанын, еліміз бойынша коронавирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9 пайызды құрайтынын айтты. Жұқпалы аурулар ауруханаларының 28 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 20 пайызында адамдар емделіп жатыр. Қазіргі уақытта COVID-19 індетінің таралу қарқыны бойынша Атырау облысы «қызыл аймақта», Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «сары аймақта», қалған өңірлердің барлығы «жасыл аймақта» тұр.

Биылғы 19 желтоқсанда отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы басталды. Оның шеңберінде 3 мың ерікті азаматқа екпе егілуде.

2021 жылы наурыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданында жылына қуаты 60 миллион мөлшерде вакцина шығаруға жететін биофармацевтикалық зауыт пайдалануға беріледі. Сонымен бірге Қарағанды қаласында ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару өндірісін іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Мемлекет басшысына инвестиция тарту, өңірлерді дамыту жобаларын жүзеге асыру, халықты жұмыспен қамту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзге де өзекті мәселелері жөнінде баяндалды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз