Сайлау сахналық қойылымға айналмасын
2020 ж. 13 желтоқсан
2989
2
лдымыздағы қаңтар айының онында өтетін сайлау бүгіннің өзінде бүкіл халықтың бар назарын өзіне аударып отыр. Өйткені, еліміздің ертеңі мен халықтың тұрмыстық жағдайының қандай болары бір жағынан осы таңдауға да байланысты болмақ. Айтулы күн жақындаған сайын оған дайындық қыза түсті. Сайлауға қатысатын партиялар білектерін сыбанып іске кірісіп те кетті. Бәрінің мақсаты – неғұрлым көбірек халықтың дауысын жинау, бәрінің айтатыны – сайлау ашық және әділ өтуге тиісті. Билік басындағылардан бастап, қатардағы қарапайым дауыс берушілердің де талабы мен ұсынысы осындай. Көкейлерінде дауыс ұрланып, сайлау қорытындысы бұрмаланып кете ме деген күдік те жоқ емес...
Сайлаудың заң талабы бойынша белгіленген алғашқы дайындық жұмыстары аяқталды деуге болады. Әрбір партия өз кандидаттарының тізімін өткізіп те қойды. Енді негізгі үгіт-насихат кезеңі де басталып кетті. Негізгі деуіміздің себебі, кім өзінің бағдарламасы бағалы екеніне халықты иландыра алса, солар көп дауыс жинауға тиісті.
Біз талай сайлауларды бастан өткердік. Соның бәрі бірдей әділ және ашық өтті деп айта алмаймыз. Өткен сайлаулардағы заңбұзушылық пен кемшіліктер туралы кезінде аз айтылған жоқ. Мемлекет басшымыз айтқандай бұл жолғы сайлау әділ, ашық өте ме? Оны уақыт көрсете жатар, дегенмен әділ өткізуге міндеттіміз.
Сонымен бұл жолғы сайлаудың бұрынғыдан қандай ерекшелігі бар? Алдымен жаңа ережеге сәйкес саяси партия Парламент Мәжілісінің, мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде 30 пайыздық мөлшері әйелдер мен 29 жасқа толмаған үміткерлерді қамтуы тиіс. Бұл осы сайлаудың бұрындар болып көрмеген басты жаңалығы. Демек депутаттық қ корпус жасарады деген сөз. Зейнеткерлік жастан әлдеқашан асып кетсе де депуаттық креслоға жабысып алып, Мәжіліс залында ұйықтап отыратын қариялардың қатары азаятын болады.
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап, – деп Абай хәкім жазғандай бұл науқанға аз қаржы жұмсалмайтыны белгілі. Ресми орындардың жариялауынша Мәжіліс пен мәслихаттардың бірлескен сайлау науқанына кететін шығындардың жобалық сметасы 15,3 миллиард теңге көлемінде екен. Соның басым бөлігі сайлау комиссияларында жұмыс істейтін адамдардың жалақысына жұмсалады. Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, сайлау науқаны кезінде комиссияларда жұмыс істейтін мамандарға үш минималды еңбекақыдан төмен болмайтын жалақы белгіленеді. Бұл – заң талабы. Жалақы сайлауға бөлінген қаржы есебінен төленеді. «2020 жылда үкімет минималды еңбекақыны 42 500 теңге көлемінде белгілеген болатын. Сондықтан, сайлау комиссияларының мүшелеріне, кем дегенде, 127 500 теңгенің жалақысы төленеді. Сондай-ақ, уақытынан артық жұмыс істегені үшін де ақы төленеді. Бірақ оның көлемі айына 12 сағаттан аспауы тиіс», – деді Мұстафина ОСК-да өткен онлайн брифингте. Тарқатып айтсақ, осы жылдың аяғына дейін ұсынылған шығындардың мөлшері – 10,8 миллиард теңге. Соның 7,3 миллиард теңгесі, яғни, жалпы шығындардың 68 пайызы 10 061 сайлау комиссиясында жұмыс істейтін 70 681 адамның еңбекақысына жіберіледі. Бұдан бөлек, 3,5 миллиард теңге (32% ) бюллетеньдерді шығаруға, полиграфиялық қызметтерге, ақпараттық жұмысқа және сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық шараларына жұмсалады.
Бұл бюджеттен бөлінетін қаржы. Оған қоса додаға қосылған әр партия өзінің әрбір кандидаты үшін 640 мың теңгеге жуық қаржы төлейді екен. Сайлауда қаржы негізгі қару, ақшасыз ел аралап үгіт жүргізе алмайсыз. Яғни, Абай атамыз айтқандай, депутат болу үшін бар малын шығындауға тура келеді. Ал бұның алдындағы сайлауда 7 пайыздан астам дауыс жинаған партиялар бұл жарнадан босатылады. Олардың қатарында «Нұр Отан», «Ақ жол», бұрынғы коммунистік, қазіргі ата-тегін өзгерткен халықтық партия бар. Неге? Бұл футболдан әлем чемпионаты емес қой. Өткен додада бірінші орын алған команда іріктеуге қатыспай, бірден ақтық айқасқа жолдама алатын. Демек, үміткер партияларға бірдей мүмкіндік жасалмаған. Сайлау басталмай жатып, алалауға, енді бірін даралауға жол берілген деген сөз.
Алдында айтқанымыздай, халықтың басты талабы – сайлаудың ашық та әділ өтуі. Ол үшін не істеу керек? Дұрыс, сайлаудың қоғамның белсенді өкілдерінен тұратын бақылаушылары болуы қажет, онсыз әділ сайлау болмақ емес. Біздің тәжірибемізде одан ешқашан кемшілік болмаған секілді. Өзіміздікін айтпағанда, тіпті шетелдік бақылаушылар да шақырылады. Әрине, олардың ішіп-жемі, жатын орыны, жолақысы сияқты шығындарына қыруар қаржы жұмсалады. Бірақ солардың өзіміздің бақылаушылар көрген кемшіліктерді де көрмейтіні таңғалдырады. «Бәрі окэй!» деп кете барады. Ондай бақылаушылардың қажеті қанша?
Сайлау қарсаңында осы бақылаушыларға қатысты қоғамда көптеген сұрақтар пайда бола бастады. «Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы сайлауды тәуелсіз бақылауды шектейтін қаулы қабылдады. Құжатта сайлауды бақылауға құқығы бар ұйымдар ғана сайлау учаскесіндегі дауыс беруді қадағалай алатыны, ал фото-видеоға түсіру үшін сайлау комиссиясының рұқсаты керек екені айтылған» – деген әңгіме туындап жатыр. Айталық, бұл туралы кейбір басылымдар сарапшы және өзге де мамандардың пікірін жариялап үлгерді. Тәуелсіз бақылаушылар бұл талап заңға қайшы деп санайды. Мысалы тәуелсіз бақылаушылар оқытумен айналысқан "Baqylau" жобасының жаттықтырушысы Ғалымжан Оразымбет «Азаттыққа» берген сұқбатында: «Осы қаулыда заңға қайшы, бақылау еркіндігіне, оның сапалы болуына кедергі келтіретін бірнеше жайт бар. Біріншісі – видеотрансляция жасауға тыйым салу. Құжатта оны БАҚ өкілдері атқаратын функция ретінде көрсеткен. Біз бұны азаматтарды кәсібіне қарай алалап, құқығын таптау деп бағалаймыз. Қазақстан Конституциясында «әрбір азамат ақпаратты кез келген жолмен алуға және оны таратуға құқылы» деп көрсетілген. Қателеспесем, БАҚ туралы заңда да мұндай норма бар. БАҚ, коммерциялық емес ұйым өкілі немесе кандидат болсын, әрбір бақылаушының статусы, құқығы бір. Олардың біріне артықшылық беру – құқықтық тұрғыда дұрыс емес», – дейді Ғалымжан Оразымбет.
Оның айтуынша, Конституцияның 20-бабының 1-тармағында бақылаушы заң бұзу фактісін анықтаса, оны нақты дәлелмен бекіту керектігі көрсетілген. Бұл бақылаушы фото-видеомен ғана дәлел-дәйек келтіре алады деген сөз. Екіншісі – фото-видео түсіруге шектеу қою. Бұл да Қазақстанның сайлау туралы заңына кереғар. Конституциялық заңда әрбір адамның фото-видео түсіруге құқылы екені айтылған. Яғни, қаулы бақылаушының құқығын ғана емес, міндетін де атқаруға кедергі келтіріп отырған норма. Одан кейін, видеоны «сайлау комиссиясы бекіткен жерден түсіру керек» деген бөлігі бар. Бұл да бақылаушының бүкіл процесті толық бақылауына кедергі келтіреді.
«Егер сайлау комиссиясының мүшесі немесе төрағасы бақылаушыға бір жерден орын белгіліп, видеоны сол бұрыштан түсір десе, ол жерден түсірілім жасаудың ешбір мәні жоқ. Бақылаушы процесті анық бақылап, түсіре алмайды. Рұқсат сұрау жайына келсек, БАҚ туралы заңның 14-бабында азаматтарға қандай жағдайда фото-видео түсіруге тыйым салынғаны айтылған. Заңға сәйкес, қоғамдық, мәдени, басқа да шараларды түсіруге тыйым салынбаған. Ал сайлау қайсыбір азаматтың жеке шаруасы емес. Сайлау – қоғамдық шара. Ол жерге бақылаушы сайлаушының тойын түсіруге емес, қоғамдық орынға, қоғамдық шараға барады» – дейді маман. Расында, сайлау сахналық спектакль немесе кино түсіру емес қой. Ал комиссия төрағасы оны түсіруші режиссері емес. Бұл саяси мәні өте зор бұқаралық, қоғамдық жауапты науқан. Сонда бұл қаулының күші заңдардан, кодекстерден, тіпті, Конституциядан жоғары болып кетейін деп тұр ғой. Ал шын мәнінде Конституция, одан кейін Қазақстан бекіткен түрлі халықаралық келісімдер бар. Ішкі заңдармен қайшылыққа келген жағдайда халықаралық келісімдердің нормалары басым болуға тиісті. Тек осылардан кейін ғана қаулы, үкім, жарғы және басқалары тұрады. Олай болса осы қаулыны шығарушылар заң жағынан мүлдем сауатсыз болғаны ма? Әлде сайлауға біреулерге тиімді өзгеше бір саяси астар жүргізу ме? Сайлау басталмай жатып бақылаушылардың құқығын шектеудің не керегі бар еді? Онсыз да бұл науқанға бейжай қарайтын бұқараның сайлауға деген сенімін селдіретпей ме?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге Президент болғаннан кейін халық үнін еститін мемлекет құрамыз деген тамаша бастама көтерді. Оны бүкіл халық қолдап отыр. Жанайқайын билікке жылдар бойы жеткізе алмай келген жұрт бұл жақсы жаңалыққа шын мәнінде қуанып қалған-ды. Қазір техника дамыған заман, әлеуметтік желіні күніне бір рет қана шолып қараған адам халықтың мұңын, оның қалай өмір сүріп жатқанын бірден аңғарады. Бірақ біздің билік басындағылар соны біле тұрса да көрмегендей, естімегендей болады. Тіпті, БАҚ-та көрсетіліп, жазылып жатқан жағдайларға да көңіл аудармайтын сияқты. Міндетті түрде мемлекет басшысына жүгініп, мыңдаған адамдардың қолын жинап ресми хат жолдау керек. Егер барлық мәселені тек қана Президент шешіп жатса, біздегі Үкімет, штаты жыртылып айрылатын қаптаған мемлекеттік органдардың қажеті қанша, бәрібір ештеңе бітірмейтін арамтамақтарды таратып жіберген жөн.
Олай болса бітелген құлақтары әлі де ашыла қоймаған мемлекеттік органдарға халық талай жылдан бері айтып келе жатқан мына жағдайларды қайталай кетелік.
1.Біздің Парламентте екі палата бар. Екеуінің де атқаратыны бір жұмыс. Сондықтан, оның біреуін тарату қажет. Бұл қаржылық жағынан да тиімді. Оған қоса депутаттарды Президенттің тағайындауы мен ҚХА тарапынан ұсынуды тоқтату керек. Президент пен ҚХА халықтан бөлек жеке мемлекет емес қой.
- Партиялық тізіммен сайлау таңдаудың тиімді жолы емес. Өйткені, халықтың басым бөлігі ешқандай партияға мүше емес, тіпті осы партиялардың бар екенін де білмейді. Сол тізімнің ішінде алаяқ та, жемқор да кетуі мүмкін. Сондықтан, әр үміткерге жеке дауыс беру әділ болар еді.
- Әр облыс өз үміткерлерін сайласын. Сайланған депутат сол аймақтың мүддесін қорғайтын болады. Үмітін ақтамаса оны қайтаратын құқық берілгені жөн.
- Жергілікті мәслихатта көптеген партия мен қоғамдық ұйымдар өкілдері болсын. Әкімнің алдында құрдай жорғалайтын мәслихатқа өз құзіретін толық қолданатын мүмкіндік жасалсын. Ол үшін барлық деңгейдегі әкімдер де сайлансын.
- ОСК-ні қайта құру және құрамын жиі аустырып тұру қажет. Комиссияда жұмыс істеу үшін арнайы оқудың қажеті жоқ шығар. Жылдары бойы отырғандардың көбісі бір партияның мүшелері. Комиссиядағылардың ешқандай партия қатарында болмағаны дұрыс.