LATYNGA көшу – мәңгілік ел болу мәселесі

Құдай қазақтың тілеуін берді!.. Саяси шешім қабылданды! Латыншаға қазақ елі көшейін деп бел шешті. Енді қазақ үшін нағыз белдесіп, табан тірескен күрес басталды. Бұл күрес рухани тазару үшін, отарсыздану үшін, қазақтың «мәңгілік ел» болып қалуы үшін болатын күрес. Өйткені Ресей империясы латынға көшпейді, көшейін деп отырған да жоқ. Сондықтан қазақ еліндегі әрбір орыс келімсегі өзін Ресейдің 5-ші колоннасы ретінде сезінгендіктен, латынға көшуге қарсылық көрсететін болады. Ресейден келетін барлық туристер, эмигранттар, қонақтар, т.б. келімсектер және елімізге қаптап келіп жатқан газет-жорналдар мен ғаламтор арқылы бізді басып-жаншып тұрған ақпараттар мен ақпарат құралдары да латын әліпбиіне көшпейді. Яғни, Құдай қазаққа қазақтың тілеуін берді! – деп шаттанып іске кірісуіміз керек. Барлық қазақ мектептері мен қазақша оқу орындары, ақпарат құралдары, ғаламтор, газет-жорналдар, радио, телеарналар, медицина, мемлекеттік орындар мен кәсіпорындар барлығы-барлығы шамасы келген күннен бастап латынға көше беруіміз керек. Балабақшалар мен бастауыш мектеп оқушылары 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап латынға көшуі керек. Сөйтіп, 10 жылдан кейінгі мектеп бітіруші қазақ елінің азаматтары үшін кириллица бөтен жазу болып қалуы керек. Өмір талабы осыны талап етіп отыр. Біз қаласақ та, қаламасақ та солай болады, себебі мектеп оқушыларының 70%-ға жақыны қазақ тілінде оқиды, олар қазірдің өзінде орыстарды шетел азаматы деп біледі. Өйткені олар оқитын ауылдарда жалғыз орыс ұлтының азаматы жоқ. Ал орыс тілі ол қазақ балалары үшін қазірдің өзінде шетел тіліне айналды. Ал Ресей оқу орындарының қазақ еліндегі филиалдары, орыс баспасөздері мен басылымдары, Ресейден келетін газет-жорналдар, орыспен біріккен таможня, Еуразиялық Одақ, т.б. ресейшіл ұйымдар мен ұжымдар әліпбиін латынға көшірмейді. Оларды латынға Президентіміз де көшіре алмайды. Өйткені олар біздің мемлекеттік тілімізді, қап-қара түрімізді, қазақи салт-дәстүрімізді, Астанада қабылданған заңымызды, ел сайлаған Президентімізді менсінбейтіндігін тағы да көрсетеді. Ал біз латынға тез көшу арқылы көп нәрсе ұтамыз. Ең алдымен ақыр илейтін сол «бір терінің пұшпағын илей беруіміз керек». «Дорогу осилить идущий» – дейді орыс мұжығы. «Өлетін бала молаға қашады» демекші, кім латынға көшпесе, оның келешегі болмайды, яғни, рухани жағынан өледі. Барлық мемлекеттік мекемелердің латынға көшуін қатаң қадағалайтын «Тіл полициясын» құру керек. Құжат айналымдарын да латынға бұруымыз керек. Сөйтсек қана қазақ бізге келіп жатқан жүздеген Ресей газет-жорналдарынан, тағы да басқа Ресей мүддесін бізге тықпалаған кириллицадағы ақпараттардан құтылады. Ресей газет-жорналдарын ешкім сатып алмайды! Яғни, орыс тілі қазақ елінде керексіз болып далада қалады. Сөйтіп, мемлекеттік тілді нақты ресми тілге айналдырамыз. Әйтпесе, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі – ресми тіл» болып әлем халықтарының алдында өстіп күлкі – анекдот болып жүре береміз. Сондықтан барлық жиналыстар, отырыстар, салтанаттар, құжаттар тек мемлекеттік тілде, латын әліпбиінде жүруін бүкіл қазақ болып қатаң талап етуіміз керек. Қазақтың тағдыры тағы да қазақтың өз қолына берілді. Осы белбеуімізді шешіп соңғы рет белдесуге шыққанда, жеңуіміз керек. «Жеңілген күреске тоймайды» дегенге 5 жастағы бала да намыстанады. Біз жеңеміз! Алла Тағала қазақтың жағында! Біз жеңсек, түбі бір түрік жұрты бірігеді! Бүкіл түркілердің атажұрты – қазақ даласын қазақ рухы жайлап, қазақ елі мәңгілікке бет алады. Бізге нақ рухани отарсыздану туады, мемлекеттік тілдің бағы жанады. Осы істі бастап отырған және соңына дейін жеткізетін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тарихынан ойып тұрып өз орнын алады, оның аты тарихқа латын әліпбиінде алтын әріппен жазылады және бүкіл әлем оның тәуелсіздік үшін күрестегі теңдесі жоқ көрегендігіне қайран қалады! Кенесары ҚАПТАҒАЙ «Желтоқсан көтерілісі» ҚБ тең төрағасы «Болашақ жасар»