Біз Парламентте биліктің пікіріне қарамай халықтың мүддесіне сай дауыс береміз - Азат Перуашев
2020 ж. 08 желтоқсан
1603
8
Соңғы апталарда ел ішінде һәм әлеуметтік желілерде аты жиі аталып жүрген тұлға – «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев. Әсіресе оның «Ақ жолдың» құрылтайында жасаған баяндамасындағы ұстанымдар сарапшылардың қызығушылығын тудырды. Оның ішінде елдегі саяси басқару жүйесін билік монополиясынан парламенттік жүйеге көшіру туралы бастамасы қоғамда өткір талқы болды. Түрлі пікірлер айтылды. Саясатшылардың бір тобы қолдады, екіншілері сыни пікірлерін айтып жатты.
Осыған байланысты біз «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашевті аз-кем әңгімеге тарттық. Әлеуметтік желілерде ел шулаған көп сауалдың бірлі-екілісін біз де Перуашев мырзаның өзінен сұрап білдік.
Саяси жүйеде тектоникалық процестер жүріп жатыр
- Азат мырза, сайлау қарсаңында сіздер тағы да ел назарына ілініп отырсыздар. Сьезде сөйлеген сөздерден бастап, елдегі отыз жылдық саяси жүйеге берген өткір сын мен батыл бастамалар аз талқыланған жоқ. Соның ішінде, «Ақ жолдың» президенттік басқару жүйесінен бас тарту туралы ұсынысы саясаткерлердің арасында біраз әңгіме болды. Саясаткер Марат Бәшімов сіздің бұл ұсынысыңызды: «Ең прогрессивті бастама» десе, кадрлық дипломат Қазбек Бейсебаев: «Ақ жол» елді парламенттік республикаға айналдыра алады», депті. Ал тағы бір телеграм-канал тіпті «Әр мәслихатқа қоятын сонша Перуашевтарды қайдан табамыз» - деп те жазды. - Сарапшы мырзаларға осындай баға бергені үшін, әрине рақмет. Бірақ біздің сайлауалды бағдарламамызда айтылған бұл ұсынысқа біздің күнделікті жұмысымызды және алдынғы жылдары сөйлеген сөздерімізді білмейтін адамдар ғана таңдануы мүмкін. Өйткені, бүгінгі ұсынылған құжат біздің 2012 жылдан бастап Парламент алаңында мәлімдеген ұсыныстарымыздың дамытылған, толықтырылған, піскен нұсқасы. Неліктен сол баяндамалар сол кезде саясаткерлердің, қоғамның назарынан тыс қалды – ол жағы белгісіз. Мен қазір елде шынымен терең, тіпті тектоникалық процестер жүріп жатыр деп айтар едім. Оларды түсіну үшін қолданыстағы баламаларды жеткілікті түрде бағалау қажет. Мен бұл мәселеге қатысты өзімнің көзқарасымды былтыр 15 тамызда «Время» газетінде жарияланған сұхбатта: «Өзгерістер қажет және одан бастарту тіпті мүмкін емес» деп жеткізген болатынмын. Енді кешегі жарияланған жаңа бағдарламаны қараңыз. Жаңа бағдарламаның атауы да осы. «Түбегейлі өзгерістер қажет», деп аталады. Байқасаңыз, аспаннан алған ештеңе жоқ. Бүгінгі біздің көтеріп отырған мәселелеріміз біздің алдынғы жылдардағы тәжірибелерімізге негізделеді. Біз саяси жүйені демократияландыру, нақты нарықтық және әділ мемлекет қалыптастыру деген бағытты ұстанамыз. Мәжіліс депутаттығына үміткер, белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов: «Партияның бұл ұсыныстары жалдамалы саяси сарапшылардың бақыр есепке түзілген құрандысы емес, саясатта, қоғамда өз орны бар партияның көп жылдық тәжірибесі» деп жақсы айтты. Ия, бұл жолғы жаңа бағдарламамыз партиямыздың бұрыннан бері көтеріп келе жатқан бастамаларын одан сайын айқындай түскен шығар. Бірақ бұл ешқандай да сайлау алдындағы «ояну» немесе «хайп» емес, саясатта, экономикада және мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істеген жылдар бойы қалыптасқан тәжірбиеден туған құжат. Бұл құжатты біздің ортақ ұстанымымыз ретінде қолдаған съезд делегаттарына алғысымды білдіремін.Де-коммунизация!
- Сайлау науқаны басталғалы бері елдегі саясаи партиялардың едел-жедел әрекеттерге көшуі, Коммунистердің коммунизмнен бас тартуы, «Адал» мен «Ел тірегінің» пайда болуы нені білдіреді? Бұл оқиғалар сіздердің жұмыстарыңызға қалай әсер етеді? Сіз бұл партияларды қарсыластарыңыз немесе одақтастарыңыз деп санайсыз? - Бұл мен үшін қалыпты жағдай. Сайлау әрқашан үміттердің, жүйкенің, күрестің күшеюін талап етеді. Біреудің орындалмаған амбициясы бар, жеке жобалар өздерін жеңу үшін емес, басқалардың алдын алу үшін пайда болады. Кәсіби саяси стратегтер айналысатын көп сатылы комбинациялар іске қосылуда. ҚКХП-ның коммунистік атаудан бас тартуын біздің ұлттық тарихымызды ескере отырып, дұрыс деп санаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы шешімінен кейін биылғы жылдың 3 маусымында «Ақ жол» фракциясы большевиктер ұйымдастырған Ұлы жұтты (ашаршылық) халықаралық деңгейде мойындау, пролетариат диктатурасына қарсы қарулы көтерілістерге қатысушылардыоңалту жөніндегі іс-шараларды бастауды ұсынды (тарихшылар осы тақырыпта 20-30 жылдары 360-қа жуық көтеріліс болған деп есептейді). Сол кезде біз де-коммунизация «Ақ жол» партиясының маңызды қағидаттарының бірі болып табылатынын мәлімдедік. Ал атауларын ауыстырып жатқан «Адал» және «Ел тірегі» туралы пәлендей бірдеңе айту қиын. Олардың өз ұрандарынан басқа ешқандай тәжірибелері жоқ. «Ақ жолдың» қарсыласы кім, серіктесі кім? Қарсыластар мен серіктерстерге қатысты... Сайлау науқаны тұрғысынан, әрине, барлық партиялар бәсекелес. Алайда, сайлау стратегиясының екі негізгі түрі бар: проактивті идеология, партия өз бастамаларын ұсынған кезде, жаңасын ұсынады, ал «контр» идеология, партия бәсекелестердің шешімдерін сынға алып, әшкерелейді. Әрбір жағдайда оң және теріс жақтары бар: проактивті идеология қарсыластарды жете бағаламауы мүмкін; контр идеология, басқа пікірлердің соңынан ілесіп жүреді. Мен позитивті идеологияның жақтаушысымын. Біз үшін бәсекелестермен дау-дамайға түсү басты мақсат емес. Ең алдымен сайлаушыларға өз көзқарасымызды, елді қайда және қандай бағытта дамытатынымызды ұсынамыз. Яғни, «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін біздің жеке бағдарламамыз маңыздырақ. Егер басқа партиялардың арасында бізге жақын мақсаттармен бөлісетіндер болса, біз оларды серіктес деп санауға дайынбыз. Қарсы шыққандар қарсыластар екені анық. Бірақ бұл олардың бас ауруы. - Сайлау процессі басталған соң, түрлі саяси технологтардың болатыны белгілі. Дәл сайлаудың қарсаңында «Адал» деген партия пайда болды (бұрынғы «Бірлік» партиясы). Кейбір сарапшылардың пікірінше, аталған партияның мақсаты – сіздер мен «Атамекеннің» арасындағы жақындықты жасырып, «Ақ жолды» «бизнесмендердің партиясы» деген түсінікті өзгертіп, экономикалық тақырыппен қоса, саяси мәселелерге әсер ететін күшке айналдыру. Сіз осы пікірлермен келісесіз бе? - Мұндай нұсқалар туралы білмейді екенмін. Ал, саяси мәселелер туралы айтсақ – «Ақ жол» партиясының «Түбегейлі өзгерістер қажет» бағдарламасын оқып шығыңыз. Иә, нарықтық экономика және бизнесті қолдау туралы тарау маңызды орын алады. Бірақ қалған 5 бөлім мен бағдарлама көлемінің 70 пайызы нақты жалпыхалықтық тақырыптарға арналған: «Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы», «Демократия мен парламентаризм», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және деофшоризация», «Әлеуметтік әділеттілік», «Салиқалы сыртқы саясат». Жоғарыда айтқанымдай, бұл жылдар бойы «Адалдың» аты аталмаған кезде жасалған бастамалар, ұстанымдар. Мүмкін, бұл партияның пайда болудағы міндеті басқа шығар, мысалы биліктің қалауымен «Ақ жолдың» аз дауыс алуын қоғам алдында ақтау. Алайда, «режиссерлер» парламентте бизнесті қолдауға бағытталған қатаң сөздер сөйлеуіміздің арқасында тақырып басқа қатысушылар үшін тартымды бола бастағанын ескермеді. «Ел тірегі» партиясымен орнаған клоунада да осыған байланысты. Ауыл кәсіпкерлігі тақырыбын «Ауыл» партиясы қамтитынына кәміл сенемін. Ал «Nur Otan» тізімінде осы үш құрылымға қарағанда кәсіпкерлер көп. Сондықтан «экс-бірлікшілер» мұнда жалғыз емес. Бірақ қандай да бір партиялар шағын және орта бизнесті қолдау, адал бәсекелестік пен нарықтық экономиканы дамыту бойынша бізге жақын мәселелерді қолдаса біз оларды өзіміздің одақтасымыз деп санауға дайынбыз. Ең бастысы - инвестициялар мен технологиялар үшін тартымды, қалыпты бизнес-ахуалды қалыптастыру. - Әлеуметтік желілерде барсыз ба? Бар болсаңыз, оны өзіңіз жүргізесіз бе, әлде арнайы политтехнологтар отыра ма? - Әлеуметтік желілердегі (Твиттер мен Телеграмм) парақшаларымды өзім жүргіземін. Политтехнологтар басқа ресурстармен жұмыс істейді, мен олардың жұмысына араласпаймын, бірақ кейде кеңесімді беріп тұрамын. Мұндай мамандар әлеуметтік желілер үшін емес, сайлау алдындағы штабтарды ұйымдастыру, байқаушыларды оқыту, сайлау ережелерін бұзушылықтарды тіркеу, дауыстарды қорғау және т.б. сұрақтармен айналысатынын есте ұстаған жөн. Осы уақыт аралығында көп жұмыс атқарылды. Сондықтан біз өз сайлаушыларымыздың көзіне тік қарай аламыз. Әлеуметтік желілерді жүргізу біз үшін бірінші орында емес. - Алайда, сол әлеуметтік желілерде «Ақ жол» миллиардттаған бюджет қаражаты туралы есеп бермейді деген ақпарат тарап жатыр. – «Ақ жол» демократиялық партиясы жыл сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді және ол миллиардтаған сома емес. Мен партия төрағасы болған кезден бастап, тексеру комиссиясының жыл сайынғы есептері «Қазақ үні» басылымында ашық түрде жарияланады. Бақылауға тәуелсіз аудиторлар тартылады, бұдан басқа біздің қаржылық қызметімізді Есеп комитеті тексереді. Соңғы 10 жылдағы сілтемелерді сіздің редакцияңызға да жіберуге дайынбыз. Бірақ есептер мемлекеттік тілде жарияланатынын ескеру қажет. Шамасы, біреу осы тақырыпта «хайп» жасағысы келді, бірақ оны тек орыс тілді баспасөзден іздеді. Мемлекеттік тілді үйрену керек! Азаматтар мемлекетімізді жоғарыда отырған бюрократтар үшін емес, қарапайым халық үшін сүйеді - Көптеген сарапшылар «ЖСДП» байкотынан кейін «Ақ жолға» сұраныс артты деп санайды екен. Қоғамдағы протестік көңіл күйді өзіңіз де жақсы біліп отырсыз. Билік партиясымен ашық пікірталасуға даясыздар ма? Протестік позициядағы азаматтар «Ақ жол» электораты деп айта аламыз ба? - Радикалды фигураларды қоспағанда солай шығар. Біз сендіру әдісімен өзгерістерге қол жеткізгенді жөн көреміз, өткен жол мен халқымыздың еңбегін бағалаймыз. Мемлекет пен мемлекеттік институттарды әлсіретуге, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне және қалаларымыздың тыныштығына қатер төндіруге кез келген әрекетке жол берілмейді деп санаймыз.Әділетсіздік. Жемқорлық.
Көптеген азаматтардың қоғамдағы әділетсіздік пен жемқорларлыққа, өз ісін жүргізуге қолайлы жағдайдың және жастар үшін перспективалардың болмауына көңілдері толмайды. Бірақ олардың көпшілігі өз елін жақсы көреді, елге деген махаббаттарын бюрократтармен емес халқымызбен байланыстырады. Ең алдымен, бұл кәсіпкерлер, зиялы қауым және еркін сана-сезімі бар, өзін-өзі қамтамасыз ететін және американдықтар айтқандай «өздерін құрған» адамдар. Олар шенеуніктер алдында ешнарсеге міндетті емес, керісінше, олар жұмыс орындарын құрып, салық төлейді, отбасыларын асырайды. Олар бұл елді олардың атынан жалданған мемлекеттік қызметкерлер қалай басқаратынын сұрауға құқылы. Бұл «Ақ жол» демократиялық партиясының электораты.Қашқын олигархтың қолдауының қажеті жоқ
– Азеке, жақында бұрынғы банкир, өзін оппозиция лидері санайтын Мұхтар Әбіләзов өз жақтастарына үндеу жасап, әуелі «ЖСДП-ға», сосын сіз басқаратын «Ақ жолға» қосылуға үндеді. – «Ақ жол» саяси аренада 18 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан, қалыптасқан саяси ұйым. Бізде кең көлемді электорат бар және олқашып жүрген әлдекімдердің кеңесін қажет етпейді. Айта кетейін, «Ақ жол» ҚДП билік партиясынан басқа жалғыз партия болып 2004, 2012 және 2016 жылдары партиялық тізім бойынша мәжіліске үш рет өтті. Коммунистер екі рет өтті. Бұл жетістікке «ЖСДП» да, «Бірлік» те жете алған жоқ. Менің ойымша, ЖСДП сайлаудан біреудің ықпалынан емес, өзінің ұйымдастырушылық және идеологиялық дәрменсіздігіне байланысты шықты. «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылымы дамыған, барлық өңірлерде танымал көшбасшылары бар. Бізде нақты белгіленген ұстаным бар. Біз Парламентте биліктің пікіріне қарамастан өзіміз қажет деп санайтын дүниелерге дауыс береміз.Мұндай ресурс амбициясы бар адамдар үшін өте қызықты екені түсінікті. Сондықтан партияны манипуляциялау әрекеттері бұған дейін де болған, бірақ оның бәрі сәтсіз аяқталды. «Ақ жол» өз бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Өз сайлаушыларына, өз халқына және өз мемлекетіне қызмет етеді. Бұл тізімде қашқын олигархтар жоқ. - Оның айтуынша, сол үндеуден кейін, «Ақ жол» жаңа мүшелерді қабылдамай, жергілікті филиалдарын «жауып тастаған» екен. Неге? – Ол әрине жалған ақпарат. Филиалдарымыз керісінше, өз жұмысын күшейтіп жатыр. Осы күзден бастап «Ақ жол» демократиялық партиясына кіретін жаңа мүшелердің, әсіресе жастардың ағымы күрт өсті. Мысалы, қыркүйек айында 11 мыңға жуық адам кірді. Қазан мен қарашада одан да көп. Партияға қабылдау – бұл бүтін бір процесс. Ізденуші өтініш жазады, есепке алу карточкасын толтырады. Еңбек өтілі бар «Ақ жол» мүшелерінің арасынан кепілгер табады. Олардың өтініштерін жергілікті ұйым қарайды, мақұлданған жағдайда - партияның жаңа мүшесі ретінде дерекқорға енгізіледі және партиялық билет беріледі. Біреу айтқандай, партияға «бірден» кіре салу мүмкін емес. Ал, сайлауалды кезеңде партия филиалдарының басты жұмысы – мүшелікке қабылдау емес, үгіт-насихатпен айналысу. Мұнда бір айта кететін жайт, «француз қашқынның» үндеуі ешқандай рөл атқармайды да. Оның бір дәлелі – ол алдымен өз жақтастарын «ЖСДП-ға» баруға үндеді ғой. Сондағысы – бір айда бар болғаны 78 адам ғана барған екен. Осының өзі-ақ, оның үгітінің қаншалықты қауқарлы екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Тіпті, мұндай «қауіпке» жауап берудің мән-мағынасы да жоқ! Қазақта «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» деген бар ғой. Соның кері келіп тұр. - Кей сарапшылар «Nur Otan» мен «Ақ жолдың» бағдарламаларында көтерілген көптеген проблемалар үндес болғанын айтады. Сіз не дейсіз? - Бұл билік партиясында да қоғамдық өзгерістерге деген сұранысты байсалды бағалайтынын білдіреді. Сонымен қатар, көптеген параметрлер бойынша біздің қазіргі жағдайға берген бағаларымыз жақындау, өйткені олар да, біз де нақты мәселелермен және нақты адамдармен айналысатын нақты жұмыс істейтін партиялармыз. Бірақ оны шешу үшін ұсынып отырған жолдары мен қарқандары әрине, әр түрлі. Нақты істерде бір-бірімізге лайықты әріптес бола аламыз. «Нұр Отанмен» пікір таласатын да, бір-бірімізді толықтыратын да ортақ тақырыптар жеткілікті. -Әңгімеңізге рахмет! Пікірлескен Нұргелді Әбдіғаниұлы Abai.kz