«Халықтан кешірім сұра»: Назарбаев Әблязовтың әрекетіне күйінетінін айтты
2020 ж. 03 желтоқсан
1786
0
Мұхтар Әблязовты жас болса да, энергетика министрі қызметіне тағайындадым, ал ол ұрлық жасап, түрмеге түсті, деп еске алды Елбасы. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қашқын банкир Мұхтар Әблязовқа сенім артқанын, алайда ол үмітін ақтамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қашып жүргендерді кешіруге дайын екенімді ашық айтқанмын. Бірақ елге келіп, өз кінәсін мойындауы керек. Ақшаны қайтар да, халықтан кешірім сұра. Біз саған тиіспейміз, Қазақстанда емін-еркін жүре бер. Алайда әзірге ешкім олай келген жоқ» – деді Назарбаев «Штрихи к портрету» деректі фильмінде.
Осы орайда Елбасы қашқын банкир Мұхтар Әблязовты еске алды. Кезінде оған сенім артқанын, бірақ ол үмітін ақтамағанын жеткізді.
«Мысалы, Әблязов сатқын емес пе? Мен оны жас кезінде энергетика министрі қызметіне тағайындадым. Ал ол ұрлық жасады. Түрмеге отырғыздық. Сол жерден талай рет хат жазды. Туған-туыстары мен достары да босатуды өтінді. Біршама уақыттан кейін президент өкілеттілігін пайдаланып, оған рақымшылық жасадым. Әйтпесе, түрмеде отыра беретін еді», – деп атап өтті Назарбаев.
Әблязов түрмеден шыққаннан кейін банк басшылығына сұранған. Назарбаев бұл өтінішін де орындаған.
«Ал ол не істеді? 7,5 миллиард долларды ұрлап кетті. Енді осы ақшаға 15 жыл батыста тұрып жатыр. Бұдан басқа қандай ақшаға күн көреді. Ол жақта жұмыс істеп жатқан жоқ қой. Жалақы да алмайды. Соның бәрі халықтың ақшасы болды. Мемлекет адамдардың ақшасын қайтарып берді. Әлі күнге дейін сол ақшаны іздеп, біртіндеп қайтарып жатырмыз», – дейді Назарбаев.
Елбасы қашқын банкирдің әрекетін ой елегінен өткізіп отырады.
«Кез келген адамға, әсіресе қазақтың баласына шетелде өмір сүру оңай емес. Қазақ «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпаған. Жарайды, шетелде он рет мейрамханаға барарсың, қымбат костюм де киерсің. Гамбургерді тойғанша жейсің. Бірақ оның бәрі бөтен нәрсе ғой, туған жеріңе, туған еліңе жетпейді. Өкінішті, әрине. Ол адам жақсы жұмыс істесе, өз еліне пайдасын тигізетін еді. Бірақ қашқын болып шықты», – деді Назарбаев.
Осы орайда Елбасы өзінің қолдауына ие болса да, сенімін ақтамаған бірнеше адамның бар екенін атап өтті. Айтуынша, қазіргі кезде олар елге қарсы жұмыс істеп жатыр.
«Әсіресе, қазақтар осы тәуелсіздікті сақтап қалу үшін еңбек ету керек қой. Олар болса, Қазақстанды жамандап, далаға шығыңдар, көшеге шығыңдар, бәрін қиратыңдар, быт-шытын шығарыңдар дейді. Соған күйінемін. Өзіміздің ішімізден шыққан қазақ балаларының солай жасағаны жүрегіме де, жаныма да қатты батады. Шыдауға тура келеді…», – деп түйіндеді Елбасы.