Қырғызстанда орыс тілін ресми мәртебесінен айыру ұсынысы айтылды
2020 ж. 27 қараша
1576
0
Қырғызстанда Конституциялық кеңестің мүшесі Садирдин Торалиев 26 қарашада өткен отырыста Негізгі заңнан орыс тіліне ресми тіл мәртебесі берілетін бапты алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.
"Азаматтардың қанша тіл білсе, соншалықты жақсы екенін білеміз, орыс тілі арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Бірақ біз шет тілдерін дамыту үшін жеке заң қабылдауымыз керек, ал Конституцияда тек қырғыз тілінің мәртебесі ғана жазылуы керек", - деп Торалиевтің сөздеріне сілтеме жасайды Азаттық. Оның пікірінше, қажеттілік болмаса, халық ана тілін оқымайды.
"Біз байлаулы ит сияқты орыс тіліне үйреніп қалғанбыз. Бұлай болмауы тиіс. Біз өз ана тілімізді жоғалтып аламыз. Адам деген өзі оған не үйретпесе, ешнәрсені өзі біліп үйренбейді ғой", - дейді Садирдин Торалиев.
Қазіргі Конституцияға сәйкес, орыс тілі ресми мәртебеге ие. Былтыр бірқатар саясаткерлер Констиуцияға реформа жасап, орыс тілін алып тастауды ұсынған. Бірақ биыл қазан айында президент міндетін атқарған премьер-министр Садыр Жапаров Ресей елшісімен кездескен кезде, күн тәртібінде мұндай мәселе жоқ деген.
Қырғызстанның жаңа Конституциясының жобасы 17 қарашада қоғамдық талқылауға шығарылған. Құжатта президент рөлі кеңейтілген. Бұдан бөлек Халық құрылтайы деген жаңа институт құрылады.
КСРО құлағаннан кейін Орталық Азия елдерінің көбінде орыс тілі ресми тіл мәртебесінде қалды.