Салық шынайы түрде қылмыстық жазадан босатылады - Тоқаев
2020 ж. 19 қараша
1277
0
Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы бейнеконференция форматында өтті. Жиын барысында коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстандағы экономикалық, инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру, сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Мемлекет басшысы жаһандық пандемия әлемнің барлық елдеріндегі негізгі салаларды тұралатып кеткенін айтып, оның салдарымен күш біріктіріп күресудің маңыздылығын атап өтті.
Президент Қазақстандағы осынау қиын кезеңде шет қалмай, өз кәсіпорындарының қызметкерлеріне, әлеуметтік сала мен ел азаматтарына барынша көмек көрсеткен кеңеске кіретін компанияларға алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық болмай, экономика мен халықтың әл-ауқаты артпай елдің инвестициялық тартымдылығын тиісті деңгейде ұстап тұру мүмкін емес деп санайды. Оның айтуынша, пандемия кезінде мемлекет бизнес пен халықты қолдау үшін бұрын-соңды болмаған кешенді шаралар қабылдаған. Бұл дағдарыстың жағымсыз салдарын азайтуға және экономиканың құлдырауының алдын алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Президент инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ететін өзгерістер мен реформалардың қажет екенін айтты. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныс пен бастама көтерді.
Мемлекет басшысы бірінші кезекте жаңа инвестициялық тетіктер енгізуді міндеттеді. Осы мақсатта Президенттің тапсырмасына сәйкес қолданылатын кезеңінде мемлекет тарапынан заңнамалық шарттардың тұрақтылығына кепілдік беретін Стратегиялық инвестициялық келісімнің механизмі әзірленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту қажеттігіне арнайы тоқталды. Бұл орайда Үкімет сапалы әрі жаңа реттеуші жүйе әзірлейді. Барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және өзге де реттеуші тетіктерге ауқымды тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл өзінің тікелей тапсырмасымен инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау жұмыстары күшейтілгенін атап өтті. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалпы сомасы 12 трлн теңгеден асатын 500-ден астам инвестициялық бизнес-жобаны тексеріп жатыр.
Президент экология мәселесіне де назар аударып, жиынға қатысып отырған шетелдік азаматтарға жаңа Экологиялық кодекстің әзірленіп жатқаны туралы айтты. Аталған Кодекс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің озық тәсілдері негізінде дайындалған.
– Бұл технологияны енгізген кәсіпорындар эмиссия төлемінен босатылады. Мемлекет экологиялық шығындарды кәсіпорындармен бөлісетін мұндай тәжірибені кез келген ел қолдана бермейтінін атап өткім келеді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ауқымды жобасы. Біз мұндай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Осы орайда бизнес өкілдері келісімдегі өз міндеттемелерін толыққанды орындайды деп ойлаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы пандемияның теріс салдары жағдайында цифрлық экономиканы жедел дамытуға қуатты серпін берген IT саласының мүмкіндіктерін атап өтті. Оның айтуынша, отандық IT-саласын дамыту үшін Қазақстан алдағы 5 жылда кемінде 500 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Аталған сала әлемдік технологиялық компаниялардың елеулі қолдауына зәру.
– Бүгінде әлемдік майнингтің шамамен 6 пайызы Қазақстанда шоғырланған. Бұдан бөлек, IT, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялық қызметтер нарығын дамыту экспорт үшін елеулі мүмкіндіктер ашады. Біз бұлтты есептеулер мен платформалар саласында ірі әлемдік ойыншылардың инвестицияларын тартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында деректерді өңдейтін төрт мегаорталықтың құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өте қуатты, ауқымды есептеуіш ірі халықаралық ақпараттық магистральда орналасатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика саласын дамытудың маңызды екенін айтты. Президент 2025 жылға қарай Қазақстан дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ медициналық жабдықтар мен қосалқы материалдар өндірісін ұлғайту қажет. Бұл салалар инвестиция үшін ашық, мемлекет мұндай жобаларды толық қолдайтын болады.
Жиында мұнай-газ саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және дамыту мәселелері арнайы талқыланды.
Мемлекет басшысы бұл сала Қазақстанға шетелден инвестициялар тартудың негізгі көзіне айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыттың дамуы мұнай өңдеу, мұнай химиясы, сервистік қызмет көрсету, құбыр тарту және теңіз транспорты сияқты экономиканың жаңа секторларының өсуіне ықпал етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайға сұраныстың азаюы және саланың инвестициялық тартымдылығының төмендеуі кезінде жаңа күрделі жағдайларға бейімделу оңайға соқпайтынын жеткізді. Бұл ретте осы бейімделудің едәуір бөлігі мемлекеттік саясатпен байланысты болады деп санайды.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы бірқатар маңызды міндеттерді шешуде күш-жігерді жұмылдыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейту сияқты ірі мұнай-газ жобаларын уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Президент Қашаған кен орнын толық көлемде игеруге көшу керек екенін айтып, онда газ өңдеу зауытын салуды жедел іске асыруды тапсырды.
Президент мұнай-газ жобаларында қазақстандық мазмұнды арттыру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселеде саннан сапаға көшетін уақыт келді.
Мемлекет басшысы геологиялық барлау саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға назар аударды. Ол Үкіметке мұнай-газ компанияларымен бірлесіп, бүгінгі жағдайды ескеріп және аталған саланың болашағын болжай отырып нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев фискалды саясат мәселелері және қажеттілігіне қарай, экономикалық мүддеге сай салық заңнамасын жетілдіруге дайын екенін мәлімдеді.
– Мен шет елдік инвесторлардың өтінішін қолдадым. Келесі жылдан бастап бизнесті салықтық заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың қолданыстағы шегі қайта қаралатын болады. Яғни, салық шынайы түрде қылмыстық жазадан босатылады, – деді Қазақстан Президенті.
Мұнай-газхимияның болашағы туралы айтқан Президент, аталған саласының табысты ілгерілеуі еліміздің жалпы бағытын өзгертуі мүмкін екенін жеткізді.
– Бірлескен газхимия кешенінің құрылысы 10 жылдан асса да аяқталмай отыр. Энергетика министрлігі өңдеу жобаларына инвестиция салатын компанияларға мұнай мен газды өндіріп, экспорттауға ерекше жағдай жасау мәселесін де ойланғаны жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау мен көмір қышқылын аз пайдаланатын экономиканы дамытудың маңызды екенін атап өтті. 2021 жылы халықаралық стандарттарға сай жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді. Мемлекет басшысы қызығушылық танытқан қатысушыларды аталған ауқымды саяси құжатқа өз үлестерін қосуға шақырды.
Президент жиын соңында бүгінгі айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштер Үкімет тарапынан мұқият зерттеліп, оны өз бақылауына алатынын айтты.
– Үкімет бүгінгі жиында айтылған барлық проблемаларды шешумен айналысатын болады. Шешім қабылдау барысында бізге серпіліс қажет деп ойлаймын. Ел Президенті ретінде шешім қабылдау процесін және біздің ірі серіктестерімізбен, достарымызбен арадағы іс-қимылдың даму барысын жіті қадағалайтын боламын, – деді Мемлекет басшысы.
Жиынның бірінші сессиясында Еуропадағы қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, «Қазақстанның шет елдік инвесторлар кеңесі» ассоциациясының басқарма басшысы, «Эрнест энд Янг» компаниясының Қазақстан мен Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің вице-президенті Ашока Лаваса, «ЕҮ» компаниясының клиенттерге қызмет жөніндегі ғаламдық басқарушы серіктесі Энди Болдуин, «Анадолу Груп» компаниясының басқарма төрағасы Тунджай Озильхан, «Бейкер Макензи Интернэшнл» компаниясы төрағасының орынбасары Констанц Ульмер-Айлфорт, «Ситигруп» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері бойынша бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстон, Еуропалық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, «ERG Sarl» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, GE компаниясының вице-президенті Рон Поллет, «Джей Пи Морган Чейс Интернейшл» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, «Марубени Корпорейшн» компаниясы төрағасының орынбасары, Директорлар кеңесінің мүшесі Ичиро Такахара, «Филип Моррис Интернэшнл» компаниясының Шығыс Еуропа аймағы бойынша президенті Мариотти Марко, «Полиметалл УК» АҚ президенті Игорь Финогенов, PwC компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа аймағы бойынша бас атқарушы директоры Ник Кош, «Ресей Сбербанкінің» басқарма төрағасы Герман Греф, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Анна Бьерде сөз сөйледі.
Еліміздің мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту мәселелері бойынша өткен сессия барысында «Шелл Қазақстан» концернінің төрағасы Оливье Лазар, «Ройял Датч Шелл плс» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Бёрден, «Эни СпА» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперов, «Шеврон» корпорациясының өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсон, «ЭксонМобил Глобал Проджектс Компани» компаниясының президенті Нил Даффин, «Тоталь Разведка и Добыча» компаниясының президенті Арно Брейяк, «CNPC» компаниясының вице-президенті Хуан Юнчжан және ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.