Иманғали Тасмағамбетовтың немен айналысып жүргені белгілі болды

Белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетов зейнеткер шыққалы немен айналысып жүргені белгілі болды.

"Құпия емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатыр­мыз. Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді", - деді ол "Қазақ әдебиетіне" берген сұқбатында.

Ол көп жыл елдің қызме­тін­де жүріп, үйден алыста болғанын айтты.

"Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, ер азамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ. Осы жолда азды-көп халыққа пайдамыз тиіп, ең­бегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы", - деді Тасмағамбетов.

Өзінің зейнет демалысына шығуы күтпеген жағдай болмағанын атап өтті. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешім деп отыр.

"Өз қалауым. Ашығын айтқанда, бұл өмірде «"құлақсыз сан­дық" секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым-қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін", - деген ойын бөлісті ол.

Сондай-ақ, ол сұқбат барысында латын графикасына көшу мәселесі, шығармашылық еркіндігі мен қоғамдағы жастар рөліне тоқталды.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың желтоқсан айында Тасмағамбетов зейнет жасына толуына байланысты өз еркімен қызметінен кетті.