«Ақ жол» Жолдаудың орындалмауына кінәлілерді жазаға тартуды талап етті
2020 ж. 04 қараша
1629
0
«Ақ жол» тез арада зардап шеккен шағын және орта бизнестің несиелерін 6% көлемінде қайта қаржыландыруды бастауды және Жолдаудың орындалмауына кінәлілерді жазаға тартуды талап етеді. Тиісті депутаттық сауалды бүгін Мәжіліс отырысында партия төрағасы Азат Перуашев жолдады.
ҚР Премьер-Министріне
ҚР Ұлттық банкіне
Қаржы нарығын
реттеу және дамыту агенттігіне
Президент Қ.Тоқаев биылғы жылы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы несиелерінің жылдық пайыздық мөлшерлемелерін 6%-ға дейін мемлекеттік субсидияландыру қамтамасыз етуді» тапсырды.
Президент осы мақсаттарға қосымша 200 млрд теңге бөлінетінін, ал субсидияландыру бағдарламасының жалпы көлемі 800 млрд теңгеге дейін жеткізілетінін хабарлады.
Бұл тапсырма кәсіпкерлік қауымдастық ортасында қызу талқыға түсті.
Биылғы жылдың пандемияға қарсы күреспен бірге, ауыр экономикалық дағдарысқа айналған жыл болғаны ешкімге құпия емес.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша пандемия мен оның салдардан 1 млн-нан астам кәсіпкер, яғни тіркелген бизнес субъектілерінің 3/2 зардап шекті, төтенше жағдай мен локдаун шектеулеріне байланысты 430 мыңнан астам кәсіпкер өз қызметін тоқтатты, олардың басым бөлігі әлі күнге дейін кәсіптерін қайта іске қоса алмауда.
Көлік қызметі, сауда және қызмет көрсету салалары, тамақтану, қонақ үй бизнесі, жылжымайтын мүлік операциялары және басқалары үлкен шығындарға ұшырады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы биылғы жылдың наурыз айынан бастап Үкіметке, Ұлттық Банкке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне несиелерді жай ғана кейінге қалдырудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ банктердің өз қалауы бойынша несиелерді шегіндіретіні туралы бірнеше рет сауал қойған болатын.
Біз несиелерді белгілі мерзімге ұзартқанымен, қалған кезеңде жинақталған төлемдерді өтеу қажеттілігінің туындайтынын, бұл бизнесті жеңілдетудің орнына олардың борыштық жүктемелерінің күрт өсуіне алып келетінін бірнеше рет ескерткен болатынбыз.
Биылғы жылдың 13 тамызында біз дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде қабылданған жаңа төмендетілген несиелік мөлшерлемелер бойынша қолданыстағы несиелерді бұрынғы борыштық жүктемелерді көшірмей қайта қаржыландыруды ұсындық.
Сондықтан біз Президенттің зардап шеккен шағын және орта бизнестің барлық несиелерін 6% -бен қайта қаржыландыру туралы тапсырмасын аса маңызды және тиімді шара ретінде қабылдадық.
Отандық кәсіпкерлер үшін бұрынғы пайыздық мөлшерлемелердің өте жоғары екендігін және өндірістік айналымның апатты түрде төмендеуін ескерсек, қазіргі жағдайда мұндай іс-шараның өте өзекті мәселелердің бірі болғанын батыл айта аламыз.
Президент Жолдауы жарияланған күннен бері екі ай өтті.
Алайда «Ақ жол» демократиялық партиясына барлық өңірлердің кәсіпкерлерінен келіп түскен хабарларға сүйенсек, осы уақытқа дейін бірде-бір облыста немесе қалада мұндай қайта қаржыландыру басталған жоқ.
Көп жағдайда банктердің филиалдары банктің бас кеңселерінен тапсырмалардың жоқтығына сілтеме жасап, кәсіпкерлердің тиісті өтініштерін қабылдаудан бас тартады.
Ал өтініштер қабылданған банктерде олар жауапсыз жатуда.
«Даму» Қоры мен даму институттары туралы ештеңе айтқымыз да келмейді, өйткені олар бұл шешімдер бойынша банк жүйесіне тәуелді.
«Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Мемлекет басшысы тапсырмаларының бюрократиялық әуре-сарсаңға салынып, мыңдаған кәсіпкерлер күйреу алдында тұрғанына, ал кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген жүздеген миллиардтардың қозғалыссыз қалуына жол берілмеуі керек деп санайды.
Осыған байланысты, біз Үкіметтен, Ұлттық банктен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен пандемиядан зардап шеккен барлық шағын және орта бизнес несиелерін шұғыл түрде және кідіріссіз 6%-бен қайта қаржыландыру шараларын бастауды сұраймыз.
Біз, сондай-ақ, Президент Жолдауының орындалмауына, оның тоқтатылуына жол берген лауазымды тұлғаларды анықтауды және оларды жауапкершілікке тартуды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» депутаттарының фракциясы