«Егемен Қазақстан» оқылуы үшін хабарландырулар жарияланбауы керек..."

М.Құл-Мұхаммед мемлекеттік газеттерде нормативтік актілердің жариялануына қарсылық танытты
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі  М.Құл-Мұхаммед мемлекеттік газеттерде нормативтік актілердің жариялануына қарсылық танытты.«Мәселен, қазір «Егемен Қазақстан» газетінің таралымы 200 мың, ал «Казахстанская правда» газетінің таралымы 105 мың дана болып есептелінеді. Бірақ осы газеттерді біз үкіметтің кез келген қаулысын, толып жатқан үкіметтік хабарландырулардың барлығын қосып шығарамыз. Оны пайдаланатын, аталған хабарларды оқығысы келетін адамдар саны 1 мың әрі кеткенде 2 мың болуы мүмкін. Ал біз 200 мың таралыммен шығатын газетті ақпараттық бюллетеньге айналдырып жібереміз», -  деді ол.Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздің электронды үкіметке көшіп, барлық мемлекеттік тапсырыстар интернетте электронды түрде жарияланып жатқан кезде ондай хабарларды газетке шығарудың өзі тиімсіз. Сонымен қатар басылымның өзіне де көп зиянын әкеледі.«Сол себепті бүгінгі кеңестен кейін «Казправда», «Егемен Қазақстан» сынды ұлттық газеттеріміздің оқырманға оқылуы үшін аталған хабарландырулардың барлығын осы басылымдардың интернет сайттарына жарияласақ жеткілікті болады деп есептейміз», - деді М.Құл-Мұхаммед.Министрдің пайымынша, бұл оқырманға тиімді болмақ. «Жасыратыны жоқ, кей елді мекендерге газеттің жетуіне 3-4 күн уақыттың кететіндігі рас. Ал ол сайтта жарық көретін болса, оны қажетсінген адам сол мезетте-ақ оқып, таныс бола алады», - деді министр.