Мұрат ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТ ШОҚТЫҒЫ БИІК ШАҺАР
2020 ж. 03 қараша
3327
0
Еліміздің экономикасына, мәдениеті мен әдебиетіне, ұлтымыздың жан-жақты дамуына зор үлес қосып келе жатқан Оңтүстік өңірдің алар орны ерекше. Қазастанның үшінші мегаполисі атанып, республикалық мәртебе алған Шымкент қаласы қарқынды дамып келеді. Бүгін біз шырайлы Шымкент шаһарының басшысы Мұрат Әйтеновтың «Қазақ үні» тілшісіне берген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Мұрат Дүйсенбекұлы, тарихы тереңде жатқан шырайлы Шымкент елімізде үшінші болып миллион тұрғынды қала атанып, республикалық мәртебеге ие болғалы екі жылдан аса уақыт өтіпті. Дербес қала ретінде оның дамуына ерекше бір мүмкіндіктер жасалды ма? Осы жылдарда қандай өзегерістер болды?
– Елбасы қашанда Шымкенттің дамуын ерекше бақылауда ұстап, 2018 жылы өз Жарлығымен республикалық маңызы бар қала мәртебесін берді. Бұл тарихи шешім қаламыздың орталық Азиядағы ірі мегаполистермен терезесін тең алып жүруге жол ашты. Бұрыннан да шоқтығы биік шаһарға экономикалық дербестік берілді. Қала мәртебесінің өзгеруіне байланысты негізгі күш әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарына бағытталды. Осыған орай, қаланың басқару жүйесі жаңадан құрылып, мәслихаттың өкілеттілігі кеңейтілді. Қаламыздың 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы, 2023 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары әзірленіп, бекітілді.
Екі жыл тарих үшін қас-қағым уақыт, дегенмен қалада көптеген оң өзгерістер болып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсаруда. Күннен күнге қала көркейіп, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдайлар жасалып жатыр. Қала бюджеті республикалық мәртебе алғанша 133 млрд. теңге болса, 2020 жылға 319,5 млрд. теңгеге артты. Қазір қала бюджеті 452,5 млрд. теңгеден асып отыр, оның 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.
Шаһарда жаңалау және жаңғырту жұмысында да ілгерілеу бар. Қазір қалада әуежайдың жаңа терминалының құрылысы мен «Цитадель» яғни, ескі қалашықты қайта құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал Шымкенттің қаланың даму параметрлеріне қарайтын болсақ, өткен 2 жылда қарқынды өсім динамикасын байқауға болады. Атап айтқанда, 2 жылда өнеркәсіп өндірісі 1,3 есе, ауылшаруашылық өнім көлемі 1,2 есе, кәсіпкерлік субъектілер саны 15 мыңға, өндірілген өнім 1,5 есеге артты. Сонымен қатар, осы екі жыл ішінде қалаға 782 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды, 962,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.
Орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 93 пайыздан 94,7 пайызға, балабақшамен қамту көрсеткіші 94,3 пайыздан 100 пайызға жетті. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 5,1 пайызға дейін төмендеп отыр.Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2 жылда 18 кәсіпорын ашылып, 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.Қалада 2 индустриалды аймақтың ашылуы өндірісті қарқынды
дамытуға оң ықпал етті. Сауда, көлік және логистика, қызмет көрсету, оның ішінде туризм салаларын дамыту қала экономикасында неғұрлым басымдыққа ие. Және одан әрі осы үш сала Шымкент қаласын республиканың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын Қазақстанның дамыған сауда және мәдени орталықтарының бірі ретінде көрсететін болады.
– Кез келген мемлекет немесе қала болсын, оның дамуы экономикасына тікелей байланысты. Шымкент ежелден еліміздегі экономикалық орталықтарының бірі болып келгені белгілі. Қалада түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі және өзге де салаларды дамытып отырған кәсіпорындардың қазіргі нарықтық кезеңдегі жағдайы қалай?
– Шымкент қаласы - ірі өнеркәсіптік орталық. Өңірдің өнеркәсіптік өндіріс саласының дамуы ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.Қала өнеркәсібінің құрылымында тамақ, мұнай өңдеу, фармацевтика, металлургия, құрылыс материалдар өндірісі, жеңіл,машина жасау, химия салалары басым дамыған.
Өнеркәсіпте 70-тен астам ірі, орта кәсіпорындар мен 600-ден астам шағын кәсіпорындар жұмыс жасайды. Оның ішінде қала экономикасына ауқымды үлес қосатын мұнай өңдейтін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, дәрілік препараттар өндіретін «Химфарм» АҚ, өсімдік май шығаратын «Шымкентмай» АҚ, цемент өндіретін «Шымкентцемент» АҚ және «Стандарт Цемент» ЖШС, металлургия саласында «Shymkent Temir» ЖШС және «Амир-А» ЖШС, машина жасау саласында «Asia Trafo» ЖШС, «Электрокомплект-1» ЖШС, «Karlskrona LC AB» ЖШС, жеңіл өнеркәсібінде «AZALA Textile» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС және т.б. көптеген кәсіпорындарды атап өтуге болады. Бұл кәсіпорындардың өнімдері тек қала тұрғындарына ғана емес, сондай-ақ республика көлемінде кеңінен танымал.
Сонымен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасау мақсатында қаламызда «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға индустриялық аймақтарда толық инфрақұрылымы салынған жерлер ұсынылса, арнайы экономикалық аймағында оған қоса салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Бүгінгі таңда индустриалық аймақтарда құны 131,9 млрд. теңгені құрайтын 7 мыңнан аса жұмыс орнын құрумен 126 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 67,9 млрд. теңгеге 5 мыңнан аса жұмыс орнын құрумен 82 жоба іске қосылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржыны жалпы құны 100,519 млрд. теңге болатын 45 жобадан тұрады. Бұл жобалардың аясында 3982 жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде жалпы инвестиция көлемі 30,48 млрд. теңге тұратын 17 жоба іске асырылып, 1473 жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен ондағы қызмет түрлерін кеңейту (мұнай-химия және машина жасау салалары) жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасауға және осы салаларды дамытуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, инвесторларды тарту мақсатында қалада алаңы 306 гектар жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылып жатыр. Бірінші кезеңде 110 гектарды (2020-2021 жж.), екінші кезеңде 230 гектарды (2021-2022 жж.) игеру жоспарланған. Аталған индустриалық аймақта құрылыс материалын өндіру, металлургия, фармацевтика, жиһаз өндіру салаларындаға инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.
– Заманына қарай заңы демекші, бүгінгі күні әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қуатты экономика қалыптастыру үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Бұл қаржылық мәселені қалай шешіп жатсыздар?
– Қала аумағында 2020-2024 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 113 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Бұл өз кезегінде 9 500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Осы жылы құны 37,5 млрд. теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 945 жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 25,9 млрд. теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылып, жаңа 500 жұмыс орындары құрылады.
Айталық:
1. «Амир-А» ЖШС – металлургиялықзауытқұрылысы (18,2 млрд. теңге, 250 жаңа жұмыс орны);
2. «Китайско-Казахстанская Марганцевая Индустриальная Группа» ЖШС - Мн С17 маркалы ферро силико марганец өндірісін ұйымдастыру (2,9 млрд. теңге, 141 жаңа жұмыс орны);
3. «Рахат-Шымкент» ЖШС – қантты печенье өндірісі (3,2 млрд. тенге,67 жаңа жұмыс орны);
4. «СП «LuxShoes» ЖШС – аяқкиім табанын жасау (200 млн. тенге, 20 жаңа жұмыс орны);
5. «Химфарм» - дәрі-бәрмек өндірісін жетілдіру (1,4 млрл. тенге, 45 жаңа жұмыс орны).
Қазіргі уақытта қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, жоғарыдағы аталған инвестициялық жобаларға, қалаға келген инвесторларға және кәсіпкерлерге тиімді қызметтер көрсету мақсатында «Shymkent» ӘКК» АҚ-ы және кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «бір терезе» қағидаты арқылы қызмет көрсететін «Бизнеске арналған Үкімет – Shymkent Invest» орталығы жаңа форматта құрылды. Бұл фронт-кеңсенің негізгі мақсаты – консультациялар жүргізу, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және инвесторға қызмет көрсету барысында жолығатын шектеулер мен бөгеттерді жою, қызмет алуға қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету болып табылады.Сонымен қатар, төрешілдік пен артық қағазбастылыққа жол бермеу мақсатында фронт-кеңседе Шымкент қаласының бірқатар басқармаларының, Кәсіпкерлер палатасының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, «Қазпошта» АҚ-ның филиалының, қаржы ұйымдарының, «Даму» қорының аймақтық филиалының, қалалық миграциялық қызмет басқармасының және «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның тиісті мамандары бірлесіп қызмет көрсетіп келеді. Бүгінге дейін фронт-кеңсенің қызметіне 1941 азамат жүгінген. Атап айтқанда, «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы бойынша – 427, сауда орындары бойынша – 115, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша – 104, қаржылай емес қолдау қызметі бойынша – 522, кәсіпкерлерлерді тіркеу бойынша – 103, бизнес-жоспар әзірлеу бойынша – 127, кәсіпкерлердің салық және статистикалық есебіне көмек көрсету бойынша – 120, мемлекеттік сатып алу порталына тіркелу мәселелері бойынша – 36, кәсіпкерлік бойынша оқытылғандар саны – 136.
Қалада 427 га. аумақта «Шымкент Сити» қала құрылысы үлгісіндегі жаңа алаң құру бойынша жұмыс жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жеке инвесторлар есебінен 17,2 млрд. теңгеге 1036 пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде («Дамдесқұрылыс Инвест» ЖШС, «Элит Строй Компания» ЖШС). Аталған 13 үйдің 10-ны келесі жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, заманауи көпқабатты тұрғын үй, бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, саябақ салуға «BiGroup», «HighvillKazakhstan» компанияларымен 363,4 млрд.теңгеге жеке инвестиция салуға келісім жасалды. «Шымкент Сити» жобасы іске асырылған жағдайда қала экономикасына 1 млрд. АҚШ долл. инвестиция тартылып, 56 мың азамат баспанамен қамтылады.
– Оңтүстік өңір тұрғындарымыздың ең тығыз орналасқан аймағы. Өз ұлтымыздың щоғырланған қазақи аймақ екені де аян. Халықтың саны артқан сайын адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасау да оңайға түспесі анық. Бұл жерде халықты жұмыспен қамтудың да маңызы зор. Осы бағытта қандай істер атқарылып жатыр?
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы 25 531 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2020 жылдың 1 қазанына 24 366 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан (95,4%). Бағдарламаны жүзеге асыруға 7 799 129,0 мың теңге қаралды (республикалық бюджет – 4 293 166,0 мың теңге, қалалық жергілікті бюджет – 3 505 963,0 мың теңге). Бөлінген қаржының 4 715 012,4 мың теңгесі игерілген (60,5%).
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) 3 196 адамды оқуға жолдау жоспарланған. Оның ішінде: - 1 196 адам техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 9-11 сынып бітірушілер, кәсіптік білімі жоқ, оқу орындарына түспеген 1 196 азаматты оқуға жолдау жоспарланды (оқу мерзімі орта есеппен 2 жыл 5 ай). Оқу 2020 жылдың 1 қыркүйегінен басталды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2000 адам жоспарланған болатын. Яғни, 32 білім беру ұйымына 21 мамандық бойынша 2 000 адам оқуға жолданып, жоспар 100% орындалды. Оның ішінде 1 010 адам 9 оқу орнына жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес, 990 адам
23 оқу орталығына оқу ваучері бойынша оқытылады. Кәсіпорын жанынан ашылған оқу орталықтары «Әлем» орталығынан - жеңіл өнеркәсіпті, «Біржан-Самұрық» орталығынан «Тігінші» мамандығы игеріп шықты.
Екінші бағыт - «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша жалпы 6 819 адам қамтамасыз ету жоспарланды, бүгінде нақты 4 816 адам қамтылды. Оның ішінде: «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 850 адам кәсіпкерлік негіздерге оқыту, нақты бірінші ағыммен 2 820 адам оқуға жолданса, 55 адамға шағын несие беру жоспарланып, ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорымен келісімшарт түзіліп, 67 адамға шағын несие берілді. 4 914 адамға грант беру көзделіп, 1 929 адамға 200 АЕК мемлекеттік грант берілген.
«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша 15 516 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінге 16 354 адам жұмыспен қамтылып көрсеткіш 105% болып отыр. Оның ішінде:
- 8 510 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру жоспарланып, бүгінде 6 936 адам тұрақты жұмысқа орналасты (81,5%);
- 2807 адам жаңа жұмыс орындарна орналастыру көзделсе, қазір 1 606 адам жұмысты болды(57%);
- 250 адам әлеуметтік жұмыс орындары, нақты 338 адам (135%);
- 1 216 адам жастар практикасы, нақты 2 637 адам (217%);
- 2 733 адам жоспар ақылы қоғамдық жұмыстарға, нақты 4 837 адам жолданды (177%).
– Қазақ елінің экономикалық мүмкіндіктері мол екені әлемге аян. Сонымен бірге рухани қазынамыз да ешбір елден кем түспейді. Ата-бабалардан жеткен ұлттық өнері мен мәдениетін, әдебиетін лайықты жалғастырып дамытуда оңтүстіктердің қосар үлесі қомақты. Аймақтан көптеген атақты әдебиет пен мәдениет майталмандары шыққаны баршаға аян. Сол үрдіс қалай жалғасын тауып жатыр? Ол үшін қандай жағдайлар жасалған?
– Рухани қазынамыз, мәдениетіміз - халықтың өткен тарихының айнасы десек те болады.Рухани мұрамыздың жиналу, саралану, насихатталуы да өте маңызды орында. Қаладан көптеген атақты әдебиет пен мәдениет майталмандары шыққаны баршаға белгілі. Сол үрдіс жалғасын тауып келеді. Қаладағы кітапханаларда тұрақты түрде тақырыптық іс-шаралар: шығармашылық кештер, кездесулер, еске алу күндері, лекция-сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып отырады. Биыл қаңтар айында «Жеңіс» саябағындағы аллеяда әдеби-мәдени «Поэзия мінберінің» ашылуында ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің қатысуымен өтті. «Мәртебелі поэзия мінберінде» көктем мезгілінен бастап, қала тұрғындары арасында мәдениетті насихаттау мен дамытуға бағытталған әдеби кештер, жазушылар және ақындармен кездесулер, шығармашылық іс-шаралар мен философиялық лекциялар өту жоспарланған.
Қаңтар-ақпан айларында «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Мәртебелі поэзия мінбері» бағытында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен, ақын-жазушылар Ханбибі Есенқарақызы, Қасымхан Бегманов, Хамза Көктәнді, Баян Тленшина, Қабылбек Төретай, Тұйғынбек Әлжігітпен кездесу кештері өтті. Алайда, наурыз айынан бері елімізде төтенше жағдай мен эпидемиологиялық ахуалға байланысты атқарылатын іс-шаралар барлығы онлайн форматқа көшті. «Кітаппен бірге - Мәңгілік елге» жобасы аясында ашылған kalamger-uko. kz , baigut-uko. kz сайттары жергілікті ақын мен жазушылардың «Рухани жаңғыру» сериясы бойынша және басқа да баспалардан жарық көрген кітаптарымен, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар тізімімен, берілген марапаттары туралы ақпараттармен толықты.
Ақын, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызының «Жібек»; ақын, Нәзіртанушы Сәрсенбек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал»; жазушы–шежіреші Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң»; Захардин Қыстаубайұлының «Жүректің сөзі» кітаптары шымкенттік оқырмандарға таныстырылды. Қаламгер сайтының «Жастар беті» айдары «Рухани жаңғыру» сериясымен жарық көрген «Түркістан түлектері» кітабына енген жас ақын-жазушылармен толықты. Өңіріміздің ақын-жазушыларының кітаптарын насихаттау, жастарға тереңірек ақпарат беру мақсатында биылғы жылдың атаулы күндер тізбегінен орын алған «Мерейгер қаламгерлер» атты тақырыптық сөре республика мен өңірімізге белгілі қаламгерлердің кітаптарынан жасақталды. Қарымды қаламгер, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың 75 жасқа толуына орай, ақын-сазгер Әкім Ысқақтың 60 жасқа, ақын Қабылбек Төретайдың 70 жасқа, айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың 70 жасқа, ақын-сықақшы Көпен Әмірбектің 70 жасқа толуына орай және ақын, Физули әдеби сыйлығының иегері Құрал Көмекке арнап әдеби сағаттар, әдеби шолулар, бейнеқұттықтаулар, бейнепоэзия ұйымдастырылды.
Әндерімен әлемге танылған, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ән-ғұмыр», «Танығың келсе Шәмшіні, әнінде жатыр бар сыры» сазды - өнегелік сағат, онлайн-караоке ұйымдастырылды. «Бір өлке – бір кітап» облыстық акциясын жүзеге асыру мақсатында кітап көрмесі көркемделіп, ардагер жазушы Әдіһам Шілтерхановтың 3 томдық шығармалар жинағына, жазушы-шежіреші Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» тарихи романына шолу жасалды, оқырмандарға мазмұнды онлайн-ақпарат берілді.
«Поэзия апталығы» айдарымен жас ақындар Абай Қалшабектің, Дәурен Айманбетовтың. Мұқағали Кенжетайұлының, Нұрғиса Төремұратовтың туындыларынан бейнепоэзия өтті. Республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың және республикалық «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын Бақытжан Алдияр, «Алтын қалам» номинациясының, С.Ерубаев атындағы сыйлықтың иегері Дәурен Айманбетовпен онлайн-сұхбат жүргізілді.
«Туған жерге тағзым», «Фараби - online», «QR - мобильді кітапхана», «Поэзия сағаты» атты жас ақындардың поэзия сағаты, жергілікті ақын –
жазушыларымыздың шығармаларын насихаттау, «Жүйріктер шықты желіге» сынды онлайн жобалары жұмыс жасауда. «Шымкент, туған қала, тұлғалар» атты жоба аясында елімізге белгілі айтыскер ақындар Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов және ұстаз Абай Қалшабекпен онлайн сұхбаттар өткізілді.
«Жас ақындармен кездесу» онлайн поэзия сағаттары ақын Арқалық Әмалият, Арайлым Мұраталиева, Ақбота Бейбітбек, Гүлшырын Жұмабай, Дәурен Айманбет, Сезім Мергенбай, Мұқағали Әбдішәріп, Бауыржан Ерман, Еламан Төлеутай, Салтанат Мадиярқызы, Мақпал Төребек сынды жас ақындар оқырмандармен онлайн сұхбат өткізілді. Поэзия сағаты барысында жас ақындар оқырмандардың сұрағына жауап беріп, өзінің өлеңдерін оқып, көпшілік қауымға жақсы көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру барысында «Туған жер» жобасы аясында «Киелі мекен сырлары», «Жасай бер, өркендей бер, Мәңгілік ел», «Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз» кітап көрмелері ұйымдастырылып, ақын-жазушылардың туған елге арналған кітаптары насихатталды. Халық әдебиетін насихаттау мақсатында қаламыздың орталық көше бойларында орналасқан билборд тақтайшаларына мерейтой иелерінің нақыл сөздері мен қара сөздерін, өлеңдерін жарнамалап іліп қою да қаламыздың мәдени өмірінде елеулі жаңалық болды.
– Білімсіз қарға адым жасай алмайтын ғасырда өмір сүріп отырмыз. Осы бір маңызды саланың да жүрісі өнбей қойды десек ешкім қарсы болмас. Осы орайда, болашағымыз жастарға білім беруде кездесетін түйіндер қалай шешілуде?
– Шымкент қаласында жаңа оқу жылы 742 білім беру мекемелерімен 330 мыңға жуық білім алушылармен басталды. Оның ішінде, мектепке дейінгі мекемелер 526 (мемл. – 79, жекем. – 447), мектептер – 172 (мемл. – 147, жекем. – 25), колледждер – 30 (мемл. – 11, жекем. – 19), қосымша білім беру ұйымдары – 9, арнайы білім ұйымдары – 5. Қазіргі таңда, мектеп оқушыларының саны – 224 618, өткен жылмен салыстырғанда 12 000 балаға артты. Оның ішінде 1-сыныпқа 24 490 оқушы электронды форматта қабылданды. ҚР БҒМ 2020 жылғы 13 тамыздағы №345 бұйрығы негізінде жалпы оқушының 1-4 сыныптар аралығында 49 640 (22%) оқушысы 3 344 кезекші сыныпта және 174 978 (78%) оқушы қашықтан білім алуда.
Қаладағы 25 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Ағымдағы жылы 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталды. 2021 жылы күрделі жөндеуден өткізу үшін 5 мектепке ЖСҚ дайындалуда. Қалада 8 мемлекеттік балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу қажет. 2020 жылы 6 балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 3 балабақшада жұмыстар аяқталды, 3 мекеменің аяқтау мерзімі – 31.11.2020 жылға дейін. 2021 жылы күрделі жөндеуден өткізу үшін 2 балабақшаға ЖСҚ дайындалуда. Ағымдағы жылы «Жол-көлік» колледжі жатақханасы, Үш тілде оқытатын мамандандырылған №1 мектеп-интернаты күрделі жөндеуден өтті. «№3 Балалар эстетикалық саз мектебі» ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталды. Күрделі жөндеуді қажет ететін білім беру ұйымдарының мәселесі 2023 жылы толық шешілетін болады.
Қаланың демографиялық өсіміне байланысты жыл сайын мектеп оқушыларының саны 12 мыңнан астам балаға артуда. 2020 жылдың басында жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4-ке артып, 2 мектеп ғимараты апатты жағдайға өту қатері бар деп танылды. Қазіргі таңда, қаладағы үш ауысымды мектептер саны 19, 2 апатты мектеп бар. Аталған мәселені шешу мақсатында Шымкент қаласының орта білім беру саласында жан басына қаржыландыру жүйесін ендіру арқылы жекеменшік мектептер желісін арттыру, бюджет және инвесторлар есебінен мектеп құрылысын салу жұмыстары атқарылуда. Білім нысандарының құрылысы бойынша 2020-2023- жылдарға арналған жоспарға сәйкес қалада 32 350 орынға арналған 47 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде, бюджет есебінен 6 жаңа және 19 қосымша ғимарат құрылысын салу жоспарланған болса, ал жекеменшік инвесторлар есебінен 22 жаңа мектеп салынады.
Алдағы уақытта апатты мектептер санының артуын алдын алу мақсатында жыл сайын мектеп ғимараттарының техникалық жағдайына талдау жүргізіліп, нәтижесі бойынша күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үш ауысымды білім беру мәселесін алдын алу бойынша оқушы орны тапшылығы туындау мүмкін болған шағынаудандар мен тұрғын алаптарға зерделеу жүргізіліп, білім нысандарының құрылысы бойынша жоспар жасалған. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешу 2024 жылға жоспарлануда.
Қала мектептері 742 интерактивті тақта, 113 биология, 137 физика,124 химия және 247 лингафонды кабинеттерімен жабдықталған және жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 75 мектеп робототехника құралдарымен, 19 мектеп арнайы робототехника кабинеттерімен, 5 мектеп STEM лабораториялармен жабдықталған. Ағымдағы жылы қалада ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «А.Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі» ашылды.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» және кластері болып табылатын 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы ашылды. Осыған байланысты 12 STEM лабораториялары ашу жоспарлануда.Одан бөлек, «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім береді.
Қашықтан білім беру жағдайында 224618 оқушының 80 780-не (36,3%) (80 780 оқушы яғни, 37 873 – компьютерге мұқтаж, 42 907-і әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балалары) компьютерге тапшылық анықталды. Білім ұйымдарындағы компьютерлерді уақытша беру арқылы бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін 20 150 отбасының 35 798 баласы қамтылды.
Алдағы уақытта сатып алынатын компьютерлік құрылғылар есебінен 44 982 оқушы қамтылады. Ағымдағы жылғы шілде айында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы отбасы балаларының саны 35 798-ді құраса, бүгінгі таңда аталған санаттағы балалар саны 42 907-ні құрады. Қазіргі таңдағы орта білім беру ұйымдары оқушыларына таратылған компьютер саны – 33 840.Білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған. Қаралған қаржы – 235,9 млн. теңге. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ арқылы білім ұйымдарының интернет желісінің жылдамдығын 8 Мб/с - 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту бойынша қосымша келісім шарттар түзілуде. Интернетке мұқтаж 18 461 отбасы балалары – 31 798. Интернет жылдамдығы төмен қала сыртындағы елді мекендер бойынша Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе 8 орынға байланыс станциясын орнату жұмыстары басталды. Қашықтан оқыту форматына өтуге байланысты қала тұрғындары, ата-аналар тарапынан компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар арыз-шағымдар білім басқармасының әлеуметтік желілеріне түскен. Аталған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Барлық білім мекемелері бейнебақылау камераларымен 100 % қамтылған. Соңғы үлгідегі бейнебақылау камераларын (402 млн. тг.) қосымша орнату жұмыстары жүргізілуде. Білім ұйымдарында 17 мектепке спорт алаңдары және 36 мектепке ішкі әжетханалары орнатылып, мәселе толығымен шешілді.
Кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қалада 9 қосымша білім беру мекемесінде 20061(10%) оқушы түрлі үйірмелер мен секцияларға қамтылған. Сонымен қатар, қаладағы спорт мектептерінде 15650 бала түрлі қосымша спорт үйірмелеріне, 147 жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерде түрлі үйірмелер ашылып, 62 071 оқушы түрлі үйірмелерге тартылды. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы жалпы 214 506 оқушының 97 752-сі (45,6%) қосымша біліммен қамтылған. Қосымша білім беру мекемелерінің үлесін арттыру мақсатында 300 орындық 2 өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде.
– Жасыратыны жоқ, жемқорлық еліміздегі бүкіл саланы жайлап алды. Жылдар бойғы онымен күрес те нақты нәтиже беріп жатқаны шамалы. Бұл бағытта сіздер қандай іс-шаралар атқарып отырсыздар?
– Шымкент қаласы әкімдігімен, Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының негізінде, Шымкент қаласының әкімдігінің қаулысымен «Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары» бекітілген. Сонымен бірге, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінде Бағынысты қызметшілері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін, басшылардың отставкасы және жауапкершілігі институтын іске асыру бойынша іс-әрекеттер алгоритмі бекітілді.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейін арттыру нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың тікелей байланыстары (адами
фактор) азайды, осылайша сыбайлас жемқорлық көріністерін тудыратын жағдайларды азайтуға мүмкіндік берді. Сәйкесінше, Шымкент қаласы әкімдігімен көрсетілетін 160 мемлекеттік қызметтің 132-і (83%-ы) электронды түрде жүргізіледі, қалған қағаз жүзінде көрсетілетін 28 мемлекеттік қызмет түрін ағымдағы жылдың соңына дейін электронды түрге ауыстыру бойынша тиісті мекемелерге тапсырма берілген. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында тұрақты жеке қабылдаулар жүргізіліп, фронт - офис жұмысы жүйеге келтірілген. Сол сияқты, ашықтық, тиімді кері байланыс, адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету мақсатта Шымкентте ANTIKOR ORTALYǴY сервистік орталығы ашылды.Сыбайлас жемқорлық себептерін тудыратын жағдайларға талдау жасалынып, оларды алдын алу және жою бойынша іс-шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Шымкент – адалдық Алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесімен арнайы іс-шаралар мен бағдарламалар кешені дайындалды. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің 1424 Call-орталығы мен «Шымкент - адалдық алаңы» жобасын халық арасында кеңінен таныту мақсатында арнайы дайындалған эскиздер қала көшелеріне билбордта орнатылып, LED-экрандарда көрсетілді, сондай-ақ, қоғамдық көліктерге де орналастырылды. «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» тақырыбындағы бейнероликтер телеарналардан («ONTUSTIK», «Айғақ», «Отырар», «NAR TV») ағымдағы жылы көрсетілді. Бұдан бөлек, 2016 жылы Республикада алғашқы рет «Фронт-офис» қызметі ашылып, арыз-шағымдар бір жерден, «бір терезе» жүйесі арқылы қабылданып, шұғыл түрде қаралуда. «Open Space» пилоттық жобасы аясында Шымкент қаласының әкімдігі, Шымкент қаласының 4 аудан әкімдігі, 5 басқарма,
137 мектеп, 11 емхана және 8 колледж ашық түрде жұмыс жасауға көшті.
Бүгінгі күні, халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында, әкімдік ғимаратының бірінші қабатында «Ашық әкімдік» жұмысын ұйымдастырылуда.
Білім беру жүйесіндегі оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тұрақты дағдыларын қалыптастыру және құқықтық мәдениет деңгейін көтеру міндеттерін шешу үшін барлық деңгейлерінде жемқорлыққа қарсы тәрбие бағдарламалары жүзеге асырылады.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру үшін 7–9 сынып оқушыларында 77 260 баланы қамтыған «Адал Ұрпақ» клубы ашылған. Колледж деңгейінде академиялық адалдық пен олардың қызметінің қағидасын нығайтуға бағытталған «Саналы Ұрпақ» жобасы жүзеге асырылуда. Беделді қоғам құру үшін қаланың барлық мектептері мен колледждерінде сатушылары жоқ «Адалдық дүкені» ашылған. Қорытындылай келе, Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы басшыларының есебі тұрақты тыңдалады.
– Коронавирус көптеген қиындықтар алып келді. Оны барлық тұрғындарымыз күнделікті тұрмысында анық сезініп отыр. Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсету жеткіліксіз. Сондықтан оған қала әкімдігі, қоғамдық ұйымдар, жекелеген адамдар қарапайым адамдарға қол ұшын беруде. Сіздерде бұл мәселе қалай шешімін табуда?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі № ҚР ДСМ-28/2020 бұйрығына сәйкес, COVID-19 коронавирусын жұқтыру қаупі тобын ескере отырып, үстемеақы белгіленетін қызметкерлер тізіміне кірмеген медициналық ұйымдарда Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы МКҚК қызметкерлеріне ақшалай сыйақы түрінде демеушілік көмек ретінде 429 қызметкерге 21,5 млн. теңге сомасында 50 мың теңгеден әрқайсысына жеке есеп-шотына аударылды.
«KUSTO GROUP PTELTD» өкілдігі есебінен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының асыраушысынан айрылған көп балалы және жалғызбасты қызметкерлерге - 1,4 млн. теңге, 28 қызметкерге - 50 мың теңгеден төленді.Сонымен қатар, «Халық» қайырымдылық қорының Қамқоршылар Кеңесі қорынан – 435 қызметкерге (қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы -176 қызметкер, «Мейірім» оңалту орталығы - 3 қызметкер, ЖСШМ - 256 қызметкер) 40 мың теңгеден, барлығы 17,4 млн.теңге жеке шотына аударылды. Барлығы 40,30 млн. теңгеге ақшалай көмек берілді.
Инфекциялық, провизорлық және карантиндік төсектері бар қалалық медициналық ұйымдар үшін санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, уақытша оқшаулауда ұйықтайтын орындармен (қонақ үйлермен) қамтамасыз ету мақсатында 654 медицина қызметкерлеріне қала әкімдігінің резервінен - 495 020,0 мың теңге бөлінді. Қалада 4308 медицина маманына жалпы 5,1 млрд теңге көлемінде қосымша ақы төленді. Ал ковид жұқтырған және пневмонияға шалдыққан 394 қызметкерге әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Қандай қиын кезеңдер болмасын қала әкімшілігі өз тұрғындарын жан-жақты қорғауға, қолдауға тиісті және соған қашан да әзір болуымыз керек, бұл біздің басты міндетіміз.
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні