БІЛӘЛОВТЫҢ ҚАЙТЫС БОЛҒАНЫ РАС ПА?

 «Валют-транзит банкі" экс-басшысы шетелге қашып кетті деген не сөз?

Кейінгі кезде ел арсында «Валют-Транзит банкінің» экс-басшысы Айтбақы Біләловтың қайтыс болғанына күмән келтірушілер де шыға бастады. «Ойбай-ау, таяда ғана туған жері Кереку өңіріне апарып, арулап жерлеген жоқ па?»-дейміз ғой жел сөздің бетін бірден қайтаруға тырысып. Ондай нақты шындыққа бет бақтырмайтындарың өз «версиясын» тықпалап әлек. «Ол шетелге қашып кетіпті» дейді беттері шімірікпей… Біздің елдегі қиқу шықса-қиядан бір-ақ шығып, әрісі Лондон, берісі Австрия мен Швейцариядан табылып жату «сәнге» айналып кеткен соң, шыққан сөз шығар бұл дейміз. Әйтпесе, Қарағандыда марқұмның асы жоғары дәрежеде беріліп, оған кілең ығай мен сығайлар, жақсы мен жайсаңдар қатысып, Айтбақы жайлы жақсы-жақсы пікірлер айтқанын оқып жатырмыз. Әсіресе, Қарағанды облысының экс- әкімі Камалтин Мұқамаджановтың «Ол ұлы адам еді» дегенін ел әңгіме етуде… Әрине, Біләловтың дәурені жүрген кез Мұқамеджановтың әкімдігі кезде шарықтағаны белгілі. Кейін оның жеке банкіне төраға болып шетелдік азамат келді, акциясының 30 пайызын «СейМар» компаниясының басшысы Марғұлан Сейсембаев, 32 пайызын Талғат Ермегияевтар алған соң, атақты банк құлдырай бастады… Ар жағы елге белгілі жәйт қой… Бірақ кезінде оның туған күнін Мәскеудің төрінде, үш күн-ойын, төрт күн тойын қылып, думандатып өткізген зиялы қауым өкілдері, әнші, ақындар болды ма, болмады ма, білмейміз. Алматы мен Астанадан Қарағандыға ағылып, апталап жатып Біләловтың биллиард турниріне қатысушы қаламгерлер, әнші-сазгерлер де тым-тырыс. Көлдей-көлдей қоштасу сөздері көрінбейді… Тарылы жерде тауықтай үймелейтіндердің бәрін айтпай-ақ қояйық, үнемі той-думанынан қалмаған атақтылар, Біләловтың өлеңдерін бір адамдай қазақшаға аударушы Фариза Оңғарсынова, әнін талай әуелеткен Роза Рымбаевалар әлгі зиялылар секілді марқұммен қоштасуға келмегені былай тұрсын, артынан түрмеге «передача» жіберіп көрді ме екен… «Айтбақы өлмеген» деген сөз, әлде, ақынжанды ақ көңіл азаматты ана дүниеге қимағандықтан шығып жүр ме екен… Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, енді жаны тыныш болсын! Сапар Әлі www.gu-gu.kz