
БИЛІКТЕ АЙТУЛЫ ӨЗГЕРІСТІҢ БОЛМАУЫ – ӨМІРДІҢ АҒЫМЫНА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ
– Расул аға, сіз қалай ойлайсыз, бүгінде халық пен биліктің арасында сенім бар ма?
– Билік басындағылар бір мәселені жан-тәнімен шешуге тырысқанның өзінде, көп жағдайда одан нақты бір нәтиже шығуы оңай болмай тұр. Мәселен, өткен жылдың аяғында ұшақ апаты орын алды. Апаттың себебімен дұрыстап күреспегендіктен, мұндай оқиға артынан тағы қайталанды. Халық пен билік арасындағы сенімнің әлсіреуі – мемлекеттің әлсізденуінің көрінісі.
«Үмітсіз шайтан ғана» дейді ғой, халықтың билікке деген үміті бар. Бұл жерде, көп нәрсе халықтың өзіне де байланысты. Қандай жағдайда да қоғамның мейілінше белсенді болғаны жөн. Әсіресе, саяси мәселелерге қоғамның заң шеңберінде араласуы, ойын ортаға салуы қажет. Биліктің өзіне деген сенімді жоғалтуы – мемлекеттің өзіне де кері әсерін тигізеді. Көптеген мемлекеттердің келеңсіз тәжірибесі, мұны дәлелдейді. Билік осыдан сабақ ала отырып, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білуі, БАҚ алдында ашықтығы тұрғысынан, өз ісіндегі кемшіліктерден арылуға мән беруі қажет. Әсіресе халықтың титығына жетіп біткен жемқорлық мәселесімен күресуге қоғамдағы барлық еті тірі топтар атсалысуы керек. Олай болмаған жағдайда, Қазақстанның болашағына үлкен бір нұқсан келуі мүмкін.
– Билік басында біраз өзгерістер болып жатыр. Жалпы, бүгінгі биліктің өзгеруі мүмкін бе? Ол үшін қандай қадамдар жасалуы керек?
– Өмірде мәңгілік өзгермейтін ешнәрсе жоқ. Бар нәрсе өзгереді. Көктемнен кейін жаз, жаздан кейін күз дегендей. Адамның өмірі де жап-жас күйі қалмайды, қартаяды. Мұның бәрі философиялық табиғи дүниелер. Сондықтан қоғам да, саяси өмір де ешқашан бірқалыпта тұрақтап қалмайды. Оның өзгеруінің тарихта белгілі екі ғана жолы бар. Біріншісі – эволюциялық, екіншісі – ревалюциялық жолмен.
Эволюциялық жол, бұл – өркениетті, заңды түрде, демократиялық тетіктерді пайдалана отырып қоғаммен санасып барып, сол өзгерістерді мейілінше бейбіт, әрі байсалды түрде жүргізу. Ал бұлай болмаған жағдайда ерте ме, кеш пе өзгерістер бәрібір орын алады. Қатқыл әрекеттер арқылы яғни, ревалюциялық жолмен. Өткен жылдары Араб мемлекеттерінде болған төңкерістер, осы жағдайды айқындап бергендей. Бұл жерде қандай да бір өзгерістерден қашқақтау, халықпен санаспау, осының бәрі пісіп жетіліп келе, осындай қантөгістерге апарып соқтырды. Бұл өз кезегінде биліктің ыдырауына, мемлекеттің әлсізденуіне әкеліп соғуы мүмкін. Меніңше, әрбір азамат бұл өзгерістердің мейілінше бейбіт, өркениетті түрде жүзеге асқанын қалайды. Бұған биліктің өзі де мүдделі. Эволюциялық даму – мемлекет тұрақтылығының, болашағының ең негізгі кепілі. Өзгеріс біреулер қалай ма, қаламай ма орын алады. Сондықтан биліктің мұндай қадамдарға қарсы келмегені жөн. Билікте айтулы өзгерістің болмауын өмірдің ағымына жасалған қиянат деп түсінемін.
Билік басында кадрлық ауыс-түйістер, жаңа бір министрліктің құрылуы секілді өзгерістер болғанымен, бірақ бізге жүйелі түрдегі кешенді өзгерістер, әсіресе саяси реформалар жетіңкіремейді. Өзгеріс ерте ме, кеш пе орын алады. Дегенмен, ерте болғаны халық үшін тиімді. Орын алуға тиіс өзгеріске, билік тарапы түсіністікпен қарап, демократиялық түр сипат танытса құба-құп болар еді.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы соңғы орын алған билік басындағы бірқатар ауыс-түйістерден қандай да бір үміт күтуге бола ма?
– Меніңше, бұл өзгерістердің халыққа берері аз. Мен бұл жерде жаңа тағайындалған азаматтардың бәріне бірдей сенімсіздік танытып отырғаным жоқ. Араларында шын мәнісінде тәжірибелі, белсенді азаматтар да бар шығар. Менің айтпағым – жекелеген мансаптарды белгілі бір адамдарға тапсыра салғанымен, шаруа шешілмейді. Ел егемендігіне қол жеткізген 21 жылдың ішінде бізде көптеген ауыс-түйістер орын алды. Үкіметтің өзі 7-8 рет ауысты. Бірақ осы бір ауыс-түйістерден, жаңа бір министрлердің тағайындалғанынан қандай да бір келелі мәселелердің шешілгенін көрген жоқпын. Қай саланы алып қарасаңыз да, мейлі ол ішкі саясат болсын, я болмаса экономика, денсаулық, білім салалары болсын, ешбірінің нәтижесі көңіл көншітпейді.
Соңғы жылдары біз ауыс-түйістерге тым әуестеніп кеткен сияқтымыз. Мәселен осыдан 10-20 жыл бұрын осындай ауыс-түйістер орташа есеппен 2-3 жылда бір мәрте болып тұратын. Ал соңғы уақытта жарты жылда, тіпті тоқсанына бір рет орын алатын болды. Меніңше жүйелі, кешенді, ұзақ мерзімді реформаларсыз мәселені шешу мүмкін емес. Біздің осыған дейін ұстанып келген алдымен экономика, одан кейін саясат деген реформамыз ескірді. Себебі экономикасыз саясат жоқ, саяси либерализациясыз шын мәнісінде бәсекелестікке қабілетті экономика болмайды. Бұл екеуі де бір-бірімен байланысып жатқан дүние. Сондықтан, осы реформалар өркениетті жолмен жүзеге асуы тиіс. Екіншісі, – экономикада да, саясатта да реформалар, бірін-бірі толықтыра, жұп құрып жүруі керек. Бұл әлемдік практика. Экономикада осындай реформаларды жүзеге асырып, ал саясатта оған мән бермеуге болмайды.
РЕСЕЙ ӘДІЛ ИНТЕГРАЦИЯҒА ДАЙЫН ЕМЕС. ҚАЗАҚСТАНДЫ ТЕҢ ДӘРЕЖЕДЕГІ СЕРІКТЕС РЕТІНДЕ САНАМАЙДЫ

– Еуразиялық одақ Қазақстанның дербес дамуына нұқсан келтіруі мүмкін екендігін өзіңіз де айтып жүрсіз. Жалпы Кеден одағы мен Еуразиялық одақ Қазақстанға не береді? Ел егемендігіне тигізер қаупі қаншалықты...
– Кедендік одақ, Еуразиялық одақ, Ортақ экономикалық кеңістік болсын, қай-қайсысы да интеграциялық үрдіс болып табылады. Интеграцияның жай ғана қарапайым ынтымақтастықтан, принципті өзгешелігі бар. Яғни, бұған енуші мемлекет өзінің тәуелсіз лауазымдарын өзінен жоғары тұрған интеграциялық бір комиссияға өз қолынан беруі. Қарапайым тілмен айтқанда өзінің тәуелсіздігінің бір бөлігінен айрылу. Соны сарп етудің нәтижесінде ортақ бір мақсаттарға жету. Әсіресе осындай қарым-қатынастың өзімізден әлдеқайда жоғары дәрежедегі мемлекетпен жүргізіліп отырғандығы бізді алаңдатуы керек. Екіншіден, Кедендік одақта да, басқада да, біздің ең негізгі әріптесіміз – Ресей екендігі белгілі. Бұл жердегі мәселе – Ресейдің әділ интеграцияға дайын еместігі. Олар сөз жүзінде әділ қарым-қатынастамыз дегенмен, іс жүзінде Қазақстанды өзімен тең дәрежедегі серіктес ретінде санамайды. Мұны Путиннің талай мәлімдемелерінен айқын аңғаруға болады. Кезінде біз Кедендік одаққа кіргенде, одаққа мүше мемлекеттің барлығының бірге Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретіндігі айтылған еді. Бірақ Ресей осы берген уәдесінде тұрмай, Қазақстан мен Беларусияны орта жолда тастап, тіпті оларды құлақтандырмастан, өзі жеке дара кіріп кетті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның саудасына үлкен нұқсан келтірді. Сонымен қатар, ресейлік өкілдердің Қазақстанмен кеңеспей, енді одақ аясында ортақ Парламент құруды, ортақ валюта енгізуді жоспарлауы – бізді өзімен санасатын ел ретінде қарамайтындығын көрсетеді. Осыдан-ақ бұрынғы империялық сарындағы саясаттың жанданып келе жатқандығын көріп отырмыз. Кеше Байқоңырды жалға алған Ресей бүгін оның негізгі қожайыны – Қазақстанмен санасқысы келмейді.
Бұл жоғарыда айтқан сөзіме дәлел болса керек. Өкінішке орай мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Сол баяғы империялық пиғылдарын әлі күнге дейін іске асырып отырған Ресей сияқты мемлекетпен толыққанды интеграцияға бару – экономикалық, саяси, стратегиялық тұрғыдан алғанда Қазақстан үшін өте қауіпті.
Бұл жерде Ресейге қарсы шығуды алға тартып отырғаным жоқ. Әлемдік тәжірибеге сәйкес көрші мемлекет ретінде игі достастықты сақтай отырып, ынтымақтастықтың өзара тең дәрежеде жүруін қамтамасыз етуіміз керек. Әуелі ең негізгі құндылығымыз – Тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмеуді ойлағанымыз жөн. Осындай негізгі алғышарттарды орындай отырып, жалғыз Ресеймен емес, басқа елдермен де достастық қарым-қатынасты жалғастыру керек.
– Саясаттанушы ретінде не айтасыз, алдағы уақытта елімізде қандай саяси оқиғалар болуы мүмкін?
– «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой қазақта, өзімнің топшылауымша соңғы уақытта Қазақстанға төніп тұрған түрлі тәуекелдер, түрлі қиындықтар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Мұның себебі – елімізде түрлі проблемалардың дер кезінде анықталмайтындығы, түйткілді мәселелердің себептерімен күресудің орнына, биліктің сол баяғы өрт сөндірушінің қалпында отырғандығы. Бізде туындаған мәселенің себептерімен емес, салдарымен күрес жүргізу, я болмаса соны сөз жүзінде жүргізу әдетке айналған құбылыс.
Кезекті бір заңды қабылдай салу, жаңа бір мемлекеттік мекемені аша салу – мұның бәрі мәселені шеше алмайды. Бұл тек өзін-өзі алдаудан басқа ештеңе емес. Жең ұшына жалғасқан жемқорлықты, шекарадағы келеңсіз жағдайларды, лаңкестік мәселесін, жалпы кез-келген проблеманы сөз жүзінде шештік дегенмен, бұлар ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше қордалана түсіп, одан әрмен ушыға береді. Қарапайым кішкене жағдайдан басталып, үлкен орны толмас, қайғылы оқиғаға әкеліп соқтыруы ықтимал.
Мәселен, Жаңаөзендегі оқиғада мұнайшылар жұмыс бабындағы өздерінің жұмыс жағдайын жеңілдету, жұмыс қауіпсіздігін кепілдеу, жалақыны көтеру, шетелдіктердің алдында қазақстандықтардың деңгейін төмендетпеу сияқты талаптарын алға тартты. Былай қарағанда ешқандай саяси астары жоқ, орындауға болатын, шығыны аз талаптар.
Бірақ осы мәселеге ешкім көңіл бөлген жоқ. Нәтижесінде проблема ушығып барып, үлкен қайғылы оқиғаға әкеліп соқты.
Сондықтан, билік бүгінгі күні халықтың көкейінде жүрген мәселелерді іс жүзінде шешуге кіріспесе, халық пен биліктің арасында қиын жағдай болуы мүмкін. Бұл – өмір үрдісінің заңдылықтары.
Ал халықтың талабы ескерусіз қалмайтын болса, онда ел ішіндегі тыныштықты сақтай отырып, әрмен қарай дамуға бет аламыз.
– Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізуге қызу дайындық үстіндеміз. Жалпы жауапкершілігі де жоғары, шығыны да аз емес осы жобаның Қазақстанға берері не?
– Табиғи байлықтарының арқасында Қазақстан көршілерімен салыстырғанда біршама бай мемлекет. Бірақ қандай да бір әлеуеттің сарқылатын шағы болатындығын естен шығармағанымыз жөн. Тіпті әлемдегі ең бай саналатын АҚШ, Ұлыбритания сияқты мемлекеттердің өзі қаржыларын үлкен жауапкершілікпен үнемдеп жұмсайды.
Біздің жағдайымызда қандай да бір қымбат жобаларды өткізбес бұрын, Қазақстан Республикасы Конституциясында жазылған негізгі басымдықтарды еске түсіріп алғанымыз жөн сияқты.
«Қазақстан үшін ең басты құндылық – оның азаматтары, азаматтарының өмірі және игілігі. Қазақстан әлеуметтік мемлекет», – деп біздің Конституциямызда, Егемендік жайлы декларациямызда жазылған.
Ендеше сол басымдықтарды негізге алатын болсақ, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы, олардың өміріне қажетті алғышарттар білім, денсаулық мәселелері, күн көрісіне жеткілікті жалақы және зейнетақы, өмір сүру деңгейінің қалыптылығы ең басты назарда болуға тиісті. Меніңше бүгінгі күні осы мәселелер көп жағдайда негізгі басымдықтан түсіп қалды. Олардың орнын жаңа басымдықтар басты.
Сондықтан, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін, түпкілікті шешіп алғанымыз жөн еді. Бұл тұрғыда алып Америкадай бола алмасақ та, Шығыс Европа елдерінің деңгейіне жетіп алуымыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы түзелгеннен кейін барып, мемлекеттің атын шығаратын халықаралық, иммидждік жобалармен айналысуға болады.
Неге десеңіз, кейбір облыстарға қарасты ауыл-аймақтар таза ауыз сумен, газбен қамтамасыз етілмеген. Тіпті кейбірінде қарапайым жол жасалмаған. Кейде біз бай мемлекетпіз, Қазақстанды барлық әлем мойындап жатыр деп көкірегімізді қағамыз. Бірақ шын мәнінде базбір ауылдарымыз ХХІ ғасыр емес, тұрпайы жағдайда ХІХ ғасырдың күйін кешіп отыр. Бұл әрбірімізді толғандыруға тиіс мәселе. Атазаңда жазылған негізгі құндылықтар биліктің басты назарында болса, мұндай мәселелерді тілге тиек етпеген болар едік.
– Қазақстанда террористік топтардың бар екендігі байқалып жүр. Мұнымен күресудің жолы қандай болмақ?
– Лаңкестік мәселесінде көптеген саясаттанушылар, 90 жылдардың өзінде-ақ дабыл қаға бастады. Тап қазір жағдай ушығып бара жатыр. Неге десеңіз, болашағымызды сеніп тапсырар жастарымыздың біразы шетелде теріс бағытта діни білім алып жатыр. Бұл бей-жай қарайтын мәселе емес.
Ал билік басындағылар болса, саясаттанушылар тарапынан айтылып келген сын ескертпелердің бәріне қолын бір сілтеді. Өзіне қарата айтылғандарды естіген жоқ, естігісі де келген жоқ. Олар Қазақстаның Орталық Азиядағы ең қауіпсіз, ең тұрақты мемлекет екендігін алға тартып, лаңкестік жағдай мүлдем орын алмайды деген сенімде болды.
Бірақ бүгінде еліміздегі буыны қатпаған жастардың арасында діни сауаты жетіспегендіктен, сырттағы діни ағымдар әлдеқайда әділ екен, Аллаға жақын екен, деген ұстаным пайда болды. Сондықтан да, біз мектеп табалдырығындағы жастардан бастап діни сауатын дұрыс ашуды қолға алғанымыз жөн. Насихаттау, сауаттандыру жұмыстарын жүргізуде мемлекеттік идеологиялық орындар, діни басқарма әлдеқайда жоғары дәрежедегі белсенділік танытуы керек.
Қандай да бір лаңкестік жағдай, оның ушығуы белгілі бір қоғамдағы әлеуметтік проблемалардың шешілмеуінің көрінісі. Сондықтан бұл мәселе діни немесе саяси тұрғыдағы шараларды жүзеге асырумен шешіле қоймайды. Көп жағдайда лаңкестік жолға түсетіндер – әлеуметтік жағдайы мүшкіл адамдар. Әсіресе олардың денін ата-анасынан айрылып қараусыз қалған, жұмыссыз жүрген, мемлекеттен қандай да бір қолдау көрмеген жастар құрайды. Сондықтан да, жалпы жұртты, оның ішінде жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау түрлі түйткілдің алдын алуға септігін тигізеді. Бұл тұрғыда рухани құндылықтарымыз – адамгершілік, пәктік, тазалық сынды дүниелердің де сақталуы да аса маңызды. Бүгінгідей нарық заманында Қазақстан қоғамында ұлтты біріктіретін құндылықтардың көбісі аяқасты болып қалды. Есесіне оның орнын ақшаға, күшке, әлімжеттікке табыну басты. Осындай нәрселер құндылыққа айналған заманда жұрттың өзге ағымдардың жетегінде кетуі белең алады. Сондықтан жоғарыда тілге тиек еткен мәселелерді кезек күттірмей, шешуді қолға алғанымыз жөн.
ӘРБІР АЗАМАТ ҚАЗАҚ ЕКЕНІН ӨЗ ІС-ӘРЕКЕТІМЕН ДӘЛЕЛДЕУІ КЕРЕК
– Дипломатиялық қызметке ерте араласқаныңыздан хабардармыз. Ерте қол үзуіңізге не себеп болды?
– Ия, мен дипломатиялық қызметке ерте араластым. 1992 жылдан бастап, 2007 жылға дейін Сыртқы істер министрлігінде қызмет еттім. Сол уақыттың басым бөлігінде мұсылман елдері, араб әлемі бағытында жұмыс істедім. Кейбір шетелдердегі елшіліктерде қызмет еттім. Атап айтсам, Мысыр Араб Республикасында, Израильде, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ливияда қызмет атқардым.
Қазақстан егемендігін алғаннан кейін, 1992 жылы көп мәселе тәуелсіз түрде шешілді. Сол кезде бізге өзіміздің Сыртқы істер министрлігін жасақтап, онда қызмет ететін мамандарды дайындау қажеттілігі туды. Сол мамандардың алғашқы легінде мен де болдым. Араб бағытында жаманды-жақсылы жұмыс жасадық. Бірталай тәжірибе жинақтадым. Мемлекеттік қызметке, соның ішінде сыртқы істер саласына он бес жылдай өмірімді арнадым. Бір жағынан, жаңаша бір бағытта жұмыс істеу де ойымда болды. Екіншіден, өзімнің отбасылық жағдайыма байланысты себептер де болды. Үшіншіден, ұлдарымның өз отанында, ұлттық мектепте оқығанын қаладым. Төртіншіден, 92 жылдары біз мемлекеттік қызметке араласа бастаған тұста ондағы біздің талпынысымыз, жұмысқа деген көзқарасымыз, бұл кездегіден мүлдем бөлек болатын. Сондай ұмтылыс 2000 жылдардың басынан бастап бәсеңдей бастады. Өзіме ұнамайтын басқа құндылықтар пайда болды. Өз болашағымды өзгерген, мұндай үрдіспен байланыстыра алмадым. Бір жағынан мемлекеттік қызметтегі кейбір үрдістерден көңілім қалды. Сондықтан да жоғары мансаптан кеттім. Бұған өкінген кезім жоқ.
– Дипломатия саласында жақсы қызмет ұсынылса барар ма едіңіз?
– Маған бұл салада түрлі қызметтер ұсынылып та жүр. Бірақ мен бармас едім.
– Саясаткерлердің көбісі сақ келеді. Өзіңізді қандай саясаттанушымын деп ойлайсыз?
– Мен өзіме өзім баға бермей-ақ қояйын. Мәселе сақтықта емес, мәселе шындықты айта білуде. Ойыңды толыққанды жеткізуде. Осы тұрғыдан алғанда мейілінше тәуелсіз болуға тырысамын. Ешбір партияға кірмеймін, ешбір мемлекеттік орында жұмыс істемеймін. Мемлекеттік қызметте отырып немесе белгілі бір саяси партияның құрамында жүріп саясаттану ғылымымен еркін айналыса алмайсың. Белгілі бір бағыныштылық болады да, ойыңды еркін жеткізуге мүмкіндігің болмайды. Менің түсінігімде, саясаттану саласында жүрген азаматтар өздерінің еркіндігін сақтап, тәуелділіктен аулақ болғаны жөн. Егер саясаттанушы қаржылық жағынан біреуге тәуелді болса, онда ол толыққанды саясаттанушы бола алмайды. Өз тәуелсіздігімді өзімнің бір байлығым деп есептеймін.
– Аға, бір сұхбатыңызда айтқан екенсіз «ана тілін меңгере алмай жүрген достарым көп. Бірақ қазақ дегенде, ұлт мүддесі дегенде жүрегін суырып беруге дайын» деп. Қазақ бола тұра, қазақ тілін білмеген, әрі білуге құлық танытпаған жандар ұлт мүддесі дегенде, жүрегін суырып береді дегенге өз басым сенбес едім...
– Меніңше әрбір қазаққа қазақ тілін біліп қана қою жеткіліксіз. Арамызда тілдің майын тамызатын азаматтар бар, бірақ олардың арасынан өкінішке орай жемқорлар да, ұры-қарылар да табылып жатады. Екіншіден, белгілі бір себептерге байланысты қазақ тілін білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде ойын жеткізе алмайтын азаматтар бар. Бірақ олар қазақ болудан, қазақ үшін қызмет етуден қалып жатқан жоқ. Мәселен, мен өзім мектеп қабырғасында оқыған жылдары Алматыда төрт қазақ мектебі ғана болды. Екеуі интернат, екеуі орта мектеп. Бұл үлкен қала үшін өте аз. Олар сондықтан да орысша оқуға мәжбүр болды. Өз таңдауымен емес, тағдыр солай болды. Мектепті орыс тілінде оқыған соң, институтты да орысша оқуға мәжбүр болды. Бұл олардың кінәсі емес, белгілі бір дәрежеде соры деп айтуға болады. Менің таныстарымның арасында біразы орысша білім алып, орысша тәрбиеленген. Бірақ қазіргі таңда қазақ тілін жете меңгеріп алған. Олардың арасында Қуат Домбай, Мұхтар Тайжан сынды азаматтар бар. Олардың бүгінгі атқарып жүрген істері кейбір тіл білетін азаматтардан артық деуге болады. Меніңше оларды тіл білуіне қарап бағалауға болмайды. Қазақ екенін әрбір азамат өз іс-әрекеттерімен дәлелдеуі керек деп ойлаймын.
– Тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚОВА