Мемлекеттік қызмет еткісі келетіндерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек - Азаматхан Әміртай
2020 ж. 25 тамыз
1594
0
Кез-келген қазақ еліміздің дамығанын, өркениеттен кеш қалмағанын, халықтың бақуатты өмір сүргенін, өз жерінде өз тілінде сөйлегенін қалайды. Менде сол ойдамын. Бірақ дәл қазір біз өмір сүріп жатқан Қазақстанда осының бәрі бар ма? Әй қайдам? Дамыған елу елдің тіпті адамзат өркениетін бастаған көш басшы отыз елдің қатарына ендік депте ентіктік. Әрине сөз жүзінде. Ал нақты іске келгенде отыз тұрмақ, елу елдің шаңына ілесе алмай қалғанымыз бар. Бізде қысыр сөз көп, іс жоқ. Сол секілді халықтың тұрмысыда оңып тұрған жоқ. Ондаған триллион байлықтың үстінде отырып, қазақ кедейшілік күн көріп жатыр. Бар байлықтың қызығын үркердей топ қана көруде. Байлықта, билікте, қаржыда солардың қолында. Тілдіңде халі мүшкіл. Атқа мінгендердің барлығы (биліктегілер деп ұғыңыз) теріскейдегі елдің тілінде яғни Ресей тілінде «гәпіргенге» мәз. Өз тіліне шекесінен қарайды. Президенттің, Үкіметтің, парламенттің тіпті ірілі-уақты әкім –қаралардыңда негізгі тілі орыс тілі. Бұған не дейсің? Қазақстан Ресейдің бір губерниясы секілді. Министр болып жүрген қайсы бір қазақ «басымды айырбастамаса, қазақша сөйлей алмайтын шығармын» депте көкігені бар. Ондайлар билікте (бәріде деп айта алмаймын) көп. Ал ондай сабаздар тұрғанда қазақтың тілі, мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жаңғырып, өркендей қояды деу бос далбасалық. Осындай мүсәпір халге түсетіндей біз неден қателік жібердік? Меніңше, бар сыр мынада болуы керек: тәуелсіздік алғанан бүгінге дейін биліктегілердің дені Кеңес заманында қазақтың зиялысы болғандардың, сол тұста билікте қызмет атқарғандардың балалары. Кеңес заманында тек шенеуніктер ғана емес, қазақтың зиялы қауымы; ақын-жазушылар, өнер адамдары, ғалым-академиктер т.б балаларын орыс тіліне оқытты. Көбі қазақ тілінің күні бітуге таяу деп ұқты не болмаса орыс тілін білмесе нан тауып жей алмайды деген ұғымда болды. Содан олардың балалары орыс тілді болып шыға келді. Қазақтың тілін қажетсінбеді. Қазақтың мәдениетін, тарихын, тілін өткеннің «қаңсығы» деп қабылдады. Қазақылықтан кеткен, тас жолда өскен сол балалар тәуелсіздік жылдары әке-көкелерінің арқасында билікке келді. Бірақ өз тіліне, діліне, дініне, мәдениетіне деген қырын көзқарас сол қалпы сақталып қалды. Соның зардабын халық тартып отыр. Әлемде өз мемлекеті бола тұра, өз тілінде сөйлемейтін ел біз ғана шығармыз. Бұл трагедия. Мұндай жағдайдан шығудың бірғана жолы бар. Ол билікте қызмет еткісі келетіндерге мемлекеттік (қазақ тілін) тілді білуді міндеттеу. Және тілді білетіндігін байқау арқылы анықтау. Әрине министрлер, әкімдер арасында қазақтың тілін майын тамыза сөйлейтіндер баршылық. Бірақ олар аз. Егерде билікте жүрген ірілі - ауақты шенеуніктердің 80-90 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін халге жеткенде ғана бұл мемлекет қазақ мемлекеті екені анық сезіледі. Сонда ғана біз осы жердің иесі екеніміз анық байқалады. Ал халық бір тілде, билік өзге тілде сөйлейтін болса, осы мүсәпір қалпымыз сақтала берері хақ. Сондықтан билікке қазақы уыздан нәр алған, қазақы рухы биік, қазақы намысты аяқ асты етпейтін, өр мінезді азаматтар көптеп келсе деп ойлаймын.
Азаматхан Әміртай,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы