Қазыбек Иса. ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІКТЕРІНІҢ ТІЛІ РЕСЕЙ ТІЛІ МЕ?!.

0
3196
  • Сыртқы істер министрлігін сырт елдің мүддесін қорғаушылардан тазалау керек, Президент мырза!

 

Бүгін Моңғолиядан қандас қарындасымыз Майгүл Аулых қоңырау соқты… Карантин кезінде біздің елде қалып қойған әпкесінің жағдайына байланысты Моңғолиядағы Қазақстан елшілігіне хабарласыпты.

Телефонды көтерген Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің консулдық мәселелер бойынша 2-ші хатшысы Шынар Жуматаеваның қазақ екенін білгесін, өзінің қазақ екенін, сондықтан қазақша сөйлесуді сұраған. Сөйтсе, Қазақстан елшілігінің 2-ші хатшысы Шынар Жуматаева Моңғолиядағы қазақ қызына Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде сөйлеген және Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлегені және қазақша сөйлеуді сұрағаны үшін Майгүлге ашуланып, ұрсып жіберген! Қазақы қаны басына шапқан Майгүл де «Онда сен Қазақстанның атынан неге отырсың елшілікте жоғалмай?!.» деп қатқыл қарымта жауап қайтарған. (Аудио және смс скриншоттары бар).

Шынар Жуматаева өз мемлекетінің мемлекеттік тілін естігісі келмей, Майгүлдің телефонын блокқа қойып тастаған! Онымен қоймай, қазақ тілінің мүддесін ойлағыш қазақ қызын сабасына түсіріп қоймақ болып, Моңғолиядағы министрлік қызметкеріне шағым жасап, ол Майгүлге «Қазақстан азаматында нең бар, сен Моңғолияның азаматысың!» деп ескерту жасаған. (Аудио және смс скриншоттары бар).
Қазақтың, Елдің, Тілдің, Мемлекеттің мүддесін қорғауы тиіс елшілік қызметкері қорлап отырса, шетелде жүрген қаршадай қазақ қызы қорғамағанда кім қорғайды енді?!. Майгүлдің Моңғолиядағы қазақ қызы ретінде Қазақстанның елшілігіндегі мемлекеттік тілдің табанға тапталуына ұлттық намысы қайнағанына, қазақ тілінің мүддесін қорғап отырғанына көп рахмет! Ұлтының мүддесін шетелде қорғап жүрген сендей Қазақ қызына Алла жар болсын! Жұлдызың жарқырай берсін, Майгүл!

Ал енді қараңыздар! Қарапайым санамен-ақ саралап көрейікші!
Моңғолияның қазақ қызы Қазақстанның елшілігіне қазақ тілінде хабарласады! Ал бұл жерде Қазақстан мен Моңғолияға ешқандай қатысы жоқ айдаладағы шет ел, сырт мемлекет Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінің не қатысы бар, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырза? Әлде, Қазақстан әлі кешегі Кеңес Одағынан,бүгінгі Ресейден Тәуелсіздік алмаған ба, автономиялы республикасы ма?

Бұған былтыр ғана Моңғолиядағы Қазақстан Елшісі болып тағайындалған Жалгас Адилбаев не деп жауап береді? Қазақстанның мемлекеттік тілін қорлап, табанға таптап отырған Шынар Жуматаеваны жұмысқа алғанда Елшіміз Жалгас Адилбаев та, министріміз Мұқтар Тілеуберді де онымен Ресей тілінде сөйлескен бе?  Сыртқы істер министрі болып, Мұхтар Тілеуберді мырза келгенде тегінен бастап текті, қазақы министр келді деп қуанып жазып едік, енді елшіліктерге айтылған сыннан қорытынды шығарады деп сенеміз.

Майгүлдің құрбысы Ақшолпан Дағысқызы да елшілікке, Шынар Жуматаеваға қазақ тілінде хабарлама жіберген. Ешқандай жауап жоқ! Соған қарағанда ол принципті түрде қазақ тілінде хабарласқандарға жауап бермейтін болып тұр ғой…
Ал бұл жерде қарапайым дипломатиялық қызметкер этикасы қайда? Карантин кезінде Моңғолияда қалып қойып, елге екі айдан асқанда, Президентке видеоүндеу жасап жүріп, зорға келген 108 қазақстандық азаматтың елшілік қызметкері Шынар Жуматаевамен арадағы «жыры» да бізге жеткен еді кезінде, оның шет жағасы телеарналарда сөз болған еді…

Қазақ елшілігімен Қазақ тілінде сөйлесе алмаған Қазақтың қайсар қызы Майгүл содан соң уатсап тобынан жәрдем іздеп:
«Қазақ мемлекетінен отырған шетелдегі елшілік қызметкерлері орысша сөйлемесін! Қазақ мемлекеті тек Қазақша ғана сөйлесін» деген сөз жазады. Сол кезде топтағылар менің телефон номерімді тауып беріпті. Белгілі тіл жанашыры Оғыз Доғанға, заңгерлерге хабарласып, хат алмасқан.

Мемлекет мүддесін қорлау ғой бұл! Бұл 2002 жылы егер миын ауыстырмаса, өз ана тілі мен мемлекеттік тілін үйрене алмайтын Сыртқы істер министрі
Ерлан Ыдырысовтың «Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!» деп анау-мынау емес, парламенттің алдында мәлімдеп, (қазір Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заң жобасынан дипломатиялық қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті деген талапты алдырып тастағанының кесір-кесепаты әлі толық жойылмай келеді. Кейін бұл негізі басынан басты талап болуы тиісті «мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген бап 2009 жылы ғана сенатор Қуаныш Айтахановтар бастаған депутаттардың күш салуымен енгізілді.

Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заңның 9-шы бабы, 1-ші тармағы бойынша:
«Дипломатиялық қызметке жоғары бiлiмi бар, мемлекеттiк тіл мен орыс тiлiн еркiн меңгерген және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге қол жеткiзген әрi денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады»-деп жазылған.
Ал 19-ыншы бабы бойынша «Дипломатиялық қызмет персоналы өзiнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, жалпы саяси даярлығын арттыруға, мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге міндетті.
Бұл заң бойынша, шынында да Қазақстан әлі Ресейдің отары секілді.
Біріншіден, Тәуелсіз Қазақстанның елшілік қызметкері неге шет мемлекет Ресейдің мемлекеттік тілін білуге міндетті?!. Әлде бұл заң сол баяғы әлі орыс тілінде сөйлейтін, мемлекеттік тілді білмесе де екі рет министр болған, әлі елші боп жүрген ыдырысовтар үшін жасалған заң күйінен әлі жетілмеген бе? Бұл жерде негізі «мемлекеттiк тіл мен ағылшын тiлiн еркiн меңгерген» деп жазылуы тиіс қой халықаралық қағидаларға сай.

Екіншіден, 19-ыншы бап бойынша елшілік қызметкері шет тілін жетілдіруі түсінікті, ал неге өзінің мемлекеттік тілін «жетілдіруі» керек, ол «мемлекеттік тілді жетік, еркін білген соң» қызметке алынуы керек емес пе? 19-шы бап 9-шы бапқа қарсы шығып тұр ғой бұл жерде?!.
Сонда елшілікке аталмыш заңның 9-шы бабына сай «мемлекеттік тілді еркін білетіндер емес, 19-шы бабына сай қызмет істеп жүріп ақырын мемлекеттік тілді үйрене беретіндер (олардан қазақ тілін үнемі талап етіп жатқан Майгүлдер жоқ, сондықтан үйрене қоюы көзбояушылық) алынып келе жатқаны белгілі болып тұр ғой.
Заңда «мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге міндетті» дегенде, мемлекеттік тілдің деңгейі шет тілімен бірдей шеттеп тұр… Ал бұл жерде «жетілдіруде» орыс тілі жоқ, өйткені ол Ресей тілі ешқашан жетілдіруді қажет етпейтін, бәрі 100 пайыз жетік білетін «өз тілдері…»

Жалғыз бұл оқиға емес, жалпы елшілік пен Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің мемлекеттік тілде сөйлемейтіндіктері баспасөзде жиі сыналатынының себебі заңның осындай шикілігінде жатыр. Кезінде бұл мәселені белгілі ғұлама ғалым Өмірзақ Айтбайұлы бастаған зиялылар да көтерген болатын…

Елшіліктегі мұндай масқара кемшіліктер жойылмаса, «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деген Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты» деген сөзі қалай іске аспақшы?!. Елшілік қызметкерлері Ата заңды да, басқа заңдарды да белінен басып, шетелде Мемлекеттік тілін қорлап отырса, қалайша «Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады?!.»

Осы жерде барлық жұмысымызды жиып қойып, Қазақстан елшілігі қызметкерлеріне аздаған тегін сауат ашу дәрісін оқып жіберуге мәжбүрміз.
ҚР Конституциясының 7-бабы:
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Конституцияда да, Тіл туралы заңда да ең жоғары статус – мемлекеттік тіл статусы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусынан жоғары статус болмайды. Сондықтан сауатсыздардың (министр ме, әкім бе, депутат па, сатушы ма, бәрібір) қандай да бір орыс тілінің «мәртебесі» туралы «ережелері» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ қасында бос сөз болып табылады!
2007 жылы Мәжіліс депутаты ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ депутаттың: «Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей болып табыла ма?» деген сұрағына Конституциялық Кеңес: «Атазаңның 7- бабы 2-тармағы бойынша «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады»-деген сөз – орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей статус бермейді»-деп, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 ж. 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысымен жауап берген.

Яғни, «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз «ресми тіл» статусын да, мемлекекеттік тіл статусын да білдірмейді.

«Орыс тілінің статусы мемлекеттік тілмен бірдей» -деген сөз ойдан шығарылған, орыс тілінің құқын асыра пайдаланған орыстілділер жасап алған жалған «статус».

Жақында «Қазақ үні» ұлттық порталында Германиядағы Қазақстан елшілігінің Еуропадағы қандастардың жинап берген медициналық гуманитарлық көмегінің жарты айдан бері жіберілмей жатқаны туралы мақаламызда жазғанымыздай, бүгінде ішіміз іріп, сыртымыз шіріп бітуге таяған екен. Барлық мемлекеттік органдардағы бетімен кеткен берекесіздікті, тоқмейіл топас тоқырауды тоқтатып, өткенде ҚР Президенті Қ.Тоқаев тоқетерін айтқандай, істен шыққан мемлекеттік басқару жүйесін шұғыл қайта құру қажет

Сыртқы істер саясатында, елшіліктердегі ең негізгі талап -Қазақ елінің мүддесін қорғау – Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеу талап етілуі керек! Бұрын бізді отарлағанын минут сайын есімізге түсіріп, бетімізге шіркеу қылатын Ресей тілінде – сырт елдің тілінде емес – жат мемлекеттің мүддесін қорғау емес…
Ал Халықаралық байланыс тілі ретінде ағылшын тілін талап ету белгілі қағида.

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫНА 30 жыл болған ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ ТІЛІ ҚАШАНҒА ДЕЙІН РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТІЛІ БОЛА БЕРЕДІ?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұрайтынымыз, Сыртқы істер министрлігін сырт елдің мүддесін қорғаушылардан тазарту керек.

Қазыбек ИСА,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі

«Қазақ үні»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз