Руза Президентіміздің тапсырмасын орындағаны үшін жазықты ма?

Әлде, Керекуде Руза мен қазақ тілін қорғайтын еркеккіндік  қалмаған ба?

 Қашан көрсең, Керекуде мемлекеттік тілдің өлімші халімен арпалысып жүретін мемлекеттік мекемелер емес... жалғыз осы Руза Бейсенбайтегі. Үнемі оған араша түсетін Алматыдағы «Қазақ үні» газеті бастаған санаулы қазақ басылымдары мен сайттары. Сонда  облыстағы қазақ тілінің, ұлт мүддесінің жанашыры деп үміттеніп  жүрген  Ерлан Арын бастаған әкімдердің, мемлекеттік мекеме басшылары, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлері бар, қазақ тіліне қаны қызатын бір еркеккіндік қалмаған ба? Сонда Руза Бейсенбайтегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген тапсырмасын  орындағаны үшін жазықты ма? Сонда Павлодарлық мемлекеттік мекемелер үшін Конституция мен Елбасының ерекше екпін беріп айтқан сөзі жай айтыла салған кезекті сөз болып тұр ғой. Рузаны мемлекеттік тілде, Тәуелсіз Қазақ елінде қазақ тілінде сөйлегені үшін қуып шыққандардың  ("БІЗ ҚАЙ ЕЛДЕ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ? ӘЛІ РЕСЕЙДІҢ ОТАРЫМЫЗ БА?"  www.qazaquni.kz ) бір сөзінде билікке қарата айтылған ең басты шындық бар. Олар: «Мы не говорим по-казахский;  я понимаю, но обслуживать буду на  том языке, на каком мне удобно; вы сами виноваты, зачем пооткрывали русские школы, и нас туда отдавали; а теперь или говорите на русском, либо выходите отсюда. Языку с детсадов, со школ надо обучатся. Побольше бы садов на казахском, мы бы тоже детей отдавали»,-дейді. Міне, Қазақ еліндегі қазақ тілінің өлімші халінің дәл диагнозы. Бұны кезінде ұлты орыс қоғам қайраткерлері де айтқан: Сендер, билік әдейі мемлекеттік тілді білуді мәжбүрлемей, бізді мемлекеттік тілді білу құқымыздан айырып отыр» деген олардың сөзі – ең басты кеселіміз, ұлттық қауіпке апара жатқан басты дертіміз. Қазақстанда қазақша сөйлегенің үшін қуып шығады!?.  Бұндай бейшаралық әлемнің ешқандай Тәуелсіз елінде жоқ,  тарихта болмаған масқара! Бодандықтан құтылдық деп, бостан болған 22 жылда жеткен "жетістігіміз!"   Меніңше, ел президентінен бастап, министрі , төрағасы, әкімі, депутаттары, хатшысы бар, жоғарыда аталған тұлғаларда Елбасымыз айтқандай патриоттық, мемлекетшілдік қасиеттерден (ең басты қасиет- ұлтшылдықты айтып, оларды шошытпай-ақ қояйық) тамшы болса да, қалған болса, Керекуде шырылдап жүрген Руза бастаған қоғам қайраткерлеріне, жалпы халыққа бір жауабын береді деп сенеміз.

Қазыбек ИСА

www.qazaquni.kz