Сенатор ұлттық қауіпсіздігімізге төніп тұрған жаңа қауіп туралы айтты
2020 ж. 28 шілде
1253
0
ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Бас прокурорға сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Депутат дәрі-дәрмектерді қолдан жасаумен айналысатын жалған кәсіпкерлердің ашкөздігі мен бассыздығына наразы.
«Таяуда ғана Алматыда контрафактілік дәрі-дәрмектер өндіретін жасырын цех, жасанды дәрі-дәрмектерді орауға арналған қағаздарды басып шығаратын баспахана, заңсыз өнімдерді сақтайтын қойма табылды. 100 тоннадан астам күмәнді дәрі-дәрмек заттары тәркіленді. Осындай ауқымда тіркелген қылмыстық факті және бұл жайттың өзі еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіру деп қарастырылуы керек», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өз үндеуінде.
Сенатор осыған байланысты Бас прокурорға еліміздегі барлық дәрі-дәрмек қоймалары мен сатылатын орындарды шұғыл тексеріп, жалған өнімдерді анықтауға шақырды.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед халықаралық тәжірибені ескере отырып, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналымы саласындағы қылмыстық заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.