Елбасы Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі медициналық орталық салуды тапсырды
2020 ж. 15 шілде
1250
0
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады, деп хабарлайды Elbasy.kz.
Елбасы қазіргі экономикалық дағдарыстың Қордың барлық компанияларына әсер еткенін атап өтті. А.Есімовтің мәліметі бойынша, Қордың компаниялар тобы қызметкерлердің қысқаруына жол берген жоқ, барлық кәсіпорын жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы отандық денсаулық сақтау жүйесін қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының коронавирус пандемиясына қарсы күреске барынша атсалысу қажеттігін атап өтті.
– Қорды басқару жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде «Самұрық-Қазынаның» ішкі резервтерінен ірі мегаполистерде – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі медициналық орталықтың құрылысына қаражат бөлуді тапсырамын. Медициналық орталықтардың жұмысы ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге бағытталады. Бұл қадам келер ұрпақты ықтимал қатерлерден сақтап қалуға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер бұл бастаманы қолдайды деген сенімдемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті коронавирус індетінен қайтыс болғандардың отбасыларына тағы да көңіл айтып, қазақстандықтарды барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.