Сайлау жүйесіне реформа жасала ма?
2020 ж. 08 шілде
2940
0
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы 12 тамызда өтетін болды. «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын» - делінген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған жарлығында.
Жарлық шығысымен екі күн өтпей жатып Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина «Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына республикалық бюджеттен Орталық сайлау комиссиясына 254,5 миллион теңге бөлінді», – деді арнайы өткізілген брифингте. Оның айтуынша, бұл ақша сайлау комиссияларының қызметі мен ұйымдастыруға, мәслихат депутаттарының іссапары және көлік шығындарына, сайлау компаниясының қызметін ұйымдастыру үшін қажетті полиграфиялық қызметтерге, сондай-ақ сайлау нысандарын рәсімдеу қызметтеріне, БАҚ-та ақпарат жариялау және басқа да шығындарға жұмсалмақшы.
Біздегі сайлау атаулы жайында қарапайым халықтың, көпшіліктің көкейінде жүрген, тіпті соңғы кезде сарапшылар мен бұқара тарапынан ашық айтылып, жиі жазылып жүрген пікірлерін алға тартпас бұрын, баршаға түсінікті болуы үшін алдымен осы мәселеге қатысты еліміздегі сайлау тарихы мен оның өткізілу ережелеріне үңіліп көрелікші.
Қазіргі Қазақстан Парламенті – алғаш рет Қазақ КСР-інің 1937 жылғы Конституциясы, ал содан кейін Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы негізінде құрылған Жоғарғы Кеңестің орнына келді. Жоғарғы Кеңес депутаттары өз кезінде он үш рет сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы 1938 жылғы 24 маусымда жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiлдi.
1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Бұл әкiмшiл-әмiршiл жүйенің ықпалынан толықтай арылмаған республиканың жоғары заң шығару органының алғашқы неғұрлым демократиялық сайлауы болатын. Сайлау алдындағы тартысқа 360 депутаттық мандат үшін екі мыңнан астам үміткер қатысты. Республикалық қоғамдық ұйымдардан 90 адамның сайлануы аталған сайлаудың басты ерекшелігі болып табылды. Бұл сайлау толыққанды саяси партиялар болмаған жағдайда өткенімен, тоталитарлық жүйенің өзгергенін көрсетті.
Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның кеңестен кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдады. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдіктерін, демократиялық қоғам мен құқықтық
мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды. Негізгі Заң Республиканы дүниежүзілік қоғамдастықтағы тәуелсіз мемлекет ретінде заңдастырды және өзін қазіргі заманғы өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде жалпы адамзаттық құндылықтардың жолын ұстанады деп жария етті.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында Жоғарғы Кеңеске көптеген өкілдік берілді, бұл биліктің бөліну принципін жүзеге асыру мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құруды қиындатып жіберді деген пікірлер туындады. Бұдан кейін кәсіби Парламент құрудың қажеттілігі айтыла бастады. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетіктерінің жұмыс істемеуі Жоғарғы Кеңеске Үкіметтің қызметіне араласуына немесе оны ауыстыруға дейін баруына мүмкіндік берді. Яғни үкімет биліктен қағылып, Жоғарғы Кеңеске тәуелді болып қалды. Бұл әрине билік басындағыларға ұнаған жоқ. Соңында республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соқты. Халық қалаулылары Парламент қабырғасында өткізген ұзақ пікірсайыстардан кейін Сайлау туралы кодекс, Республика Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiктер беру туралы заң және Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы заң қабылдады. Республиканың жоғары өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңызы іс жүзінде Конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды.
1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлау республикада көппартиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Сайлауға сайлаушылардың 73,84 пайызы қатысты. 135 бір мандатты округтер бойынша небары 910 адам ұсынылып тіркеу шарттарына 692 адам лайық болды, орташа алғанда – 5 үміткер бір депутаттық мандат үшін күресті. 1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз аралығында жұмыс істеген он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламенті болды. Алайда оның тағдыры өте қиындау болып шықты. Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылды. Конституциялық сот сайлау заңнамасының кейбір нормалары Конституцияға сәйкес келмейді деп есептеді.
1995 жылғы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Онда тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі жасалды. Дәлірек айтсақ бұрындар Жоғарғы Кеңеске берілген билікке бақылау жасаудың мол мүмкіндігі барынша шектелді. Тежемелік және тепе-теңдік жүйесін құрамыз деген желеумен тең құқық аламыз деген билік кең мүмкіндік алып, көрпені өзіне қарай көбірек тартып алды. Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар мен биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын белгіледі.
1995 жылғы ҚР Конституциясында Парламент заң шығарушы жоғары өкілді органы ретінде бекітілді. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады. Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан, тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын 48 депутаттардан құралады. Оның ішінде Сенаттың 15 депутатын ҚР Президентi тағайындайды. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi – алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi – бес жыл. Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялық тізімдер бойынша жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Мәжіліс сайлаған Төраға басқарады. Ал Сенат төрағасын тікелей Президент ұсынып, депутаттар дауысқа салады. Әрине, біздегі қалыптасқан тәжірибе бойынша Президент ұсынған төрағаға бір де бір депутат қарсы дауыс бере алмайтыны белгілі. Демек төрағаны да Президенттің өзі тағайындайды деген сөз. Оны ол қайдан әкеліп қойса да өзі біледі. Міне біздің елдегі парламенттік сайлаудың қысқаша ғана тарихы осындай.
Біздің Парламенттің өткеніне көз жүгіртсек біраз нәрсені аңғаруға болады.
Демократиялық қоғам құрамыз деп жер жүзіне жария еткен соң оның ережелері мен құндылықтарын қатаң сақтауға міндеттіміз. Демократиялық қоғамды халықтың өзі басқаруға тиісті, ата заңымыз бойынша да елдің, жердің иесі халық, оның ішінде мемлекет құраушы қазақ ұлты. Халықтың қоғамды басқарудағы басты тетігі – сайлау. Халық өзі үміт артқан, сенімді, лайықты деген өкілдерін жоғарғы басқарушы органдарға ұсынып, солар арқылы елді басқару болып табылады. Солай дей тұра біз оған қоса Қазақстанды «президенттік республика» деп жариялап жібердік. Бұл бір-біріне кереғар түсінік. Парламенттік басқару – депутаттар арқылы бұқараның басқаруы. Ал президенттік басқару – жеке адамға, яғни барлық құқықты оның ішінде негізгі билікті президенттің қолына ұстату. Мұндай шешім автократияға апаратын тура жол. Басы алтын болса да бір адамның жеке дара мемлекет басқаруы бәрібір автократияға, жеке басқа табынуға алып келеді.Оны әлемдік тәжірибе талай рет дәлелдеген. Осыған ұқсас жағдайды бұрындар өз тарихымызда да әлденеше бастан өткерген болатынбыз.
Енді көппартиялыққа келейік, өйткені біздегі Мәжіліске партиялық тізім арқылы сайланады. Партиялардың көп болғанына ешкім қарсы емес. Олар бір-бірімен бәсекелестік негізде халыққа адал қызмет етіп, бірінің қатесін екіншісі түзетіп, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартып жатса кім оған қойыңдар деп айта алады. Өкінішке орай, біздегі қоғамның көппартиялық деген аты ғана бар. Негізінде бір ғана «Нұр Отан» партиясы
шексіз басымдыққа ие. Оның Паламенттің қос палатасындағы саны кем дегенде 80 пайызды құрайды. Қалғандарын партия деуге келмейді. Олардың Парламенттегі саны өте аз болғандықтан дауысы өтпейді. Дәп осы жерде біреулер «Бәрін де халықтың өзі сайлаған» - деп қарсы уәж айтары белгілі. Біріншіден, сайлаушылардың басым бөлігі, шамамен төрттен үші ешқандай партия қатарында жоқ адамдар. Олардың көбісі біздің елде қанша партия бар екенін, олардың немен айналысып жатқан да білмейді.Сөйте тұра біз партиялық тізіммен сайлау өткіземіз. Әр адамның өз үміткерін таңдау құқығы қайда қалады? Оның үстіне 9 депутатты Қазазақстан халық Ассамблеясы сайлайды. Сол сияқты Сенатқа 15 депутатты Президент тікелей тағайындайды. Сонда қалай болғаны, Президент пен Қазақстан халық Ассамблеясы өз алдына жеке мемлекет пе? Неге оларға мұндай ерекше құқық берілгені туралы сұрақты әлеуметтік желіде тұрғындарымыз бірнеше жылдан бері айтып келеді. Бірақ оған нақты жауап бергендерді көрмедік. Көбісі қабылданған Конституциямызға арқа сүйеп, бәрі заңды түрде дейді. Ал, сол Конституция кімдікі, оны кім және қалай қабылдады, ол кімге қызмет ету керек деген сұрақ ешкімді мазаламайтын сияқты. Әлде ол да Президент пен Қазақстан халық Ассамблеясының жеке заңы ма? Ал Ата заңымызда барлық адамдардың құқығы бірдей деп жазылған. Олай болса біз неге жекелеген партиялар мен адамдарға ерекше жағдай жасаймыз? Бұл да көпшіліктің мүддесін қорғайтын Ата заңға деген жасап отырған қиянатымыздың бір көрінісі. Заң болған соң оны қалай болса солай бұрмалай беруге болмайды, бәріміз де, еңбектеген баладан еңкейген кәріге, еден сыпыратындардан ел басқарып отырғандарға дейінгі адамдарымыздың бәрі соған бағынып, сыйлауымыз керек.
«Байтал түгіл бас қайғы» - демекші, Сенат депутаттарының сайлауы 12 тамызда болады деген хабар әлемді жайлаған коронавирустан жанын сақтап қалудың қамымен жүрген халықты елең еткізбегені анық. Тіпті соған мән беріп жатқан да ешкім жоқ. Екіншіден, ол түсінікті де, өйткені бұл сайлаудың халыққа түк те қатысы жоқ екені белгілі. Алдында айтқанымыздай 15 сенаторды Президент тағайындайды, қалғанын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Ал, мәслихатта отырған депутаттар әкімдік ұсынып, өздері жанын салып өткізген адамдары. Сайлау атаулыны жергілікті әкімдік өкілдері ұйымдастыратындықтан оны әділ өтті деп ешкім айта алмайды. Қалай болғанда да биліктегі партияға бүйректері бұрып тұратыны жасырын емес. Сонда халық қайда қалды, демократия заңдылықтары қайда? Халықтың өзі тікелей сайламаған депутат бұқара мүддесін қорғамақ түгіл, оның талабын құлағына да қыстырмайды. Қаншама қаржы шығындап бүйтіп аты ғана бар сайлау өткізгенше, Сенатқа қалған 33 депутатты да тікелей тағайындай салған тиімді емес пе?
Бүгіндер әлеуметтік желіде Парламенттегі қос палатаның қажеті жоқ деген пікірлер айтылып жүр. «Екі палата бір-бірін қайталайды. Сенаторлардың айлығы, тұрмыстық жағдайы мен іс-сапарларына, олардың көмекшілеріне, тегін баспаналарына қаншама қаражат шығындалып жатыр. Сенат Мәжілістен билік мүддесіне қарсы заң өтіп кетсе соны тежеу үшін,
сүзгі ретінде құрылған. Сондықтан оның біреуін ғана қалдыру керек» - деген ұсыныстар да жиі айтылып қалады. Оған қоса Мәжіліске де партиялық тізіммен емес, халық өз үміткерлерін тікелей сайласын деген талап та қойылып жүр. Бұл оңтайландыру ұсыныстың жаны бар, өйткені мынандай дағдарыс кезінде мемлекет қаржысын босқа жұмсауға болмайды. Мемлекеттік қызметкерлер саны жағынан жалпы тұрғындарға шаққанда біз әлем бойынша алдыңғы орында келе жатқан елміз. Оған қоса Сенат депутаттарын халықтың өзі тікелей сайламаған соң ол кімге керек?..
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні