"Халық қалаулысы" ма?"..

  Кешегі кеңестің депутатын «халық қалаулысы» деп атайтын еді. Жұртшылық қалаулысына сенетін де еді, арыз-шағымын беретін еді. Ауыл жолдары бүтін­деліп, көпірлер салынатын, теперіш көргендер – теңдік табатын, әділтсіздікке ұрынғандар – әділдік туына жететін... Қазiргi депутаттарға таңғаласың. Өйткені, оны халық сайламайды, партия тағайындайды. Мысалы, қазақ парламентінің Мәжілісі мен Сенатының депутаты, шамамен, 700-800 мың теңге айлық жалақы алады екен, оған қосымша, мемлекеттік қызметтегі еңбек жылдарына үстеме, сыйақылар мен жеңілдіктер т.б. бізге беймәлім қаржылар. Сосын, қызметтік пәтер­лер мен көліктерді қосыңыз!.. Қазір әкім немесе министр болғаннан гөрі, депутат атанған анағұрлым тиімді. Халыққа «есеп бермейді», елбасынан ескерту естімейді, дүкенге басын сұқпайды, базарларға бармайды, жиналыс жасап, «жылу жинамайды»... Бірақ, осынау бір орасан ырысты орынға өтудің азапты өткелі бар. Алдымен, билікпен бі­теқайнасқан партия мүшесі болуың керек; со­сын, жымқырған-қымқырған қаржыңды ша­шып, қалайда партия басшылығына аяғыңды жеткізуің керек; әрмен қарай, өзіңнің саяси көзқарасыңды «күшігінде талап», тек партия нұсқауларын бұлжытпай орындауға тиіссің; «партия қайда болса, сен де сол жерден табы­лып», биліктің батасына «жәрәкімалла» деуден жаңылмауың керек; бюджетті қабылдауда «жусаннан аласа, бетегеден биік» қалпыңды бұзбауға тиіссің... Төрт тоқалдылар мен бес байлылар, «теңдік» терген коммунистар мен теңге жинаған капи­талистер «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, айрандай ұйыған қазақ парламентінің депутаты болу – мемлекет сыйлығын алумен пара-пар... Қазақ тілінің қауқарында, қазақ ұлтының айтарында шаруаң болмасын?!. Қымбаттаған бағалар да, жыртылған жағалар да сенің ісің емес. Жалақың үлкен болғанымен, «талабың тым кішкентай» жұрттың жалаулысы, «халықтың қа­лаулысы»! Құлтас ДОСТАН