Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп берді

0
288

Бүгін ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында онлайн түрде есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы айтты, – деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.

Өз есебінде, министр халықтың көкейінде жүрген электр энергиясына қатысты бағаны тұрақтандыру мәселесіне кеңінен тоқталып өтті.

– Электржелілік компанияларды ірілендіру бойынша жұмыстар іске асуда. Яғни, олардың қызметіне кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілетін талаптар бекітілді. Аталған шаралар талапқа сәйкес келмейтін электрберуші ұйымдарды өзара бірігу немесе өңірлік желілік компаниялармен бірігуді көздейді. Соның нәтижесінде, бірқатар монополистердің электр қуатына деген бағасын арзандатуға мүмкіндік берді, – деді Н. Ноғаев.

Министрдің сөзінше, 2019 жылы энергетикалық жобаларды игеруге 2,07 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, ол қаражат толық көлемде игерілді.

Сондай-ақ, ол бұрыңғы Семей ядролық полигоны мен Атырау облысындағы Азғыр полигоны аумағында радиациялық зерттеу-мониторинг жұмыстарының жалғасып жатқанын да тілге тиек етті.

Атап өту керек, 2019 жылы Энергетика министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетудің 24 түрі бойынша 7,5 мыңнан астам қызмет көрсетті. Бір ерекшелігі олардың 96 пайызы электронды түрде көрсетілген.

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, Қазақстанның екі өңірінде алғаш рет тауарлық газға шекті көтерме сауда бағасы бекітілді.

– «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының арқасында Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындары көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алды. Қызылорда облысынан басталатын «Сарыарқа» газ құбыры еліміздің астанасын, орталық және солтүстік өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді ҚР Энергетика министрі.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұтынушылары үшін ҚР Энергетика министрлігі шекті көтерме бағаны 1000 текше метр үшін ҚҚС-сыз 24 537 теңге мөлшерінде бекітті.

– Тауарлық газға шекті көтерме бағаны ҚР Энергетика министрлігі ҚР Ұлттық экономика министрлігімен келісу арқылы ұлттық оператордың тауарлық газды сатып алуға және тауарлық газды тасымалдауға кеткен шығындарын, өңірлерді газбен қамтудың экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, бекітеді. Қазіргі уақытта магистральдық газ құбырына қосу үшін жергілікті атқарушы органдар, яғни Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының әкімдіктері газды одан әрі халыққа беру үшін газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде, – деп атап өтті Ноғаев.