Мұрат Бақтиярұлы: Саяси бәсекелестік жоқ жерде тоқырау, дағдарыс орын алады
2020 ж. 22 мамыр
1685
0
Еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бері сайлау және саяси партиялар жүйесі өзінің даму жолында бірнеше белестерден өтті. Біздің жас мемлекетімізге лайықты жолды іздеуіміз аз болған жоқ. Оның ішінде сәтті болғандары да, кемшілікке ұрынған тұстарымыз да болды. Бірақ мұның барлығы қателік тұстардан сабақ алып, өсу жолдарымыз болғанын, сайлау заңнамасына қатысты өзгерістер енгізу еліміздің тарихи-экономикалық жағдайын, қоғамдық-саяси белсенділігін ескере отырып рет-ретімен жүзеге асырылып жатқанын айтуымыз керек. Соның бір айғағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген саяси реформалар топтамасына кіретін, бүгін талқыға түсіп жатқан «Саяси партиялар туралы» және Конституциялық мазмұны бар «Сайлау туралы» заңдар.
Қоғам тарапынан Заңдарға қатысты түрлі сыни пікірлермен қатар ұсыныстар да айтылды. Бұл заңды да! Өйткені әлемде мінсіз жетілдірілген сайлау жүйесі әлі де болса жоқ. Ғасырлардан тұратын демократиялық дәстүрі бар АҚШ, Европа мемлекеттерінің өздерінде жаңа сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табылып жатады. Ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жүйеде болып, тек бір ғана монополистік партияның догмалық қағидатының шырмауында болған біз сияқты мемлекетте бір мезетте көп партиялық жүйеге көшу мүмкін емес еді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қоғамның саяси жүйесін реформалауға байланысты көптеген заңдар қабылданды. Мысалы,1996 жылы «Саяси партиялар туралы» дербес заң бойынша саяси партия құру үшін еліміздің кез келген жерінде тұратын 10 адамның бастамасы және партияны тіркеу үшін 3000 мүшесі болса жеткілікті болды. Нәтижесінде 2002 жылы Қазақстанда 19 саяси партия тіркелді. Көпшілігінің аты барда заты жоқ еді. Партиялардың
санының осындай көптігіне қарамастан, ол кездері көппартиялық саяси жүйені қалыптастыра алдық деп айта алмаймыз.
2007 жылы 21 мамырда қабылданған «Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге байланысты еліміздің Парламенті саяси партиялардың тізімі бойынша пропорционалдық негізде жасақталды. Бұл Қазақстан Парламентаризмі мен көппартиялық институтының дамуына үлкен әсер етті.
Бүгінгі талқыға түсіп отырған заңдар да қоғамдық-саяси жүйені демократияландыруға өз ықпалын тигізіп, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының билік органдарына өкілдік етуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сондықтан да Заң жобасын қолдаймын. Сонымен қатар, қоғамның дамуына байланысты оның саяси жүйесі де үнемі өзгерістерді қажет етіп отыратындықтан заң әзірлеуші Министрлікке, Үкіметке келешекте ескеретін төмендегідей ұсыныстар айтқанды жөн көрдім.
Бірінші, қазір қоғам өзгеріп, бұрынғыдан гөрі ашық бола түсті. Кешегі 90-шы жылдардың басында қоғамдық байланыстар құруға қатыспаған жастардың жаңа толқыны қазір саяси процестерге белсене араласуда. Біздің қабылдайтын заңымыз да осындай ортаға бейімделіп жасалуы керек. Атап айтқанда, кеңестік дәуірді көрген біз үшін тансық емес, билік партиясы феномені қайта келді. Жаңа билеуші партияның бұрынғы билеуші партияға тән болған үйреншікті сүрлеулерге түсіп кетпеуін, билікке келу жолындағы күрес аясы мен билік басындағы қызмет аясындағы әрекет стилінің айырмашылықтарын, Үкіметпен, Парламентпен, жергілікті басқару органдарымен және қоғамдағы демократия мен алуан түрлі пікірлердің бірден-бір кепілі болуға тиісті екендігін құқықтық негізде жүйелейтін Заң жасауды қолға алу қажет деп санаймын. Өйткені саяси монополия билік үшін сан жағынан ұтысты болғанымен, сапа, моральдық жағынан ұтылыс. Саяси бәсекелестік жоқ жерде тоқырау, дағдарыс орын алады. Саяси бәсекелестік елдің дамуы, болашағы туралы балама бағдарламалар тудырады. Жасырын, астыртын тәсілдердің үлесі азаяды. Белсенді, білікті жаңа тұлғалы азаматтарды анықтайды.
Екінші, 2018 жылы 29 маусымда қабылданған «Сайлау туралы» Заңға байланысты бұдан былай елімізде барлық аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары да тек партиялық тізімдер, яғни пропорционалдық негізде сайланатын болады. Бұл үдеріс сырттай қарағанда жақсы болып көрінгенмен, біздің осы кезге дейін байқап жүрген кемшілік тұстары да бар. Мәселен, жеңіске жеткен партиялардың тізімі бойынша халық арасында танымалдығы төмен, саяси белсенділігі, біліктілігі мен тәжірибесі әлсіз адамдар тізімге еніп кету мүмкіндіктері жоғары екендігі жасырын емес. Әсіресе түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауда әкімдерге тәуелді болып қалу ықтималдығы болу қаупі бар екендігі байқалады. Және де жергілікті мәслихаттардың депуттатық корпусына қазір бизнес саласының және жеке меншік нысандардың басшылары көбірек енгізіліп келеді. Алайда осының өзі халықтың арасында түрлі пікір туғызып жүр. Олар өз депутаттықтарын пайдаланып, өз бизнестерінің жағдайларын шешумен айналысады деген жұрт пікірінің де жаны барлығын ескерейік. Осыған жол бермеудің тетіктері жасалуы керек. Сонымен бірге Парламенттің негізгі жұмысы заң шығарушылық болғанымен де, ол өткір ой-пікірлерімен, елге ой салатын, халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізіп қана қоймай, оны шешудің жолын ұсынатын, өз өңірінде, қоғамда үлкен ықпалы бар, өз салаларының тәжірибелі де білікті және өзінің ойын ашық жеткізуге қабілетті мемлекетшіл тұлғалардан құралса нұр үстіне нұр болған болар еді. Бұған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевта өз жолдауында «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте талқыланып, шешімін табуы тиіс» деген де болатын.
Үшінші, қандай деңгейдегі сайлаулар болсын, ол қоғамда дау-дамай, қайшылық туғызу үшін емес, керісінше сол қайшылықтардың алдын алып, халықтың ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, ұлтты ұйыстыруға, сол арқылы халықтың әлеуетін, тұрмысын жақсарту үшін өткізілуі керек. Сайлау процесі адал және ашық өткізілсе, халықтың азаматтық болмысын нығайтуға және қоғамның мемлекеттік билік жүйесіне сенімін күшейтуге әсер етеді. Сондықтанда елдегі сайлау процесін адал және ашық өткізу ең маңызды мәселенің бірі екені сөзсіз. Осы арқылы біздің мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміздің мызғымауына айрықша мүдделілік танытатын, еліміздегі саяси орнықтылыққа айрықша ұйытқы бола алатын әлеуметтік күшті топтастыра аламыз.
Мұрат Бақтиярұлы,
ҚР Парламент Сенатының депутаты