Назарбаев билігінен соң қауіпті екі мәселе қалуы мүмкін...
2013 ж. 22 қаңтар
2047
4

Дос Көшім: "Назарбаев билігінен соң қауіпті екі мәселе қалуы мүмкін"
Былтырғы жыл әділетсіз сот жүйесінің жылы болды
– Мерейімізді тасытқан жарқын жетістіктер де, жанарымызға жас алдырып, қаралы күн белгілеуге мәжбүр еткен қайғылы оқиғалар да өткен 2012 жылы орын алды. Саясаткер ретінде өткен жылға қандай сараптама жасар едіңіз... – Өткен жылы, өкінішке орай, жарқын жетістіктерімізге қарағанда, қаралы күндеріміз көбірек болғанын мойындауымыз керек. Бұл оқиғалар (Жаңаөзен, терроршылар, Арқанкерген, т.б.) саясаткерлер тарапына да, журналистер жағынан да жеткілікті түрде талданған сияқты. Бірақ мен бұл оқиғаларға мүлдем басқа жағына көз салғым келеді. Әрине, қолмен ұстап көрсететін дәлелім жоқ, дегенмен осы оқиғалардың қозғаушы күші – билік басындағы топтар мен жеке адамдардың арасындағы талас – тартыс сияқты көрінеді. Билікке келу қалай ауыр болса, оны ұстап тұру – одан да қиын мәселе. Билікқұмар, баққұмар жандар сол мақсаттың жолында адам айтқысыз қатігездікке барып, ойға келмейтін қылмыстар жасайтыны белгілі. Қазақ жеріндегі күтпеген оқиғалардың астарында осы билік басындағылардың тойымсыздығы мен бір-біріне деген кекшілдігі жатыр деп ойлаймын. Бұлардың ішкі күресінің азабын тартып жатқан – қарапайым халық. Сіз келісесіз бе, білмеймін, бірақ былтырғы қанды оқиғалардың барлығының да нүктесі қойылды, соттары өтті, бірақ қоғамның басым бөлігі билік пен заң орындарының берген бұл бағаларына келіспеген күйінде қалды деп білемін. Қысқасы, билік пен халықтың арасы ашыла түскен сияқты. Бұл оқиғалардың барлығы халықтың билікке деген сенімсіздігін күшейте түскен сияқты. Бір ғана мысал айтсақ жеткілікті болар; Жаңаөзендегі сот отырысында 60-тан аса адам жарақат алып, 17 адам оқтан қаза болғанда, әлі күнге дейін бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық берген адамды да біле алмадық, сол бұйрықтың заңды не заңсыз болғанына да жауап ала алмадық. Бас прокурор бір айдан соң берген мәлімдемесінде «Олар атыс қаруын және суық қаруды, тас, таяқ және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді қолданған топтың шабуылына тап болды» дегенді айтты. (Ал 17-желтоқсан күнгі ресми мәлімдемеде «атыс қаруы» туралы бір ауыз сөз болған жоқ). Алайда, бұл сөздердің нақты дәлелін (қолдарына автомат, пистолет, мылтық ұстаған ереуілші топтың өкілдерін) сот үстінде сол күнгі түсірілген бейнетаспадан көре алмадық... Бас Прокурордың тағы бір сөзінде «Орын алған жағдайда полиция жасағы бірнеше рет алдын ала ескертіп, оқ атқаннан кейін, тәртіпсіздіктердің белсенді қатысушыларына табельдік қару қолданған». Егер телеарналардан сол қанды оқиғаның және адамдардың қаза болуының нақты дерегі көрсетілмесе, бұл сөздерге ешкім де көңіл бөлмес деп ойлаймын. Бірақ қашып бара жатқан қарусыз адамдарға пистолетті шірене көздеп, желкелерінен атып жатқан тәртіп сақшыларын барша қазақ көргеннен соң, бұл жолдар – қарапайым жала болып табылады. Сот жүйесі мен прокуратура заң мен әділдікті емес, атқарушы биліктің іс-әрекеттерін (немесе әрекетсіздіктерін) ақтап, соларды ғана қорғады. Демек былтырғы жыл – әділетсіз сот жүйесінің де жылы болды. – Ұлт тағдырына алаңдамасаңыз, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының басы-қасында жүрмес едіңіз. Жалпы қазақ ұлт ретінде ғаламда мәңгі ғұмыр кешу үшін қандай нақты қадамдар жасауға тиісті? – Американың «Тәуелсіздік декларациясының» авторларының бірі, ұлы демократ Томас Джефферсонның «Егер халық надандықта, қараңғылықта отырып, демократиялық қоғам құрамыз десе, оның ешқашан орындалмайтын мақсатқа қол созғаны» деген сөзі бар. Бұл жерде ол «қараңғылық пен надандық» дегенде – саяси көрсоқырлықты айтып тұр. Халықтың басым көпшілігі өздерінің құқықтарын, биліктің орнын, мемлекеттің міндетін айқын білгенде ғана өздері армандаған қоғамды құра алады. Сондықтан қазаққа саяси сауаттылықты меңгеру қажет деп ойлаймын. Биліктің жақсы не жаман болуы мүмкін, басшының ақылды не ақымақ болуы да мүмкін, бірақ қоғамның көзі ашық болса, оларды ауыстыра да алады, жаңа билікті таңдай да алады, өздеріне қажетті жүйені орната да алады. Егер ондай сауаттылық жоқ болса, кез келген билік өзінің ойына келгенін жасайды да, қараңғы халыққа бұның бәрі сендер үшін жасалып жатқан жақсылық деп түсіндіреді. Не болмаса, қазір уақытша қиыншылық, кейін қатырамыз, тағы бір оншақты жыл шыдай тұрайық деген ертегіні тықпалайды. Соны саралай, талдай білетін қазақ қоғамы керек. Екіншіден, қазақтың өзінің арасында бірлік керек. Біз тәуелсіздікті жеңіп алғаннан бері бөлшектенуге кіріскен сияқтымыз; тілге байланысты – нағыз қазақ, шала қазақ, орыс тілді қазақ болып бөлінеміз, дінге қарай – салафиттер, сопылар болып топтанамыз, одан қалса, саяси көзқарасымызға қарай – биліктің жағындағылар, билікке қарсылар болып жіктелеміз. Кез келген топтасу, бөлшектенудің белгілі бір межесі болады, одан өткен соң, бұл топтар жауласауға көше бастауы да мүмкін. Сондықтан халықтың басын қосатын идея, сол идеяны дайындайтын топ, сол идеяны ту етіп көтеретін басшы қажет. Қазақтың ұлт ретінде мәңгі ғұмыр кешуі білікті басшыны дұрыс таңдай алуымызбен де байланысты. – Аға, өзіңіз бір сұхбатыңызда «Тәуелсіздіктің арқасында алғашқы жылдары қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығын қайтадан қайтарып бердік. Ештеңе қалған жоқ», – депсіз. Сонда сіздің ойыңызша Тәуелсіздік біздің елге ауыз толтырып айтарлықтай ешнәрсе бермеді ме? – Тәуелсіздік – сол халыққа тек қана мүмкіншілік береді деп ойлаймын. Әңгіме сол тәуелсіздік арқылы өз ұлтыңның, мемлекетіңнің бағытын анықтап, өз бетіңше шешім қабылдау және сол шешімді өзіңнің жүзеге асыруыңда жатыр. Қазіргі кезең мен Кеңес өкіметінің қол астындағы 80-90-жылдарды салыстырып қарап көріңізші. Қандай айырмашылық бар? Егер мәселе елтаңба мен әнұранда, туда болса, сол уақытта да әнұран да, елтаңбамыз да болды. Егер мәселе атауда болса, бұрын партия хатшысы дейтін едік, енді әкім дейміз. (Есіңізде болса, тәуелсіздіктен соң барлық облыстық партия ұйымдарының хатшылары әкім болып аталды) Одан ештеңе өзгерген жоқ. Алаштың арыстарының алдарына қойған мақсаттарынан тәуелсіздік орнаған қазақ жерінде тек біреуі ғана толық жүзеге асыпты. Ол – қазақ елінің жеке мүфтиятының болуы. Ұлттық бағыттағы одан басқа бір де бір мәселе шешілген жоқ. Тәуелсіздіктің 20-жылында Мәсімовтің кабинеті алғаш рет мемлекеттік тілде отырыс өткізіпті деп, соған мәз болып отырмыз. Павлодар мен Петропавл – құлдықтың таңбасы сияқты бадырайып әлі тұр. Зар заманда шет ел асқан қандастарымыздың оралу мәселесі де сиырқұйымшақтанып, тоқтауға айналды. Меніңше, дәл қазір көзі ашық қазақ қауымының ми қыртысында «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» деген сұрақ жүр. – «Ұлттық мемлекет» деген ұғымды қарапайым халықтың да, билік органдарының да терең түсіне бермейтіндігін жиі тілге тиек етесіз. Сіздің түсінігіңіздегі «Ұлттық мемлекет» қандай? – Ұлттық мемлекеттің шарттарын ойдан шығарудың қажеті жоқ. Оны әлемдік тәжірибеден анық көреміз. Израиль, Жапонияларды былай қойғанда, өркениетті, демократиясы дамыған, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттердің (Франция, Германия, Италия, т.б.) барлығы дерлік – ұлттық мемлекеттер. Мемлекеттің ұлттық болуы да адамзат тарихынан, қоғамның даму заңынан шығады. Рулық кезеңнен – тайпа пайда болса, ол кейіннен тайпалық одаққа ұласады. Дамудың келесі бір сатысында тайпалық одақтар біртұтас халыққа айналады. Ал халық тарихи кезеңдерде тығыз араласа келе ұлтқа айналып, ұлттық дамудың ең жоғары кезеңінде өзінің мемлекетін құрады. Қазақ халқы да осы жолдарды жүріп өтті...бірақ «Қазақ елі» деген атауды алуға шамасы жетпей отыр. Ұлттық мемлекеттің көзге анық түсетін ең қарапайым шарттары мыналар: біріншіден, мемлекет құрған ұлттың тарихындағы ұлы күндер, тарихи даталар – ресми түрде мемлекеттік мейрамға айналады. Оны мемлекеттік мейрам (немесе сол ұлттың басына түскен азалы күн) ретінде сол елдегі барлық азаматтар атап өтеді. Қазақ халқы Ресейдің бодандығынан құтылып, жеке ел болса да, қазақ халқының бір де бір атаулы күні мемлекеттік мейрамға айналмапты. Біздің тойлайтын күндеріміз – қолдан жасалған, идеологиялық бағытта белгіленген (Конституция күні, Қазақстандағы ұлттардың тілі күні, т.б,) даталар. Тәуелсіздік үшін халқымыз үш ғасыр күресіпті, 300-ге жуық көтеріліс болыпты, ең болмаса сол күресте жандарын берген ерлерге арналған бір күн жоқ! Қасымыздағы қырғыз бауырларымыздың өздері 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қаза тапқан ерлерін еске алып тұрады екен, бізде ол да жоқ. Екіншіден, өз тәуелсіздігін алған халық өздерінің ұлы тұлғаларының атындағы марапат белгілейді. Орыстарда Ушаков, Нахимов, Суворов сияқты ордендер бар, біздегі марапаттың аттары – «Даңқ», «Парасат», «Құрмет», т.б. Аталарымыздың атының өшуі осылай басталады. Әлде әдебиет саласында «Абай» ордені, ғылым саласында «Шоқан Уәлиханов» ордені шығарылса немесе әскери салада «Кенесары хан» ордені берілсе, бір жеріміз қисайып қалады ма? Дәл осыған ұқсас, әскери бөлімдер мен оқу орындарына қазақтың батырларының аттары берілуі тиіс. Ұлттық мемлекеттердің барлығында осындай дәстүр сақталған. Үшіншіден, мемлекеттің ақшасында да сол ұлттың ұлыларының бейнелері салынады. 1993 жылы ұлттық мемлекеттің бұл шарты бізде де болды, бірақ ұлттық мемлекетке ұқсап кетеміз бе деп қорқып кеткен билік қазақтың ұлыларының орнына кішкентай баланың қолын салуға көшті. Төртіншіден, ұлттық мемлекеттің мектептен бастап жоғарғы оқу орындарына дейін бюджеттен қаржыландыратын барлық оқу орындары тек қана мемлекеттің тілінде болады. Оның қажеттілігін дәлелдеп жату артық болар деп ойлаймын. Бесіншіден, ұлттық мемлекет өзінің сыртқы байланысын, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын тек қана өзінің мемлекеттік тілінде жүргізеді... Тізбектейтін болсақ, ұлттық мемлекет ретінде жасауға тиіс қадамдарымыз көп-ақ.Өркениетті елдерде бай адамдар билікке аяқ баспайды
– Назарбаевтан кейінгі Қазақстанды қалай елестетесіз? – Президенттер келеді, кетеді, ал мемлекет өзінің орнында қалады. Біреуі ұлттың қордаланып қалған мәселесін шешіп кетсе, енді бірі елдің экономикасын көтеріп, халықтың есінде қалады. Тағы біреуі биліктен байлық жасайтын жүйені құрып, жемқорлыққа жол ашып, коррупцияның негізін салып кетеді. Әр басшының кезеңінде өзіндік бір есте қаларлық қоғамдық дәстүр қалыптасады. Меніңше, Назарбаевтың билігінен соң, қоғамға да ұлтқа да қауіпті екі мәселенің қалуы мүмкін. Біз бүгіннен бастап, осы екі қауіптің алдын алуымыз керек. Біріншісі – биліктің байлыққа жол ашуы. Өркениетті елдерде бай адамдар билікке аяқ баспайды. Кәсіпкерлерге биліктің қажеті жоқ, тұрақтылық пен мемлкеттің заңдарының қалтқысыз жүзеге асуы ғана керек. Олар өздерінің кәсіптерін дамытып, тиынды теңгеге айналдырады, ал мемлекеттік шенеуініктер халыққа қызмет көрсетіп, жалақымен күн көреді. Мемлекеттік жұмыстан, айлық жалақыдан ешкім де байымайды. Ал біздің қоғамымызда билікке жақындамасаң – байлық та жоқ. Не ақшалы жерде (бұл жерде «ақшалы» деген сөз жалақыны білдірмейді..., майлы орынды білдіреді) жұмыс істеп байлыққа жету керек те, немесе жақындарының бірі үлкен бастық болуы шарт. Байлыққа баратын жолдың аты – билік. Екіншісі – қазақтың табиғатында жоқ жарамсақтық пен жағымпаздық, ашығын айтсақ, жеке басқа табынушылықтың гүлденуі. Қысқасы, Назарбаевтың билігі тұсында біздің ұлтқа жағымпаздық деген дерт келді. Мен қазақ ұлтының болашағын осы бір індеттен тыс елестеткім келеді. – Әлі де мемлекеттік тіл мәселесінің аясындағы түйіннің тарқатылар түрі көрінбейді. Қазақ тілінің тынысы сіздіңше қашан, қандай жолдармен кеңеюі мүмкін... – Қажеттілік болмаса, тіл ешқашан дамымайды, аяғынан тұрмайды. Ал тілге деген қажеттілік екі жолмен ғана жасалынады. Біріншісі – заң арқылы қажеттілік жасау, бір сөзбен айтқанда азаматтардан қоғамдық өмірдің барлық саласында сол тілді қолдануды талап ету. Екіншісі – «Прибалтика тәсілі». Бұл тәсіл Прибалтика елдері өте тиімді қолдана білді. Оның негізінде адам құқығы мен еркіндігін мойындау жатыр. Олар орыс тілінде сөйлеген адамға не жауап бермейтін болды немесе өздерінің мемлекеттік тілдерінде жауап береді. «Мен сенің сөйлеу тілін таңдау құқығыңды сыйлаймын, бірақ сен де менің қай тілді қолдану құқығымды сыйлай біл». Орыс тілді азаматтар ренжіді, айқай-шу көтерді, халықаралық ұйымдарға арыз берді, бірақ латыштар да, эстондықтар да өздерінің ұстанымын өзгерткен жоқ. Ең бастысы, Европадан келген Адам құқығын қорғау комиссиялары да олардың іс-әрекетінен ешқандай құқық бұзушылық таба алмады. Олар орыс тілділердің сөйлеу құқығын бұзған жоқ, тек өздерінің сөйлеу құқықтарын пайдалана білді. Егер мемлекет өзінің мемлекеттік тіліне заң жүзінде қажеттілік туғыза алмаса, қазақ халқы екінші тәсілге көшуі керек деп ойлаймын. Әрине, бұның барлығы халықтың бір кісідей жұмыс істеуінде ғана өзінің нәтижесін береді. Бұдан басқа жолды көре алмай тұрмын – Бүгінде республикамыздың аймақтарындағы қазақ мектептерінің санын көбейтуге не кедергі болып тұр? – Қазақтардың қазақ тілінің болашағына деген сенімдерінің жоқтығы бөгет болып тұр. Қазір қазақтың үш баласының біреуі орыс тіліндегі мектепке барады. Оның барлығын біреулер қолынан жетелеп алып барып жатқан жоқ. Көрсоқыр ата-аналарының өздері апарып береді. Әрине, орыс тілді аймақтарда қазақ тіліндегі мектептерге деген көзқарас сын көтермейді, бірақ қазақ тіліндегі мектепке беремін деген азаматтың бетін ешкім қайтара алмайды. Теміртауда қазақ мектебін ашу үшін облыстық білім басқармасының бастығының соттасуы – жергілікті билікте де қазақ азаматтарының жеткілікті екендігін көрсетеді. Екінші тосқауыл – сол аймақтардағы мемлекеттің тілдің жағдайы болар. Қазақ тілінде қозғалыс жоқ болса, қазақ тіліндегі мектептер де көбеймейді. Елді аралап, «Ел боламын десең – балаларыңды қазақ тіліндегі мектепке беріңдер!» деп үгіт-насихат жүргізетін ұлттық ұйымдарды да көрмейсіз. (Олар Алматыдан шықпай, интернетке бірін бірін сынап мақала жазудан аса алмай отырған сияқты) Құдайға шүкір, әр ауылда «мен-қазақпын» деген азаматтар бар, солардың жігер күшінің арқасында қазақ мектептері жыл сайын көбейіп келеді. Қазақ мектебінің санын көбейтудің тағы бір жолы – аралас мектептерді жоспарлы түрде қазақ мектептеріне айналдыру болып табылады. Кейбір облыстарда бұл жұмыстың нақты қолға алынғаны қуантады. – 2011 жылы қабылданған дін туралы заң еліміздегі діни ахуалға қандай да бір оң ықпалын тигізді ме? – Жоқ, менің ойымша діни ахуалға ықпал ететіндей заң қабылдай алмаған сияқтымыз. Оның басты себебі – біз уақытты жіберіп алдық. Ағылшындарда «аттар қашып кеткеннен кейін атқораның есігін жаптың не, жаппадың не?» деген мақал бар. Сол сияқты жиырма жыл бойы қараусыз кеткен діни салаға мүлдем басқа, нақты да, қатаң заң керек болатын. Екіншіден, сасқан үйрек артымен жүзеді дегендей, біздің заң шығарушылар өзіміздің мұсылман дінін ұстанушыларды тежейтін баптарды кіргізуге күш салды. Меніңше, бұл заңдағы ең басты мәселе – қазақ жеріндегі миссионерлікті тоқтату болуы керек еді. Дінді білмейтін, пұтқа табынып жүрген Африка не Амазониядағы жабайы тайпалар үшін дін таратушылар керек те шығар, ал 75 пайызы мұсылман дінін ұстанатын қазақтың жеріне келген миссионер – дін таратушы емес (құдайға шүкір, дініміз бар ғой!) ата-бабалардың дінінен аздырушы ғана болып шығады.Қазақ елінің түндігін жауып, есігін байлап қоюға болмайды
– EXPO – 2017-ні – Қазақстанның тарихи жеңісі деп, бөркімізді аспанға атқанымызбен, шығатын шығын да шаш етектен болғалы тұр. Сіз қалай ойлайсыз, EXPO – 2017 Қазақстанға не береді? – Жаңа мемлекетке халықаралық бедел керек – бұған ешкім дау айта алмайтын болар. Қазақ елінің таныла берілуі – сыртқы саясатымыздың бір міндеті. Сондықтан Азиялық ойындар болсын, ОБСЕ саммиті болсын, ЭКСПО болсын қазақ туының көзге түсуі деп білемін. Егер ЭКСПО болмаса, жебірлік тоқтап қалады, халықтың ақшасы шашау шықпай сақталады деп ешкімді сендіре алмайсың. Әрине, билік бұл жеңістерді дуылдатып, тойлатып көрсетеді және ішкі қиыншылықтарымыздың тігісін жатқызуға да пайдаланады, өздерінің де беделін көтереді, бірақ оған қарап Қазақ елінің түндігін жауып, есігін байлап қоюға болмайды. – Саясаттан басқа сізді қандай нәрселер қызықтырады? – Бала жасымнан саяхатшы болуды армандадым. (Әлде екі сөздің де алғашқы буындарының ұқсас болғандығынан ба...) Әлі де болса, жаңа жерлерді, жаңа елдерді көргім, аралағым келеді. Мылтығымды құшақтап, дала кезгенді ұнатамын. Меніңше, бұлардың барлығы қолымнан келетін қызықтар, тек қана көңілің жай болып, арқаны кеңге сала білу керек. – Сіздің байлыққа, лауазымға, атақ-даңққа қызықпайтыныңызды білеміз. Сіз үшін өмірдегі құнды нәрсе не? – Шынымды айтсам, «өмірдің құндылығы» сияқты философиялық мәселеге ешқашан ой жүгіртіп көрмеппін...Мүмкін, мен үшін басты құндылық – менің еркіндігім шығар. Еркін адамның ғана өзінің ой-пікірін ашық айтуына, алға қойған мақсатын жүзеге асыруына мүмкіндігі бар деп ойлаймын. – Өмірде қандай нәрсеге өкінесіз? – Мен өкініші жоқ адамдардың қатарына жататын шығармын. Оның себебі – менің қанағатшылдығым. Тағдырды – Алланың жазуы деп білетін фаталистерде өкініш болмауы керек. Бірақ әке-шешемнің ерте кеткеніне, оларға немерелерінің қызығын көрсете алмағаныма қатты назаланамын. – Біреудің көңілін қатты қалдырған кезіңіз болды ма? – Мүмкін, болған да шығар. Біз кейде өзіміздің сөзімізбен, іс-әрекетімізбен, басқалардың көңіліне қаяу салғанымызды білмей де қаламыз. Бірақ, өз басым, ешкімнің де көңілін қалдырмауға тырысамын. Кейбіреулер, «саясат дегеніміз – күрес. Ол жерде ешкімнің көңілін қалдырмай жұмыс істеуге болады ма екен» деп таңдануы да мүмкін. Егер саяси қарсыласыңды жау есебінде көрмей, өзіндік бағыты бар бәсекелесің ретінде қабылдасаң, оның пікірінің сенің ойыңмен үйлеспеуінің – өмір заңдылығы деп түсінсең, саяси мәдениетті ұстана білсең болғаны. Бұл әлсіздікке жатпайды. Өзіңнің ұстанымыңды жүзеге асыру үшін, біреудің жағасынан алып, не біреуді боқтаудың қажеті жоқ деп білемін. – Сіз отбасында қандай әкесіз? Жалпы отбасыңызға, ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңізге көптеп көңіл бөлуге тырысасыз ба? – Шамам келгенше жақсы әке болуға тырысамын, бірақ бағамды балаларымның бергені дұрыс шығар. Отбасына көп көңіл бөлемін, бірақ бәрі де уақытқа тіреледі... – «Болашақ – жастардың қолында» деп аға буын өкілдері жастарға үлкен үмітпен қарайды. Жастар осы сенімнің үдесінен шыға ала ма? – «Болашақ – жастардың қолында» екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Бірақ сол жастардың қандай болып шығатыны – біздерге байланысты. Өзімізден әл-қуат кете бастаған сайын, үлгіре алмаған не жеріне жеткізе алмаған мақсат мүдделерімізді жастар атқарады деп үміттенеміз. Біздің қатарымыздың (90-жылдарда саяси-қоғамдық жұмысқа араласқандар) ең үлкен кемшілігі, қателігі – өзімізден кейін саяси сахнаға шығатын жастарды тәрбиелеуді қолға алмағанымыз. – Тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет!Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА
www.qazaquni.kz