Қазақтың қазанының қаспағы

  ...«Естімеген – елде көп»... «Жалдамалы журналист» деген тіркес шы­ғыпты. Орысшасы мүлдем қорқынышты: «Кил­лер-журналист»! Ілгеріректе: «Жазушы (яғни, «журналист» десеңіз де қателеспейсіз) – адам жанының инженері» дейтін еді. Қалам ұстаған әрбір қазақтың баласы адам жанының мыңқатпарлы иіріміне үңіліп, «ин­женер» болуға тырысатын... Сөйтсек, бүгінгі таңда адам жанын зерт­тейтін инженер емес, адамның жанына жара салатын жалдамалылар дайындалып жатыр екен. Қазіргі журналист – құрастырып-құ­раушы қаламгер емес, қиратып-құртудың майталманы болып шықпақшы... Сірә, «Адам жанының инженері» атану үшін – Қазақ ұлттық университетінің «жур­на­листика» факультетін тәмәмдау керек бол­са, «Адамның жанына жара салатын жалда­малы­лық» үшін – аудандық университеттер те жетіп қалар?!. Әйтпесе, баспасөзде сөзі сұйық, ойы ұйық, мағынасы жоқ, мәні солғын мақа­ласы­мақтар қаптар ма еді... Қазақ еліндегі мемлекеттік деңгейде ойлап, ұлттық тұрғыда толғанатын мемлекеттік қыз­меттегі кадрлардың күретамырына «жалдама­лылардың» көмегімен балта шабылып, бүгінде жұрт сөзіне сенетін әкім, халық уәжіне құлақ асатын министр қалмай барады... Соңғы кезеңде «жалдамалылардың» құ­дайы беріп, жаңа салаға «заказ» алған сы­ңай­лы. «Мұртын мұнаймен майлаған» (Бауыржан Халиолла) салаларды түгендеп-тазартып, тия­нақты тәртіп орнатып қойғандай, жалдама­лылар ендігі жерде нені бүлдіріп, нені сын­дырып қойғанын қайдам, ауылға алаңдайтын жалғыз қазақы уәзір Асылжан Мамытбековке «қол салыпты»... Осыдан бірқыдыру уақыт бұрын Елбасы «мұртын мұнаймен майлаған» салалардағы жас шенеуніктер туралы: «Бұлар өздерінің не үшін отырғандарын да білмейді!» – деп, әділ сын айтып еді. Кім білсін, Американың арсыз­дығын абайсызда «жұқтырған» шөпжелке бі­реулер нанотехнологияны – «тезірек министр болумен» шатастырып алды ма екен, әйтеуір, кеңестің қажырлы комсомолы мен талапшыл коммунисінің көзін көріп, темірдей берік тәр­тіп пен құрыштай бекем тәрбиесін алған аға­ларына бөрінің артындай шулап, бас салыпты. Әлде, скотч ішкіш сабаздарды зейнетке шы­ғып, «бейнетке» былқыған өктем көкелері өкірештендіріп, айтақтады ма?!. Әйтпесе, титтейінен толағайдай топ жарып, қай қызметтің де көркін қыздырған Асылжан Мамытбеков үкіметтің үркердей тобының тобылғысындай бағыт-бағдары мен болжам-толғамы биік, тәлім-тәжірибесі мен білім-білігі мол, кісілігі мен кішілігі кәміл, белді де белсенді мүшесі емес пе?!. ...Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде қар­жысы мен қуаты кем саланың ұны мен наны­ның ақысын өсірмей, ұстап тұру оңай ма?!. ...Құдайдың берген ұшан-теңіз астығын пәрменді көмексіз жалғыз Мамытбеков екі қол, бір күрекпен жинап-теріп, бастыра ала ма?!. Күнделікті ішіп-жем мен азық-түліктің нарқында қытайдың тау бұзатын арзан бағасы мен орыстың опырып түсетін жоғары сапа­сына қасқая қарсы тұруға дәрмен жеткізу же­ңіл ме?!. Қайсыбір саланың батпанқұйрық басшы­лары қазақтың байлығын қытай мен жөйтке, орыс пен үндіске пұлдап, емін-еркін «үрлеп ішіп, шайқап төгіп» жүргенде, ауыз судың қамын күйттеп, Су ресурстары комитетінен 300 млрд теңге үнемдеу – кез келгеннің қолы­нан келетін шаруа ма?!. Қазақтың миллион гектар жері қара қы­тайға жалға өтіп кетерде, долы дауылға кеуде тосып, қарсы тұруға кімің шыдап бағады?!. Ауылшаруашылығы уәзірлігі – көлденең шөпті көсеп алмайтын қағазбасты мекеме емес. Халыққа нан тоқсан сайын, жыл сайын емес, күн сайын керек, яғни, ауылшаруа­шы­лығының жұмысы бір сәт те кідірістеуді ке­шірмейді. Егін салып, мал өсіру – қажырлы еңбек, тынымсыз қимыл, толассыз тер төгумен ғана жемісін береді. Бұл салада бос сөз, құр уәдемен құтыла алмайсың. Авраам Линкольн­нің: «Можно дурачить часть народа все время, можно дурачить весь народ некоторое время, но, нельзя дурачить все время весь народ!» де­гені – дәп ауыл шаруасының белшеден батқан бейнетіне бағытталған сияқты... ...Әрине, қазақ қоғамының шешуі күрмеулі мәселелері жетерлік. Бәлки, күрмеудің бір қиын түйіні – құнды кадрлардың қадірінің кетуінің кесірінен мемлекетті тиімді басқара алмауда жатқан шығар... Сондықтан, шындықты шаранасында тұншықтырып, ақиқатқа қарсы оқ атпай, қазақ үкіметіндегі халықтың әл-ауқаты құлдырауына тосқауыл қоя алатын Ауылшаруашылығы ми­нистрі Асылжан Мамытбеков секілді санаулы да сауатты басқарушылар мен қарымды қаржыгерлердің қадірін білгеніміз абзал. Сөз жоқ, ер-азаматқа жоғары лауазым да, ауқатты тұрмыс та керек. Әйткенмен, жалпақ жұртымызға «мұртын мұнаймен майлаған» емес, қазақтың қазанының қаспағын қырған қазақтың қара баласының қажырлы еңбегі қымбат саналуы керек.                 Құлтас Достан