Азат Перуашев: Конституциялық заңның деңгейінде "парламенттік оппозиция" ұғымы енгізіледі
2020 ж. 06 мамыр
1079
0
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев парламенттік оппозицияға қандай құқықтар беру ұсынылып отырғанын айтты, деп хабарлайды Теngrinews.kz тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңына толықтыру енгізу туралы" конституциялық заңның жобасы талқыға салынды.
Азат Перуашевтің айтуынша, заң жобасының мақсаты - оппозиция өкілеттілігі мен заңнамалық тұрғыдан "парламенттік оппозиция" туралы ұғымын енгізу, құқықтық кепілдіктер беру.
"Конституциялық заңның деңгейінде "парламенттік оппозиция" ұғымы енгізіледі. Заңдағы басқа нормалармен парламенттік оппозициямен мына құқықтық кепілдіктер беріледі: парламенттік тыңдауда сессиясына 1 реттен кем емес мемлекеттік және қоғамдық өзекті мәселелерді талқылауға ұсынуға, парламенттегі үкімет сағатында сессиясына 2 реттен кем емес күн тәртібін анықтауға, оппозиция келіспейтін үкімет заң жобаларына балама заң жобасын ұсыну және тағы басқа", - деді ол.
Сонымен қатар, депутат парламенттік оппозиция өкілдеріне ресми жиындарға қатысуға мүмкіндік берілетінін жеткізді.
"Конституциялық заңның кепілдігімен оппозиция фракциясының басшысына немесе өкіліне Парламенттің біріккен отырысы, Мәжілістің жалпы отырысы, комитет отырысында, жұмыс тобына, парламент тыңдауларында және Парламент қабырғасында өтетін басқа барлық шарада сөз сөйлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл - жалпы маңызды саяси реформа екенін көрсетеді. Оппозицияға, балама көзқарас иесіне өз ойын халыққа жеткізуге мүмкіндік беріледі", - деді Перуашев.
Депутаттың пікірінше, оппозиция қоғамды алаңдататын проблемаларды көшеде емес, парламент қабырғасында көтеруі қажет.
Осы орайда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз пікірін білдірді.
"Енді заң бойынша парламенттік оппозиция кемінде бір рет осы біздің парламенттік тыңдауға бастамашы болуға мүмкіндік пен кепілдік береді. Мұндай бұрын болмаған. Енді біз оны заң бойынша енгізіп отырмыз", - деді ол.
Заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.