Түрлеріңіз қазақ, ауыздан шыққан сөздің ешқайсысы да мемлекеттік тілде емес
ҚР Парламенті Мәжілісінің 22-сәуірдегі жалпы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері туған тіл өзімізге керек болмаса, жаттың жаны ауырмайтынын айтып сөз сөйледі. Сол күнгі депутаттық сауалдардың дені ресми тілде айтылғанына тоқталған Бекболат Қанайұлы ең болмаса ұлты қазақ депутаттардың сауалды мемлекеттік тілде айта алмағанына қынжылды. Төменде Бекболат Тілеуханның сөзін қаз-қалпында ұсынып отырмыз, деп хабарлайды "Ана тілі" басылымы.
«Қадірлі әріптестер! Депутаттық сауал қоймаймын. Мені дұрыс түсініңіздерші. Депутаттық этикаға қайшы сөз де айтып жатқан жоқпын. Тіпті сіздерді түзеп, болмаса күстәналап та жатқаным да жоқ. Айтқым келгені – жалпы қазақ тілінің мәселесі жайындағы өтініш. Осымен екінші отырыс. Мемлекеттік тілде депаутаттық сауал беру рөлден айырылған секілді бір күй бар. Өткенде алты-жеті депутаттық сауал болды. Біреуі де қазақша айтылған жоқ. Бүгінгі алты сауалдың бесеуі мемлекеттік тілді қажетсінбеді. Мен бұл жерде Елбасының сөзін айтқым келеді: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейді ғой. Ұлты қазақ депутаттар, сол сауалды қазақша айтуға болатын еді ғой. Депутаттық сауал табан астында, импровизациямен жасалатын сөз емес, не болмаса диалогтың арасында айтылатын әңгіме емес. Үлкен дайындық, терең зерттеуден соң сөз аласыздар ғой. Көмекшілеріңіз, аударма бөлімі бар. Сырттай телевидениеден қарап отырғандар «Мынау Нұр-Сұлтанда болып жатқан жиналыс па, Улан-Удедегі жиын ба?» демей ме? Түрлеріңіз қазақ, ауыздан шыққан сөздің ешқайсысы да мемлекеттік тілде емес.
Енді қараңыз, қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Ол өгейдің күйін кешетін болса, басқа жерде жағдайы не болмақ. Өткен жолы Нұрлан Зайроллаұлы, сіз Наринэ Микаелян тұтас қазақша сөз сөйлегеннен кейін оның мемлекеттік тілдегі сауалына жөнді жауап бере алмаған шенеунікті сынға алдыңыз. Елдің осы мәселеге байланысты ризашылығында шек болған жоқ.
Сіздер айып етпеңіздер, құрметті әріптестер. Қазақ емес, қазақша сөйлей алмайтын адамдарға ешқандай қинау жоқ. Қазақ депутаттар, сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар ғой. Бұл өтініш, ағайын. Дұрыс түсініңіздер, әріптестер. Бұл сіздерді күстәналайын деп, қорлайын деп жатқан сөз емес. Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын депті ғой баяғыда біреу. Сондай бір сөз еді…».
Депутаттың бұл пікіріне Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин «Айтатын кезде айту керек, дұрыс» деп реплика білдірді.