Алтау ала болған cоң... «Желтоқсан оқиғасына» не себеп болды?

«Желтоқсан оқиғасы» (көтеріліс деп есептейтіндер үшін – «Желтоқсан көтерілісі») туралы әңгіме көп жағдайда 1986 жылдың 16 желтоқсанында болған 18-ақ минуттық Пленумынан басталады. Ал, осы Пленумның болуына не себеп болды, онда неге Колбин деген қаңғыбас «шүрегей» басшы болып сайланды, жергілікті кадрлар неге есепке алынбады, ҚазССР-і деп аталатын мемлекеттің басшыларының араларындағы бір-біріне деген қарым-қатынастары қандай болды, Орталықтың «озбырлығын» болдырмай-ақ өз араларынан біреуді неге көтере алмады? - деген сұрақтарға тұшымды жауап берілген әңгіме естімеппін. Мені осы оқиғаның қалай болғаны емес, неліктен орын алғаны қатты мазалайды. Қазір қолымда бар үш дерекке сүйене отырып, төмендегідей көзқарасымды білдіргім келді. Оның біріншісі: Д.А.Қонаевтың «О моем времени» деген кітабы (Алма-Ата, 1992 г.).  Екіншісі: Рахат Әлиевтің «Агентство независимых расследований (по материалам личного архива, предоставленным Р.Алиевым)» деп аталатын құжаттан алынған Н.Ә.Назарбаевтың «Желтоқсан оқиғаларын зерттеу» комиссияcына 1990 жылдың 7 сәуірінде берген түсініктемесі. Үшіншісі: «Аңыз адам» журналының №12 (желтоқсан 2010 жыл) санында жарияланған З.Камалиденовтың сұхбаты. Осы оқиға болардың алдында Қазақ ССР-і басшылығында саяси салмақтары  молдау алты адам болған еді (Д.Қонаев, Н.Назарбаев, О.Мирошхин, З.Камалитдинов, Е.Әуелбеков, С.Мұқашев). Олардың сол кезде қандай лауазым иелері болғанын тәпіштеп жатпай-ақ қояйын. Мені мазалайтыны – осы басшылардың арасындағы қарым-қатынастар. Көрсетілген кітабында Д.Қонаев олардың әрқайсысына өзінше баға беріп, кімнің кім болғанын жалпы болса да айтып өткен. Әсіресе Н.Назарбаевтың Орталық Комитеттегі  қызметіне біршама толықтау  баға берген (254-255 беттер). Бұл басшылар қанша уақыт тату-тәтті қызмет жасасқандарын қайдам, ал араларынан үлкен «қара мысықтың» 1986 жылдың ақпан айында өткен Қазақстан Компартиясының XVI съезінен кейін (оған да ширек ғасыр болыпты-ау) жүгіріп өткені - айдан анық. Бұл съезде Н.Назарбаев та, Е.Әуелбеков те, З. Камалиденов те қарап қалмапты. Д.Қонаевтың көңіліне келетіндей біраз сөздер айтылыпты. Бұл туралы Д.Конаев өз кітабының 212-214 беттерінде келтіреді. Н.Назарбаев та осы «мысықтың» қай кезде қылаң бергені туралы былай дейді: «Не секрет, что мои отношения с Д.А. Кунаевым были окончательно испорчены после моего доклада на ХVI съезде Компартии Казахстана. Всех, кто выступил тогда с критикой, он посчитал своими врагами и начал активную их травлю. Он никак не мог понять, что его время и время московских "друзей", на которых он опирался, безвозвратно ушло. Стремясь побыстрее "рассчитаться", Д.А.Кунаев усиленно искал "компроматы" на своих политических оппонентов, в том числе и на меня. Именно в тот период в ЦК КПСС поступило около шести десятков анонимных писем на Н.Назарбаева (Бөліп көрсеткен мен – Н.Е.). И хотя ни одно из них при проверке не подтвердилось, Д.А.Кунаев требовал у Политбюро ЦК КПСС санкции на снятие с работы Председателя Совмина республики. Подобные "меры" принимались им и по отношению к другим товарищам. Когда же задуманное не удалось, он решил осуществить свою месть другим способом, а именно воспрепятствовать кому бы то ни было из местных кадров, "рвущихся", как он считал, к власти, занять его место на посту первого секретаря ЦК. Так и родилась версия о якобы объективном отсутствии в республике подготовленных к руководящей работе людей». Осы алпыс шақты домалақ арызды кімдер, не үшін жазды екен? Не де болса бұл әрекеттер ауызбіршілікке апармайтын еді. Енді З.Камелетдиновты тыңдап көрелік. «...Кітабымда біраз сырымды аштым. СОКП Орталық комитетіне шақырып, «Қонаев орнына сіз боласыз» деп Мәскеуден әңгімеден өткен адаммын. Оны да жаздым. Журналист: - Бірінші хатшылыққа үміткердің біреуі сіз болдыңыз емес пе? -                     Иә, үміткердің біреуі мен, ал Мәскеуден әңгімеден өткен жалғыз мен ғана. -                     Солай ма? -                     Үміткер – төртеуміз: Әуелбеков, Назарбаев, Камалиденов, Мұқашев. Осы тізім Разумовский үстелінде жатыр дейді... -                     Бұл қай кездегі әңгіме? -                     Шілде айында бәріміз депутатпыз. Мирошхин, Назарбаев және мен. Сессияда отырмыз, бір уақытта бір офицер келді. «Сіздерді Горбачев шақырып жатыр» деді. Бізді сессиядан алып кетті. Назарбаев, Мирошхин, мен – үшеуміз бардық. Горбачевтың қабылдауында адам көп екен. Обкомның, ОК-тің бірінші хатшылары жүр. Сөйлесіп тұрмыз. Бір уақытта бір ірі кісі келіп: «Сәлеметсіздер ме, мен Колбинмін, Ульянов обкомының бірінші хатшысымын», - деді. Ойымызда ештеңе жоқ, амандасып тұра бердік. Ол кетіп қалды. Бір уақытта қабылдау бөлмесіндегі жігітке радиодан: «Казахов в конце», - деді. Барлығы кіріп-шығып жатыр. Бізді ең соңынан қабылдаймын дегені ғой. 30 адамдай болды, солардың бәрінің артынан қабылдады. Сосын сол жерде үшеуміз келістік. Мирошхинге: «Сіз Қонаевтың тікелей орынбасарысыз, сіз бастап жағдайды айтасыз», - дедік. «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз Совмин төрағасысыз, сіз жалғастырарсыз, сосын мен айтам», - дедім. Сосын кірдік, төртеуміз отырмыз. Сосын келіскендей, «Жағдай қалай?» деп сұрағанда Мирошхин бастады. Сөзі көп адам еді, тақырыптан ауытқып, басқа нәрселерді айта бастады. Мен оған: «Көп созбай жағдайды баяндасаңшы» дедім. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан атып тұрып: «Михаил Сергеевич, Қонаевпен істесу мүмкін емес, мен обкомға кетейін» деді. Нұрсұлтанның айтқаны шындық еді. Қонаев сол кезден бізге сенбестік таныта бастаған. Бізді жамандап, құлағына сыбырлағандар да көп болған шығар. Горбачев бізге Димаш Ахметұлының өзінде болғанын, «Тағы бір миллиард астық берейін, сосын зейнетке кетем» дегенін жеткізді. Кейін ойлап отырсам, Горбачев сол кезде бізді бекер шақырмаған сияқты. Колбинді көрсін деп шақырған болуы керек. Демек, Колбинді Қазақстанға жіберуді сол кезден ойластырған болуы керек. Бірақ мені Кремльде жеке қабылдап, «Димаш Ахметұлының орнына сайлайық» деп ұсыныс жасағаны да рас. Бірақ мен «денсаулығым келмейді» деп бас тарттым. Бала кезімде остиемиелитпен ауырып, үш операцияны бастан өткердім. Аяғымды кесіп тастай жаздаған. «Ертең сізді Разумовский шақырады, әңгімелеседі» деді. Бардым, сөйлестік. Қабылдауында екі сағат отырдым. Сұрақтар қойды, бірақ ешқандай ұсыныс болған жоқ. Сосын мен қуанып, ауылға қайттым. Мәскеуде сұрағанда «Қонаев орнына жалғыз лайық адам – Назарбаев» дедім»  (Аталған журналдың 33 беті). Екі сағат бойы не айтты, ауылға неге сонша жүрегі жарыла қуанып қайтты? Түсініп алыңыздар... Бұл басшылардың арасында тағы да қандай  «қырқыстардың» болғанын қайдам, Д.Қонаев өзінің кітабында М.Горбачевпен ара қатынастарының сондай жақсы болғандығын, 1982 жылы 70 жасқа толуы мерейтойына орай М.Горбачевтың жекелей жіберген жеделхатының толық мәтінін келтіре отырып, одан кейінгі азатжолдан басталатын сөйлемінде былай деп қойыпты: «Впоследствии отношение Горбачева ко мне изменилось. Видимо, в Москву стала поступать информация со стороны «двуликих» членов нашего ЦК КПК»  (266 бет).  Сонда, ҚКП ОК мүшелерінің арасында «екіжүзді» адамдардың болғаны ғой... Кімдер екен а?.. Енді, Мәскеудің «шүрегейді» жіберу туралы шешіміне келер болсам. 1986 жылы соңғы рет өзінің Горбачевпен кездескенінен кейін,  бұл туралы Д.Қонаев былай дейді: «В конце разговора  спросил Горбачева о том, кто будет секретарем вместо меня. Он ответил: «Позвольте это решить нам самим» (265 бет). Сонда деймін-ау, соңғы 22 жыл бойы білдей бір мемлекетті басқарып отырып, өз орынын баса алатын жергілікті кадр даярлай алмағаны ма? Меніңше, бұл да алтаудың алалығы... Н.Назарбаев болса: Неприглядную роль в процессах, предшествующих декабрьским событиям, как и непосредственно 17-18 декабря 1986 года, сыграл Д.А. Кунаев. Еще за месяц до V пленума он подал в Политбюро ЦК КПСС заявление об освобождении его от должности первого секретаря ЦК Компартии Казахстана и, зная, кто станет его преемником, не проинформировал об этом членов Бюро ЦК. И не случайно, поскольку теперь известно, что орготделом ЦК КПСС первоначально был предложен ряд кандидатур местных товарищей (Бөліп көрсеткен мен – Н.Е.). Однако, когда о них спросили мнение Д.А. Кунаева, тот дал отрицательный отзыв, заявив, что в республике, дескать, подготовленных людей нет и на пост первого секретаря ЦК надо искать "человека со стороны", - деп келтіреді өз түсініктемесінде. Неліктен оларды Қонаев қолдамады? Тағы да – алауыздық. Қысқаша айтқанда – осы. «Желтоқсан оқиғасының» неліктен орын алғаны түсініктеу болған шығар деп ойлаймын. Ал осы алауыздық оқиғаның орын алуының негізгі себептердің бірі әрі негізгісі деп есептеймін. Алтау ала болмай, бір-бірінің арттарынан Орталыққа домалақ хаттар жазбай, «екіжүзділер» де сол жаққа ақпараттар тасымай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір жұдырық болып отырғандарында, «шүрегей» де жоқ, қаншама қыршын жастың тағдырларын тәлкекке салған оқиға да орын алмаған болар еді.  Ал енді іріп-шіріп, қурап тұрған Кеңестік империяның шалғайына алғашқы түскен оттың тұтануына еріксіз себепкер болған кімдер және осы жалынның жануына әлгі алтаудың қандай үлестері болғаны – мүлдем бөлек әңгіме.

Нағашыбай Есмырзаев                                                

   10.01.2011.