ЫДЫРЫСОВТЫҢ КЕЗЕКТІ ӨТІРІГІ

1
1176

 

 

Қазақ шенеуніктерінің ылғи жал­ған сөздерін мың мәрте естісек те, әрбір жаңа өтірігінің деңгейі мен дәргейіне таң қалудан жалықпай ке­леміз…
Әлемдік өркениеттің сандаған ұйымдарына «қазақ топырағында адам құқықтарын көздің қарашы­ғындай сақтаймыз» деп, ант суын ішіп, мүше болған біздің өкімет басым жағдайда сөзінен тайып, баспасөзге алакөздік танытып, адам құқық­та­рына қырын қарауды әдетке айнал­ды­рып алған сыңайлы. Мысалы, 2009 жылдың аяғында ОБСЕ-ге төрағалық етудің табалдырығында қандай қуат­ты сөздер мен уытты уәделер берілді десеңші… Тіпті, көңіліміз босап, жү­регіміз жібіп кеткен…
Бірақ, осыдан кейін де талай ой­ран­ның куәсі болдық. Әсіресе, қазақ­тың министр дәрежесіндегі шенеу­ніктері алдап соғар Алдар Көсе мен қырықөтірікті Қожанасыр аталары­мызды он орап алды. Бір кезде «Қазақ тілін үйренуге министрлердің миы жетпейтіндігін» мойындап, керек де­се­ңіз, «Қазақ тілінің министрлерге қажет еместігін» «дәлелдеуге» тыры­сып-баққан қазіргі Сыртқы Істер министрі Ерлан Ыдырысовтың таяз­дығына біраз жылдар АҚШ-тағы ел­шілігі қосылып, қазіргі таңда қазақ­тың қас жауы болып алғанға ұқсай­ды…
Қазақ тілінде екі ауыз сөздің ба­сын құрай алмайтын, туған әкесі, қа­зақ көсемсөзі көрнекті өкілдерінің бірі Әбілфайыз Ыдырысовтың бір кі­табы түгілі, бір сөйлемін оқымайтын, шұбар тілді меңгерген, іштен шыққан «шұбар жылан» Ерлан американ сая­сатшылары секілді оқта-текте «еркін ой, ашық сөзін» сездіруге ұмтылатын әдет тауыпты.
АҚШ Конгресінің Thehill.com. сайтында Ыдырысов ыңырана оты­рып, «өтірікті – шындай, шынды – Құдай ұрғандай» етіп: «ОБСЕ-ге төр­ағалық етіп, шексіз тәжірибе жинақ­та­ған Қазақстан қазір БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау Кеңесіне толық­қанды мүше болуға сақадай сай» деп соғыпты…
Өтірікшінің өруінше, «Қазақстан­дағы адам құқықтары Орта Азияның өзге елдеріне қарағанда, анағұрлым жоғары дәрежеде қорғалған. Был­тыр­ғы Жаңаөзен оқиғасының өзіне шұ­ғыл назар аударып, жылдам іс-ша­ра­лар қолданған Қазақ билігі тәртіп­сіздіктерді ұйымдастырған арандату­шы­ларды тауып, ашық та әділ сот өт­кізу арқылы, жазаға тартты. Оның үстіне, Жаңаөзен қаласы мен басқа да кішігірім қалалардың әлеуметтік жағ­дай­ларын өсіріп, өркендету үшін ірі көлемдегі инвестициялар бөлінді»…
Қазақтың нанын жеп, тілін мен­сінбейтін Ерлан Ыдырысов ендігі жер­де «Қазақстан әлемдегі демокра­тиясы қарыштап дамып, адам құ­қықтарына көбелек қонбайтын өрке­ниетті, мамыражай елдердің қатары­на қосылуға тиіс» деп тұжырым­дай­ды…
Әрине, адам құқығын қорғау – адам­зат жаралғалы бері күрмеуі қиын, шиеленісті мәселе болып ке­ле­ді. Демократия да бір күнде басымыз­ға орнай қалатын бақ емес. Бірақ, адамның құқын қорғайтын алғашқы қадам – шенеуніктің шындықты айтуы болса керек.
Баяғыда бір данышпан «Бір рет өтірік айтқан адамға сенуге болмай­ды» деген екен. Ал, өтірікті – өмірінің өзегіне айналдырған адамдарға ше?!.

          Құлтас ДОСТАН

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз